Жеті күн 29.10.2016 - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Жеті күн 29.10.2016

  • Сенбі, 29 Қазан 2016 21:10
Сюжеттер
1. Елбасы Сауд Арабиясына барды 2. Елбасының жұмыс аптасы 3. Экономиканың 9 айдағы ахуалы
4. Қарқынды құрылыс 5. Үкіметаралық ынтымақ аясы кеңеюде 6. Алматы қаласының әкімімен сұхбат
7. Жаңа жоспар 8. Тәуелсіздік табыстары 9. Алғашқы жерсеріктік телеарна

1. Елбасы Сауд Арабиясына барды

«Кекшіл емес, көпшіл қазақ» дүниенің төрт бұрышымен де тату. Өзгені сыйлайды. Өзі де сыйлы. Құмды-шөлді, даласы мұнайға толы Таяу Шығыстағы ең бай мемлекет Сауд Арабиясымен де сәлемі түзу, ынтамағы берік. Елбасы бұл аймаққа алғаш рет 1994 жылы қыркүйек айында сапарлап барып еді. Сол кездегі король Фахд бен Абдель Азизбен кездесіп, келелі келісімдер жасаған. Мәртебелі Корольдің біздің Мемлекет басшысына көрсеткен құрметіне тағы куә болайықшы.

Сол сәтте қасиетті Қағбаның түбінде тұрып, Қазақстанның амандығын, Қазақстанның өсіп-өркендеуін тілеген Елбасы осы сапарында да елі үшін дұға етті. 1994 жылы басталған ынтымақтастық әлі күнге сәтті жалғасып келеді. Мәселен, өткен жылы алыс-беріс пен барыс-келіс 16 млн доллардан асқан. Ал соңғы он жылда Корольдік тарапынан Қазақстанға құйылған инвестиция көлемі 85 млн долларға жеткен. Айтпақшы, саудиялық іскерлер еліміздің жер қойнауын барлауға 50 млн доллар бермекші. Шикізат, ауыл шаруашылығы саласында да қарым-қатынасты жандандыруға ниетті. 

Медина

Пайғамбар денесін қойнына алған, зәмзәм суы сылдырлай аққан Медина қаласы – күллі мұсылман баласы мінәжат ететін қасиетті шаһар. Сауд Арабиясына жолы түскен Мемлекет басшысы ресми кездесулерді қоя тұрып, алдымен қасиетті Мұхаммед Пайғамбар мешітіне аялдады. Құбылаға бет түзеп, құлшылық етті. Теңдессіз ғибадат үйі-Масджид ан-Нәбауи мешітінің сәулетімен танысты, тамсанды, рухани азықтанды. Парыздың үлкені орындалды, кезек келелі келіссөздерде.

Эр-Рияд

Елбасы ұшағы түн ауа Сауд Арабиясы Корольдігінің Астанасы Эр Рияд шаһарына келіп қонды. Араға 12 жыл салып Корольдікке сапарлап барған қазақ көшбасшысына араб ағайын құшақ жайды. Осыдан 25 жыл бұрын мұсылман елдерінен алғаш болып, Қазақстан Тәуелсіздігін таныған да осы мемлекет болатын. Содан бері арада араздық болған емес.

Қазақстан Президентін арнайы шақырған Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд үзеңгілесі үшін зәулім сарайдың есігін айқара ашты. Сарбаздар сап түзеп, Әнұранымыз әуеде қалықтады.

Бұл – Сауд Арабиясы Корольдігінің жетінші тақ мұрагері. Өткен жылдың басында билікке келген ол елімізбен етене араласуға ынталы. Қос көшбасшы Қазақстан мен Сауд Арабиясы ынтымақтастығының негізгі бағыттарын талқылады. Шара барысында Сауд Арабиясының Королі сауда-экономикалық, саяси және мәдени гуманитарлық байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін аңғартты. Қос елдің лидерлері Қазақ-Сауд Арабиясы қарым-қатынасының келешегі туралы пікір алысты, екі ел мамандары бірқатар келісімдерге қол қойып, байланысты бекемдейтін құжаттарды бекітті. Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық меморандумдарын ерекше айта кеткен жөн.

Бір миллиард 300 миллион доллар. Ислам даму банкі Қазақстанға осынша қаржы құйған. Қаржы институты мұнымен шектеліп қалмақ емес. Болашақта қазақ жеріне тағы 2 млрд АҚШ долларын инвестициялауды көздеп отыр. Жол құрылысы, ауыл шаруашылығы және сумен қамту мәселелеріне басымдық берілмек. Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен Ислам даму банкінің Президенті Бандар бен Мухаммад Хаджар осындай жоспарларымен бөлісті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Бүгін осы жерде кездескеніме қуаныштымын. Бұл лауазымға сайлануыңызбен құттықтаймын. Қазақстан мен банк арасындағы қарым-қатынас тығыз болады деп сенемін. Бұрыннан да біздің қатынасымыз жақсы. Біздің адамдармен кездестіңіз, ой алмастыңыз, біздің жағдайымызды білдіңіз. Қазір мына қаржылық орталық болайын деп жатырмыз. Сіздің банктің қатысатынына сенемін.

Бандар Бен Мухаммад Хаджар, Ислам даму банкінің Президенті

-Жоғары мәртебелі Президент мырза, өзіңізбен кездескеніме қуаныштамын. Мен үшін Ислам даму банкімен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың тұрақты дамып отыруы  үлкен мәртебе. Және Қазақстан мен Банк арасындағы ортақ жобалардың жалпы көлемі 1 млрд 300 млн доллардан асқанын атап өткім келеді. 2015 жылы банк тарапынан 665 млн долларға төрт жоба бекітілді. Болашақта банк Қазақстанның экономикалық жобасына қатысуға ниетті екенін хабарлаймын.

