Хабар телеарнасы

Лондонда Димаш Құдайбергеннің тұңғыш жеке концерті өтті

Димаш Құдайбергеннің Лондондағы концерті аншлагпен өтті. Қазақстандық дарынның өнері мен DQ думанын көруге әлемнің түкпір-түкпірінен тыңдармандар келді.

О2 аренасының Индиго залы – Лондондағы ең үздік концерт алаңдарының бірі. Мұнда жаһандық деңгейдегі жұлдыздар өнер көрсетіп, театрландырылған қойылымдардың әлемдік тұсаукесерлері және музыкалық жүлделер табыстау рәсімдері өтеді. Залда ине шаншар орын жоқ. Араларында жанкүйерлер алаңынан ыңғайлы орын алу үшін концертке 6 сағат ерте келгендер де болды. Көрермендер әлемнің 46 елінен келіпті. Концерт негізінен патриоттық рухта өтті. Димаш сахнада халық әндерін орындап, ұлттық аспапта ойнады.

Сапалы дыбыс пен жарық. Жанды дауыс. Мұндай думанды қойылымға азуын айға білеген шоу бизнес өкілдері де қызыға қарары хақ. Естіп-көргеніне тыңдарман да тамсанып отыр. Тек Димаштың әкесі бәйгеге шапқан баласын шеттен бақылап тұр.

Қанат Айтбаев, продюсер:

- Мәдениет министрлігінің және Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің бірлесіп ұйымдастыруының нәтижесінде жүзеге асып отыр. Негізгі мақсат – қазақтың әнін, өнерінің көкжиегін кеңейту.

Сондай-ақ сахнада әлемдік хиттер, авторлық әндер және Димаш үшін ағылшын және қытай тілдерінде арнайы жазылған әндер орындалды. Туындылардың бірін Димаш досы Денис Тенге арнады.

Димаш Құдайберген, әнші:

- Өзімнің арманымдағы істерімді атқардым. Қазақтың халық әндерін орындадым. Көрермендердің сүйіп қалған әндерін орындадым. Сол себептен қазір ерекше көңіл-күйдемін. Өте қуаныштымын.

Қазір Димашқа Канада, Ресей және Оңтүстік Азия елдерінде ән кешін ұйымдастыру туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Продюсерлері болса, лайықты репертуар жасап болған соң әлемді тағы да таңғалдыруға дайын екендіктерін айтады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы