Хабар телеарнасы

Александр Добромелов: Ендігі арманым - Ұлы Жеңістің 70 жылдығын қарсы алу

Дегенмен, бұл тосын сый Теміртау қаласының тұрғыны, майдангер-теміржолшы Александр Добромелов үшін аса ірі оқиға болды. 

Құттықтау хат оқылғанда қарт жауынгер Александр Добромелов қуаныштан төбесі көкке жеткендей болды. Ол мемлекет басшысынан осындай құттықтау аламын деп әсте ойламаса керек. 

Александр Добромелов, ҰОС ардагері  

-Бұл – кәрі жүректі дір еткізер тосын сый болды. Бір жағы толқып, бір жағы бекініп тұрғандаймын. Мемлекет басшының осынау ниеті мен қамқорлығы біздерді қанаттандырып, әлі де өмір сүре тұруға міндеттейтіндей.

Жорық жолдарын Украинадан бастаған Александр Добромелов Румынияны, Венгрияны фашистерден азат етіп, Берлинге дейін жеткен майдангерлердің бірі. Отанды қорғаудағы ерліктері үшін бірінші дәрежелі Отан Соғысы ордені және көптеген марапаттардың иегері. Дегенмен майдангерге «Ерлігі үшін» медалінің орны ерекше. Майдан шебінен маңызды құжатты Орталыққа жеткізуге тапсырма алған жауынгер оқ пен оттан тайынбай межелеген жерге жеткізген. Алайда, ол бұл ісін ерлік деп санамайды.

«Сол сұрапылда берілген бұйрықты уақытылы орындау әр жауынгердің борышы болатын», - дейді ол. Ал Жеңіс хабарын қалай қарсы алғаны арада 70 жыл өтсе де әлі күнге жадында жаңғырып тұрғандай.  

Александр Добромелов, Ұлы Отан соғысының ардагері 

Ол сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жауынгерлер бір-бірін аспанға лақтырып, қуаныштан балаға айналып кеткендей болды. Ол кезде біз кезекті жорыққа дайындалып жатқан едік. Сол кезде сағындырған Жеңіс хабары жетті.

Ол ондаған жылын теміржол саласының өркендеуіне арнаған ардагер. Бүгінде бейбіт өмірдің игілігін көріп отырған майдангер: «Ендігі арманым - Ұлы Жеңістің 70 жылдығын қарсы алу», - дейді.  

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Әлия Сыздықова, Василий Савкин