Халықаралық азық-түлік қорының жұмысын ілгерлету мәселесін Елбасы Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Ияд ибн Әмин Маданимен талқылады. Бас хатшы Нұрсұлтан Назарбаевты Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығымен құттықтап, Елбасының аймақтық қақтығыстарды реттеуге бағытталған барлық бастамаларын қолдайтынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті                                

-Енді ынтымақтастық Қазақстанмен өте тығыз. Ыстамбұлда сізбен кездесіп, барлық нәрсені талқыладық. Бізде ғылым, техника жағынан Ислам елдерінің конференциясы өтейін деп жатыр. Менің ұсынысым солай болатын. Сізді қатысады деп сенемін.                                                                                                          

Ияд Ибн Әмин Мадани, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы

-Өзіңіз атап өткендей, келесі жылдың қыркүйек айында Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылыми технология бойынша саммиті өтеді. Біз қазіргі кезде Қазақстанның Сыртқы істер министрімен тығыз жұмыс жүргізіп, саммитті жоғары деңгейде өткізуге барымызды саламыз. Өзіңіз бастама көтерген азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұйым да жұмысын бастады. Қазіргі уақытта Жарғыға қол қойған елдердің саны отыз екіден асты.

Арабиялық Amiantit Group компаниясының Қазақстанмен серіктестік аясын Мемлекет басшысы компанияның вице-президенті ханзада Турки бен Мұхаммад бин Фахдпен кездесуінде сөз етті. Су инжиниринг және мұнай газ саласына арналған құбыр шығаруға мамандалған компания басшысы Елбасына еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуал үшін шексіз алғысын білдірді.

Екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру қажеттігі Қазақ көшбасшысы мен Сауд Арабиясы Корольдігінің аш-Шура Меджлисінің басшысы Абдуллах ибн Мұхаммед Әл Шейхтің сұхбатында айтылды.

Еліміздің сыртқы саясатының аса маңызды бағыттарының бірі Ислам әлемімен достық қатынастарды ұстану болып табылады. Халықаралық қоғамдастықпен жан-жақты ынтымақтастық орнатуға бет алған Қазақстан Үкіметінің сыртқы саясатында мұсылман әлемі елдері лайықты орынға ие болуы табиғи шарт. Бұл қатынастардың негізгі ажырамас бөлігіне араб елдерімен байланысты жатқызсақ қателеспейміз.

Сауд Арабия Корольдігі – әлемдегі ірі мұнай ресурстарын иеленуші және қара алтынды экспорттау жөнінен көш бастап тұрған бірден-бір ел. Дүние жүзіндегі мұнай қорының төрттен бірі осы мемлекеттің жер қойнауында шоғырланған. Мұнай елге экспорттан түсетін пайданың 90 пайызын құрайды.

Екі елдің серіктестігін арттыру міндеті осы азаматтарға жүктелген. Корольдіктегі жетекші компаниялардың басшылары. Миллардтап табыс тауып отырған іскерлер. Кез келген ел үшін қомақты инвестор. Бұларды қызықтырып, қаржы құюға ынталандыру оңай шаруа емес. Алайда Қазақстан ұсынған мүмкіндіктерге араб бизнесмендері елең ете қалды. Шетелдік инвесторлардың корпоративтік табыс пен жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылатыны бос сөз емес. Бұл аз болса, елдегі индустрияландыру, жекешелендіру бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Тау-кен өндірісі, мұнай, газбен ғана емес, Қазақстан  қара және түсті металды экспортайтын мемлекетпіз. Ауыл шаруашылығы, мұнай, химия өз алдына, қаржы және Ислам банкингі атом өнәркәсібі салаларында жұмыс істеуімізге болады. Мен Ислам азық-түлік қорын жасау мәселесін көтердім. Себебі Қазақстанның жері тек қана өзінің 18 млн халқын ғана емес, 100-150 млн елді асырайтын жері бар. Ол жер – сіздердің жерлеріңіздей емес, құнарлы жер. Жалпы алғанда, тек қана табиғи жайылымның өзі  200 млн гектар. Құнарлы жер экологиялық таза. Бірақ оған су жетпейді. Су жер астының бәрінде бар. Құдық қазса, әр құдықтың жанында 2-3 мың қой өсіруге болады. Ол қойды сол жерде өңдеп, сосын оны ұшақпен сіздерге алып келуге болады.

Қазақстанға қалталы инвесторлармен қоса, отандық өнімді саудалайтын нарық та қажет. Сауд Арабия Корольдігінің басым бөлігі – шөл дала. Олар жылына орташа есеппен 22 млрд АҚШ долларына ауылшаруашылық өнімдерін импорттайды. Қоспасыз, таза өнімдерге сұраныс жоғары. Бұл талапты қанағаттандыруға Қазақстанның қауқары жеткілікті. Демек, бұл нарық біз үшін көз тігетіндей-ақ.

Асқар Мырзахметов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі

-Елбасы сапары екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерді деп айтуға болады. Оның бірден-бір айғағы  осы сапардың аясында қол қойылған құжаттар және оның саны. Сол құжаттардың ішінде ауыл шаруашылығы саласына байланысты құжаттарға қол қойылды. Ендігі жерде осы келісімшарт аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді Сауд Арабиясына жеткізу жолдарын пысықтағалы отырмыз.

Елдар Бақпаев, тілші

-Екіжақты қатынастарда жинақталған оң тәжірибелерге қарамастан, Қазақстан-Сауд Арабия ынтымақтастығының әлеуеті əлі де толық іске асырыла қойған жоқ. Бұған экономикалық көрсеткіштер дəлел. Бұл үдерісті тежеп отырған себептердің арасында екі мемлекетті жалғастырып жатқан тікелей көлік дәліздерінің болмауын ашық айтуға болады. Алайда бұл сапар аясында рəсімделген уағдаластықтар арадағы байланыстың күре тамырына қан жүгіртіп, келешегіміздің кемелденуіне ықпал етпек.

