Хабар телеарнасы

Түркияда жүрген отандасымыз хат-хабарсыз кетті

«Астана Хаб» технопаркінің халықаралық агенті Мирболат Құрмашевтің жоғалғаны жайлы ақпаратты әлеуметтік желіде Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин таратты. Оның сөзінше, Мирус есімімен танымал маман зілзала кезінде Түркияның Хатай қаласында жұмыспен жүрген. Алайда табиғат апатынан кейін онымен байланыс үзіліпті. Туыстары мен әріптестері оны іздеу үшін Анадолы еліне аттанды. Бұл жағдайды Сыртқы істер министрлігі растап отыр. Себебі жақындары ведомствоға жүгінген. «Алайда одан басқа із-түзсіз кеткен қазақстандықтар жайлы нақты ресми мәлімет жоқ», — дейді министрлік өкілі. Дегенмен, әлеуметтік желіде Құрмашевтан басқа тағы 3 қазақстандықтың жоғалғаны жайлы ақпарат тарап жатыр.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
-Иә, біздің бірнеше азамат жоғалып кетті деген ақпарат тарап жатыр. Ол үшін сіздерге, бұқаралық ақпарат құралдарына көп-көп рақмет! Өйткені сіздер жедел желінің нөмірін жариялағаннан кейін ол кісінің туыстары бірден хабарласты. Біз бүкіл ақпаратты алып, түрік тарапымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Әрине Хатай қаласындағы жағдайды ескере отырып, ол жұмыс оңай емес. Біраз уақыт алады. Сондықтан барлық туыстарына тек сабырлық сақтасын деп айтқымыз келеді. Қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.