Алыс та болса, бұл араб елімен экономикалық байланыс бар, саясатта да дүрдараздық танытқан кезіміз болмады. Халықаралық мәселелерде де ұстанымдарымыз ұқсас. Тек логистикалық қиындықтарды еңсерсек болғаны. Бұл жолғы сапар нәтижесінде құны 60 млрд теңге болатын оннан астам келісімге қол қойылды. Кездесулерді қорытындылаған Мемлекет басшысы меже бұл емес, әлі де байланыс орнататын салалар жетіп артылатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл елдің басшыларымен кездесіп, жүйелі түрде көп мәселелерге келістік. Екі елдің арасындағы іс адамдары кездесті. Біздің үкімет мүшелері Сауд Арабиясы үкімет мүшелерімен кездесті. Жалпы, бізге деген көңіл өте жоғары деңгейде. Барлық жағдайда біздің үміттерімізді орындап отыр. Біріншіден, екі ел арасындағы қарым-қатынасты жол картасына қол қойылды, бағдарлама екі ел арасындағы істік кеңес құрды. Үкіметаралық комиссияны министрлер деңгейіне көтеріп, көп шаруа жасадық. Іс адамдары құны 60 млрд теңге құрайтын 10 контрактіге қол қойды. Бұл тек қана басы деп санауға болады. Қазірдің өзінде 17 Сауд Арабия компаниясы жұмыс істеп жатыр. Оңтүстік Қазақстанда бағасы 90 млн доллардан асатын құс фабрикасы, Астанада металлургия зауыты, құбыр шығаратын зауыттар, Алматыда ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, кен, металлургия, химия жөнінен көп нәрсеге қол жеткіздік.

Бұл басым бағыттар жергілікті басылымдарда жарияланған мақалаларда да жан-жақты сараланған. Сарапшылардың болжамына сүйенген тілшілер: «Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы байланыс бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріледі»,– деп жарыса жазыпты.  Біз де осылай түйіндедік.

Авторлары: Елдар Бақпаев, Жанұзақ Боранбаев, Ержан Қанапияұлы, Алмас Омарғалиев, Хасен Омарқұлов

2. Елбасының жұмыс аптасы

Саудиядан сәтті келісімдермен оралған Елбасы Ақордада кездесулер мен қабылдауларды жалғастырды. 

Қазан айының басында солтүстіктегі көршіміз Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин 400 кәсіпкерін ертіп келіп, кетіп еді. Ал осы аптада екі ел басшысы телефонмен тілдесті. Қазақстан мен Ресейдің серіктестігін, ынтымақтастығын тағы да талқылады. Сондай-ақ Украина мен Сириядағы ахуалды сөз етті. Биылдыққа сегіз рет бас қосқан қос президент алдағы кездесулер кестесін қарастырды.

Осы аптада Мәскеудің экс-мэрі Юрий Лужков Ақорданың құрметті қонағы болды. Нұрсұлтан Назарбаев Ресей астанасын 18 жыл басқарған Юрий мырзаны мерейлі 80 жасымен құттықтап, Астана мен Мәскеу арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегіне риза екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Рад вас видеть сегодня таким крепким, здоровым. Поздравить с юбилеем. Пожелать всего доброго и пожелать продолжать наши добрые отношения. Вы сделали очень много для сотрудничества Москвы с Казахстаном, России с Казахстаном. Самые добрые чувства, добрая память о тех отношениях. И до сих пор продолжаем сотрудничать. Вот как должно быть.

Өз кезегінде экс-мэр де Елбасын және күллі қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, ағынан жарылды.

Юрий Лужков, Мәскеу қаласының бұрынғы мэрі

-Осы жылдары біздің арамызды ешқандай бұлт шалған жоқ. Бұл біздің ықпалдастығымыздың, достығымыздың жемісі деп білемін. Әртүрлі жағдайда, әр кезеңде біз бірге болдық.

Пәкістан билігі ел аумағында 3 тәулік қаралы күн жариялады. Себебі 24 қазанда лаңкестер Кветтадағы тәртіп сақшыларын дайындайтын оқу орнына шабуыл жасап, 60 адамды қырып тастаған. Тағы жүзден астамы жарақат алған-ды. Бұл террорлық әрекетке күйзелген Елбасы Пәкістан халқына көңіл айту хатын жолдады. «Қазақстан терроризмнің кез келген түрін қатаң айыптайды. Қандай мақсатта болса да, жазықсыз қан төгуді ақтауға болмайды. Заманауи сын-қатерлер өршіп тұрған алмағайып заманда біз Пәкістанмен бірге халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға дайынбыз», – деп жазды.

Елбасы қабырғасы қайыса күйзелген көңіл айту жедел хатын Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Дьяченконың отбасына да жолдады. «Отанымыздың нағыз патриоты ретінде өзінің бар ойы мен атқарған ісін Қазақстан Республикасының игілігі жолына арнады. Оның ерен еңбегі жоғары мемлекеттік наградалармен атап өтілді», – делінген жеделхатта.

Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Дьяченко 26 қазанда 64 жасында өмірден өтті. Ол 1952 жылы Ақмола облысының Шортанды ауылында туған. Түрлі құзырлы құрылымдарда жауапты қызметтер атқарған, ғұмырын мемлекет ісімен байланыстарған тұлға еді. 1999 жылдан бастап, халық қалауымен бірнеше шақырылымда депутат болып сайланды. 2010-2012 жылдары Ақмола облысын басқарды. Қайтадан Парламент қабырғасына оралып, өмірінің соңғы сәтіне дейін Мәжілісте адал жұмыс істеді. Саяси ғылымдардың докторы, 100-ге жуық ғылыми жұмыстың авторы Сергей Дьяченконың жүрісі, сөзі, күлкісі енді естелік қана.

Мұнай-газ саласында өнім деңгейі 5 пайызға артты. Соңғы 9 айдағы табыс 405 млрд теңгені құрады. Трансформациялау және жекешелендіру бағдарламалары да сәтті жүзеге асып жатыр. Қазір қор қарауындағы 216 нысан бәсекелестік ортаға шығарылмақ. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Елбасыға берген есебінде осындай цифрларды тізіп берді.

Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев та Елбасыға тоғыз айдың қорытындысын баяндады. Қиын кез артта қалды, жағдай түзелді. Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында экономика 0,4 пайызға төмендеген. Себеп – шикізат бағасының арзандауы. «Қазір экономика еңсесі қайта көтерілді, – деп түйіндеді есебін.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі

-Оған себеп – «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асырылуы және Үкіметтің Ұлттық банкпен бірлесіп атқарылып жатқан антикризистік жоспары. Қазір индустриялық бағдарлама нәтижесінде дайын өнім шығаратын салалар жақсы өсім көрсетіп жатыр.

3. Экономиканың 9 айдағы ахуалы

9 айдың жұмысы Үкімет отырысында да қаралды. Әлеуметтік-экономикалық даму қай деңгейде? Мемлекеттік бюджет қалай атқарылуда? Жауапты басшылар есептеп, баяндап берді. Сонымен Қуандық Бишімбаев инвестиция көлемі 5,1 трлн теңгеге көбейгенін сүйіншіледі. Әсіресе, ауыл шаруашылығында, саудада, өңдеу өнеркәсібінде, қаржы қызметінде айтарлықтай жетістік бар. Сондай-ақ ел экономикасына шетелдік инвестициялар да көп тартылып жатыр. Мәселен, оның көлемі 9 айда 5,7 млрд АҚШ долларын құраған. Жанар-жағармай бағасы да тұрақты. Мысалы, республика бойынша АИ-92-93 бензиндерінің орташа бағасы литріне – 125-127 теңге. Ал дизель отыны шамамен – 129 теңге. «Жанар-жағармай тапшылығы да болмайды», – деп сендірді Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев. Өйткені бүгінгі күні қоймада 133 мың тонна АИ-92, АИ-93 бензинінің, 126 мың тонна дизель отынының қоры сақтаулы екен.

Сәкен Сейітханұлы, шолушы

-Әлем елдерінің экономикасы қиындықты бастан кешіп жатыр. Әсіресе, мұнаймен күн көріп жүрген мемлекеттер. Сол қара алтыны барлардың бірі – бізбіз. Бірақ Қазақстан дер кезінде қабылдаған бағдарламалар арқылы жағдайды жақсартты. Мәселен, 9 айда экономиканың өсімі 0,4 пайызға өскен. Экономиканың дамуына құрылыс саласының 6,9 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,9, көлік саласы 4 және өңдеу өнеркәсібінің 0,6 пайызға артуы түрткі болды.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі

-Инфляциялық процесстер бәсеңдеп, вальюта нарығындағы ахуал тұрақтынып келе жатыр. Бинестің инвестициялық белсенділігі мен елдің халықаралық резервтері өсіп келеді. Сондай-ақ жұмыссыздықтың төмен деңгейі сақталуда.

Мемлекеттік бюджеттің ұқыпты атқарылғаны, Қуандық Бишімбаевтің сөзін нығарлай түседі. Өйткені Бақыт Сұлтанов қазынадан бөлінген қаржының жартысы әлеуметтік салаға, төрттен бірі экономиканы дамытуға бағытталғанын айтты. Сәйкесінше жұмсалған ақшаның қайырымы да көңілге қонады. Дәлірек айтсақ, 9 айдағы кірістер 1 триллион теңгеге жуықтап, макроэкономиканың жақсарғанын көрсетті.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі

-Кірістердің артығымен орындалуы бюджетті нақтылауға негіз болды. Осылайша контрциклдық саясаттың нәтижелері көрінеді. Яғни экономиканы қолдау қосымша салық түсіріп отыр. Бұл салықтар бюджет арқылы экономикаға қайтып келетін болады. Жалпы мемлекеттік бюджеттің кірістері 126 пайызға атқарылды. Оның ішінде республикалық бюджет – 131 пайыз. Ал жергілікті бюджеттер 115 пайызға орындалды.

Дегенмен, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өңірлер бөлінген ақшаның 161 миллиард теңгесін игерген. Әлі қолданбаған 3,7 миллиард бар. Бақыт Сұлтанов болса, жыл соңына дейін аймақтар сол қаржыны толық жұмсайтынына сенеді. Кей аймақ басшылары қазына қаржысын ұқсата алмаса да, Үкіметке алақан жаюын қоймайды. Мәселен, Солтүстіктің әкімі жұрттың әлеуетін ойлап, 30 миллион теңге сұрады. Бірақ ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бұл ақшаны жергілікті бюджеттен де табуға болатынын айтты. Ұлттық экономика министрі облыстарда дәл осындай 64 мәселе бар екенін жеткізді. Оның 27-сі республикалық бюджеттен 222,7 миллиард теңгені қажет етеді. Ақша, көлік және инженерлік инфрақұрылым, сумен қамту, өнеркәсіпті дамыту, қоршаған ортаны қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және ветеринария салаларына керек екен.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі

-Көлік инфрақұрылымы бойынша 5 өңір 78,2 млрд теңге сомасында қаржыландыруды қажет ететін проблемалық мәселелерді енгізді. Ең ірі жоба – Алматы қаласының 6 көшесіндегі жолды жасау. Осыған байланысты Алматы облысының әкімдігі 59 миллиард теңге қажет екенін айтты. Атырау облысының әкімдігі 2016-2018 жылдары 11,3 миллиард теңге сомасында қаржыландыру үшін тағы бір ірі жобаны ұсынып отыр. Батыс Қазақстан облысы өңірдің жолдарын жөндеуге республикалық бюджеттен жыл сайын 7 миллиард теңгеден бөлуді сұрайды. Қызылорда облысы әуежайды жаңғыртуға 0,8 миллиард теңге сұрап отыр. Бәрінің жобалық сметалық құжаты бар.

Бұл ұсыныстар алдағы уақытта жан-жақты зерделенеді. Сөйтіп үкімет пен ұлттық экономимка министрлігі бірігіп, тиісті тұжырым шығарады. Негізгі ұсыныстар жыл басында қаралды. Сол кезде өңірлерді өркендету үшін қыруар қаржы бөлінді. Оның сыртында қыркүйек айында Елбасының тапсырмасы бойынша елдің жайын жақсартуға бағытталған бағдарламаларға тағы қосыша ақша қаралды. Осындай атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесінде алдағы уақытта елдің әл-ауқаты жақсарады. Нақтырақ айтсақ, жыл соңында елдің жалпы ішкі өнімі 0,5 пайыздан асады. Міндетті межені бағындыруға толық мүмкіндік бар.

4 Қарқынды құрылыс

«Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асып жатқанына мысал ретінде бұл жолы Орал қаласын келтірмекпіз. Онда Ұлттық қордан бөлінген қаржыға «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы тұрғын үйлер бой көтерген. Жалпы бұл компания 2016 жылы «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен ел аумағында 326 мың шаршы метр жалдамалы тұрғын үй құрылысын тәмамдамақ. Ал таяуда оралдық 500 отбасы жап-жаңа жалдамалы пәтерлерге қоныстанбақ.

Орал қаласында биыл тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алды. Жыл аяғына дейін шаһарда көлемі 82 мың шаршы метрді құрайтын 13 көпқабатты үй ел игілігіне берілмек. 1427 отбасы  қоныс тойын тойлайды. Бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Мұндай жетістікке «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы болып табылатын Қазақстан Ипотекалық компаниясының қосқан үлесі зор. Жалдамалы баспанаға байланысты мемлекеттік бағдарламаның табысты жүзеге асуы арқасында бұған дейін елімізде жалпы аумағы 500 мың шаршы метр болатын 8 мыңдай пәтер пайдалануға берілген еді. Енді жуырда Орал қаласында да 500 отбасы жалға берілетін жаңа пәтерлердің иесі атанбақ. Әрқайсысы 100 пәтерлік мына 5 үй желтоқсан айында тапсырылады.

Арман Өксікбаев, БҚО Құрылыс басқармасының басшысы

-Орал қаласы бойынша биыл барлық қаржы көздерінен 8 млрд теңге тұрғын үй құрылысы мен сол үйлерге инженерлік коммуникация жүргізуге бағытталды. Жалпы алғанда, жыл аяғына дейін 81 мың шаршы метр баспана тапсыру жоспарланған. Соның ішінде 100 пәтерлік 5 үй және 153 пәтерлік 1 үй «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы Ұлттық қордан бөлінген қаржыға «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынуда. Ол үйлер кезекте тұрғандарға арналса, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына арнап «Бәйтерек» ұлттық холдингі арқылы тағы 4 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл үйлерге қатысты жергілікті атқарушы биліктің міндеті  инженерлік коммуникацияларды тартып беру.

«Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы көпқабатты үйлердің көптеп салынуы тұрғын үй саласындағы түйінді мәселенің оң шешілуіне әсер етпек. Кейін сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана оралдықтардың зор қызығушылығына ие. Себебі бүгінде облыс орталығында 16 мыңдай тұрғын пәтер кезегінде тұр. Солардың бірі – Гүлмайра Берғалиева. Ол мектепте химия пәнінен сабақ береді. Бүгінде жас отбасы ата-анасымен бірге тұрады. Жақында «Қазақстан ипотекалық компаниясы» салған тұрғын үйлерге құжат тапсырыпты.

Гүлмайра Берғалиева, Орал қаласының тұрғыны

-Үйдің кезегінде тұрмын. Негізі мұғалімдер үшін арендалық үй тиімді болатынын білемін. Сол бағдарлама дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан арендалық тұрғын үй бағдарламасы өте керек. Нағыз таптырмайтын бағдарлама деп есептеймін.

Қалада тұрғын үй құрылысының кең өріс алуы өңірдегі құрылыс индустриясының дамуына да септігін тигізді. Себебі «Қазақстан ипотекалық компаниясы» құрылыс барысында жергілікті материалдардың қолданылуына басымдық береді. «Бұл өзімізде өндірілген өнімдерге жол ашты», – дейді құрылысшылар.

Бауыржан Жұмағалиев, құрылыс учаскесінің басшысы

-Осы 5 үйдің құрылысына пайдаланылған материалдардың бәрі жергілікті деп есептеуге болады. Жергілікті болғанда жалғыз Орал емес, Қазақстанның өзінен. Мына шығып жатқан темір бетон «Стройкомбинаттан» алынған. Іргетасынан  бастап жабу плиталары,  баспаларға дейін. Сол комбинаттан шығаратын керамзитоблок тастары әрі жергілікті үйлердің сыртқы қаптаулары, силикат кірпіштері Оралдағы «Батыс Қазақстан қабырға материалдары зауытынан».  

Тұрғын үй құрылысына қатысты мемлекеттік бағдарламалардың жемісін татқан кәсіпорынның бірі – Зашаған кентіндегі құрғақ құрылыс қоспалар зауыты. Әк және гипс сылақтар шығаратын өндіріс орнының 60 пайыз өнімін «Бәйтерек» ұлттық холдингі арқылы салынып жатқан нысандар алады екен. «Өнім сапасы да көңілден шығады», – дейді құрылысшылар.

Амангелді Қарасаев, Құрғақ құрылыс қоспалар зауытының директоры

-Тақтайша желім, шпаклевка, финиш шығарамыз. Оған сұраныс Орал қаласы мен Атырау  облысынан болып жатыр. Құрғақ қоспалар айына 500 тонна шығара аламыз. Өздеріңіз көргендей бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлерге сұраныс болып жатыр.

Серафима Резникова, сылақшы

-Бұл – жергілікті өнім. Шпаклевка, сылақ, гипс. Осы өнімдерден ешқандай айырмашылығы жоқ деп айтуға болады. Қалғандарына қарағанда жақсы жағылады.

2016 жылы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» «Бәйтерек» холодингінің қолдауымен елімізде 326 мың шаршы метр жалдамалы тұрғын үйдің құрылысын аяқтайды. Барлығы 5 жылдың ішінде аталмыш бағдарламаны жүзеге асырудың нәтижесінде 1 млн 400 мың шаршы метр баспана салынып, ел игілігіне пайдалануға берілмекші.

Автор: Ерденбек Жылқайдарұлы

5 Үкіметаралық ынтымақ аясы кеңеюде

Еуразиялық Одаққа мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары Минксте бас қосты. Мақсат – кедендік кодексті талқылау. Тараптар еркін сауда аймағы мен экономиканы дамытуды сөз етті.

Минскте өткен Еуразиялық экономикалық одақтың Үкіметаралық кеңесінің отырысында әріптестік аясын кеңейтуге қатысты бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Биыл Қазақстанның одаққа төрағалық етуі аяқталады. Айта кетейік, төрағалық кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылды ұйымның үшінші елдермен және интеграциялық бірлестіктермен экономикалық қарым-қатынасын тереңдету жылы деп жариялаған болатын. Былтыр қол қойылған Вьетнаммен еркін сауда аймағын құру туралы келісім биыл қазан айында күшіне енді. Одаққа көптеген мемлекет қызығушылық танытып отыр, Қытай, Үндістан секілді елдермен арадағы келіссөздер соның дәлелі. Тараптар сондай-ақ бірлестіктің 2017 жылға арналған бюджеті мен Кедендік кодекс туралы шарт жобасын талқылады. Кодекс жобасы алдағы қараша айында тағы бір мәрте талқыланатын болады.

Минскке жұмыс сапары аясында Бақытжан Сағынтаев ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысына да қатысты. Жиында еркін сауда аймағы туралы шарттың ережелерін жүзеге асыру барысы және ұйымға мүше мемлекеттер тұтынушыларын құқықтық ағарту саласындағы ынтықтастықтық туралы келісімнің жай-жапсары қаралды.

ТМД Үкімет басшылары кеңесінің аясында Беларусь Президенті Александр Лукашенко Премьер-министрлерді қабылдады. Тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін сөз етті.

Бақытжан Сағынтаев Ресей Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведевпен Мәскеуде кездесті. Тараптар өнеркәсіп, энергетика, сауда және экономика, көлік салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ Үкімет басшысы бүгін ЭКСПО-ның құрылыс алаңында болды. Кешендегі бірқатар нысандарды аралады. Қазір бұл жерде құрылысты дер кезінде аяқтау үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

6 Алматы қаласының әкімімен сұхбат

Алматы – Қазақстан Тәуелсіздігінің бесігі. Бүтін бір мемлекеттің тағдырына қатысты ең маңызды шешімдер осы шаһарда қабылданды. 1997 жылдан бері елдің саяси орталығы – Астана. Алайда Алматы республика тынысындағы маңызын жоғалтқан жоқ. Қайта бизнестің, қаржының орталығына айналды. Бүгінде мұнда 60-қа тарта халықаралық ұйым мен трансұлттық компанияның филиалдары бар. Халық саны соңғы бес жылда 1,7 млнға жетті. Есесіне жеңіл көлік те 10 есеге көбейді. Яғни әр 100 алматылықтың 26-сында автомашина бар. Сондықтан шығар, көлік кептелісі мен қою түтін қаланың ерекшелігі сынды. Тұрғын үй қоры да 2 есеге, яғни 42 млн шаршы метрге ұлғайды. Тізе берсек, биыл мыңжылдық мерейтойын тойлаған оңтүстік астанада жақсылық көп. 

Дархан Әбдуахит, тілші 

-Әкімдікте емес, Алматының көшесіне шығып, бізге сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғыс айтамыз. Жалпы біз тұрған жолайрықтың өзі биыл ел игілігіне тапсырылды. Ал мына жол әлі салынады, қателеспесем.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі

-Жол әлі салынады. Өзіңіз дұрыс айттыңыз, осы жылы мына жолайрығы салынған болатын. Елбасы өзі универсиадаға келіп, объектілерді қарап, Елбасының қатысуымен осы жолды ашқанбыз. Елбасы жүргізіп жатқан саясаттың арқасында біз 10 жылдың ішінде 28 жолайрығын салдық.

Дархан Әбдуахит, тілші 

-Жолайрықтар салынып жатыр, жолдар салынып жатыр, бұлар жол кептелісінің азаюына қаншалықты ықпал етті деп ойлайсыз? Осы мәселені қалай шешіп жатырсыз?

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі

-Мысалы, 28 жолайрық қалалық транспорт жүйесінің мәселесін жеңілдетті деп айтуға болды. Бірақ тек қана онымен осы мәселені шешуге болмайды. Біздің қалада 570 мың автокөлік бар. Өңірде Алматы облысынан күн сайын 270 мың автокөлік кіреді, оның бәріне жағдай жасау осы жол арқылы мүмкін емес. Сондықтан біз Еуропаның тәжірибесін алып, біріншіден, қоғамдық транспорт жүйесін дамытып, екіншіден, автобусқа бөлек жол салып, үшіншіден, автотұрақтарды жасау қажет. Сол арқылы да енді қалаға кірген азаматтарымыз тек қана автокөлікті сатып алып, соған тағы салық төлеу керек, бензин алу керек, қай жерге қоятынын ойлау керек. Болашақта біз осы транспорт жүйесін дамытсақ, мүмкін қалаға автобустар көбірек келетін шығар. Оның үстіне өзінің білесіз, метро құрылысы басталды.

Дархан Әбдуахит, тілші 

-Дәл қазір біз Алатау ауданының аумағында тұрмыз. Осы Алатау секілді аудандарды тез арада гүлдендіруге, түрлендіруге, тиісті талаптарға сәйкестендіру қаншалықты қиын, қаншалықты мүмкін?

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі

-Өзіңіз білетіндей 8 жыл бұрын Елбасының Жарлығымен осы аудан қалаға қосылды. Бұрын ол Алматы облысының жері болатын. 8 жылдың ішінде мемлекет осы ауданның дамуына 200 млрдтан астам ақша салды. Мысалы, осы ауданда жаңа 4 поликлиника, 9 мектеп салынды. Қырықтан астам балабақша ашылды. Аудан халқының мәселесін шешеміз деген мақсатпен қазір қала бюджетінің 70 пайыз ақшасын осы Наурызбай мен Алатау ауданына жұмсап жатырмыз. 

Бұл – Алматы Арена. Мына жерге Елбасы келіп, Алматының 1000 жылдығын тойладық. Халықаралық универсиада қойған талап бойынша қауіпсіздік мәселесі өте жоғары деңгейде болуы тиіс. Біз осыны реттеу үшін қазір тиісті құқықтық органдармен қажетті жағдайларды шешіп жатырмыз. 

Дархан Әбдуахит, тілші 

-Универсиада өткеннен кейін атлетикалық ауылдың тағдыры не болады? Кім тұрады бұл жерде?

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі

-Бізде қалада көптеген әлеуметтік жағдайы төмен азамат кезекте тұр. Универсиада өткен соң, мына жердегі 1700 пәтерді кезекте тұрған азаматтарға тапсыратын боламыз. Ол негізі универсиаданың мақсаты деп айтуға болады. Үлкен супермаркет, қызмет көрсету орталығы, пошта бәрі бар. Тек қана шаршы метрді емес, жалпы әлеуметтік ортаны халыққа ұсынамыз

Дархан Әбдуахит, тілші 

-Тек биылдың өзінде Алматы қаласында 100-ден астам жекеменшік балабақша ашылған екен. Егер осы қарқынмен жүре беретін болсақ, балабақша мәселесі толық шешіліп қалатын секілді. Қалай ойлайсыз? 

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі

-«Балапан» бағдарламасының аясында әрбір балаға қосымша ақша бөлген кезде жеке азаматтар балабақшаларды аша бастады. Соның арқасында 100-ден астам жекеменшіктегі балабақшалар ашылып, біз бес мың балаға қосымша балабақшалардан орын аштық. Бірақ 100 пайыз балабақшамен қамтамасыз етеді деп айту мүмкін емес. Неге десеңіз, 20 жылдың ішінде Алматы тұрғындарының саны 1,5 есе өскен. 

Дархан Әбдуахит, тілші 

-Негізгі міндеттердің бірі – жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту. Бұл бағытта не атқарылып жатыр?

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі

-Қалада осы жылы 18 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Мысалы Алатау ауданында Елбасы тапсырамасы бойынша индустриалды зона ашылды. Бізде осы екі ай бұрын жаңа голландық технологиямен теплицалар ашылып, біз қала бойынша қазанақ болсын, қияр болсын, өте үлкен қажеттілік бар, осы теплица арқылы біз 10 пайызын өзіміз қамтамасыз ететін боламыз.

Дархан Әбдуахит, тілші 

-Бұл жерде тұрған аспаптардың бәрі – тұпнұсқа.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі

-Иә, көптеген шетелден және өңірлерден келген азаматтар келіп, оны тамашалауға мүмкіндігі бар.

Дархан Әбдуахит, тілші 

-Универсиада өткеннен кейін алып кететін шығарсыздар?

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі

-Жоқ, бәрі қалатын болады. Қазірдің өзінде қаншама халық көріп, таң қалып жатады. Оның үстіне 3Д форматта көруге болады, естуге болады. Елбасы мультимедиалық дәстүрлі музыка орталығын келіп ашып, домбырада ойнап, әлеуметтік желілерде осы суреттер қойылған, бір түннің ішінде мыңдаған халық соны көріп, риза болып жатты. Елбасы өзінің жеке ойнаған домбырасын осы орталыққа сый ретінде тапсырды. 

Дархан Әбдуахит, тілші 

-Бұл жерде мәдени орталық, біз тұрған мұражайлар, одан кейін кәсіпкерлік бар. Бәрін бір жерге шоғырландыру негізгі мақсат па?

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі

-270 мың машина күн сайын келіп, кетіп жатады. Негізгі біздің мақсатымыз  Алматы облысының азаматтары осы Алатау ауданына демалыс күндері келіп, қайтадан кетіп қалса, Алматы қаласына кірмей, автокөліктердің санын азайту. Негізі полицентрикалық даму – әрбір ауданның өзінің әлеуетін көтеріп, халыққа жағдай жасау.

Дархан Әбдуахит, тілші 

-Биыл жазда қатты жаңбыр жауған кезде қала көшелері мен жер өткелдерінен бастап, су жаңа метроға дейін іші суға толып кетті. Ендігі жылы тағы қатты жаңбыр жауса қайтпексіздер? 

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі

-Қазір біз зерттеу жұмыстарын бітіріп, келесі жылдың бюджетіне қаражат бөліп, болашақта осы мәселеге көңіл бөлетін боламыз. Жаңбыр болсын, өрт болсын профилактикалық үлкен жұмысты жүргізу керек. Сондықтан табиғаттың болжамын қарап, алдын алша біздің жұмыс істейтін техникамыз болсын, адамдарымыз болсын, ең осындай күрделі орындар бар, соған алдын ала техника қойып, келесі жылы осындай оқиғаларға жол бермейміз деп ойлаймын. Үлкен тәжірибе жинап алдық.

Дархан Әбдуахит, тілші 

-Бізге сырт көзге Алматыда өрт көп болатын секілді. Борохолка, Жетісу, Юбилейный дүкені. Өрт қауіпсіздігін сақтау үшін не істеліп жатыр?

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі

-Бақылау саласында біз осы жұмысты күшейтіп, бірінші қабаттарда орналасқан стандарттарға сай емес дүкендерді алып жатырмыз. Немесе иелерімен сөйлесіп, жаңадан ақшасын құйып, жаңа дүкендер салуға жағдай жасап жатырмыз.

Дархан Әбдуахит, тілші 

-Әрине, әкім атқаратын жұмыс көп, бірақ соңғы кезде сіз ерекше мән беріп отырған қандай мәселелер бар?

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі

-Күрделі мәселе – Универсиада. Универсиаданың болашақтағы мұрасы. Біз қаланың қызмет көрсету сапасын халықаралық деңгейге көтеруіміз қажет. Тағы бір мен үшін қойылған үлкен талап – Наурызбай ауданын дамыту.

Дархан Әбдуахит, тілші

-Үлкен рахмет! Аз сөйлессек те, саз сөйлестік деп ойлаймын. 

7. Қазақстан сүт өндірісін қолға алмақ

Жер бетіндегі адам саны 13 пайызға көбейген. Санмен айтсақ, 7,3 млрд. Осы жұрттың 12,5 пайызы сүт өнімдерін үзбей пайдаланады екен. Сөйтіп 2015 жылы дүние жүзінде сүтке сұраныс 13 млн тоннаға жеткен. Ал сүт өндірісі жөнінен Үндістан көш бастап тұр. Әлемде бар сүттің 18,5 пайызы осыларға тиесілі. Сапасы батыс талаптарына сай болмағандықтан, жан-жаққа экпорттауға мүмкіндіктері жоқ. 

Қазақстан басқаның аузын майламасақ та, өзімізді толық жарылқайтын ағарған өндіретін жағдайға жетсек жақсы болар еді. Әйтпесе сүт өнімдерінің басым бөлігін сырттан тасып, ішіп-жеудеміз. Ендеше, қайтпек керек? 

Әсем Әшірхан, тілші

-Кез-келген қалаға барсаңыз, базар жанында сүт сататындарды кезіктіресіз. Үйреншікті жағдай. Дені – қала маңында тұратын ауыл тұрғындары. Қолындағы сүтін сатып, нәпақа табады. Ал сүт сататын орындар жоқтың қасы.

БЛИЦ
-Сүтіңіз қаншадан?

-180-нен.

-Қаншадан? Литрі ме?

-Мен өзім осындай орын жоқ болғандықтан, әр жерде сүт сатамын. Өзім 3 сиыр ұстаймын. Бірақ өткізетін жер жоқ.

Миллиондаған шаруаның басындағы жағдай осы. Аты-жөнін айтпауды өтінген әжей Софиев ауылынан қалаға пойызбен қатынайды. Зейнеткердің күнделікті тірлігі осы. Айтуынша, елді мекенде өнімді қабылдайтын бекет жоқ. Сауған сүтті отбасы ішеді, артылғанын сатады. Сиырға жем-шөп алу қажет. Бір шетінен жабайы сауда.

3,5 млн тонна! Елімізде жылына 1 млн сиырдан 5 млн тонна сүт сауылса, осыншама сүттің қайда кетіп жатқаны белгісіз. Яғни жеке шаруа қожалықтарында сауылатын өнім. Бұл дегеніміз – елімізде жеке шаруадан сүт жинау ісі ақсап тұр деген сөз.

Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары

-Бізде Қазақстанда 900 мың тонна сүт жетпейді. Оны енді біз жеке-қосалқы осы сүт фермалары болсын, сол арқылы 5 жылдың ішінде өзімізді қамтимыз.

Мына көрініс көптің есінде. Былтыр көктемде қостанайлық шаруалар сауылған 30 тонна сүтті төгіп, кәсіпкерлер палатасына өкпе-назын айтты. Еңбегі еш кеткен фермерлердің уәжі сүт қабылдайтын кәсіпорын өнім жеткілікті болғандықтан, ағарғанды су тегінге сұраған. Аграрлық салаға жауаптылар олқылықты жоюға кірісті. Жыл соңына дейін 150-ге жуық кооперация құрылып, 100-ге жуық сүт жинау бекеті іске қосылмақ.

Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары

-Үкімет жеке қосалқыға ондай субсидия ретінде бермейтін. Жаңа жобада біз осыны жоспарлап отырмыз. 1 литрі осы кооператив арқылы өтсе, ол кооперативке әр литріне 10 теңге төленеді.

Түйткілді мәселе ұжымдасқанда шешілмек. Сүт бекеттері шалғайдағы жекелеген шаруалардың өнімін қабылдап, табыс табуына септігін тигізеді. Екіншіден, сүт өңдеуші кәсіпорын шикізат іздеп бас ауыртпайды.

Серік Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары

-Біздің Қазақстан 5 млн тоннадан астам сүт өндіріледі. Ол негізінде жақсы көрсеткіш. Бірақ оны әрі қарай да дамыту керек.

Жоспар – алдағы бесжылдықта сүт өндірісін 500 млн тоннаға жеткізу. Әзірге елімізде ағарғанның 45 пайызы ғана өндіріледі. Ішкі сұранысты толығымен қамтуға шамамыз жетпегендіктен, қалғанын сырттан тасимыз. Беларусь пен Ресейден жеткізілетін сүттің дені құрғақ әрі майынан ажыратылған. II сүт конгресінде қызу талқыланған тақырып осы. Өнім көлемін еселеуге жайылымдық жерлердің аздығы да кедергі.

Әуезхан Дарынов, Қазақстан фермерлер одағының төрағасы

-Үкімет тарапына біз ұсыныс айтып жатырмыз. Ауылдан 10 шақты 15 шақырымға дейін жерді босатып, елге малына, әсіресе сүт беретін сиырларға жайылым берілуі керек. Сонда жаңағы ел малды көбірек ұстайды.

Бұл шалғайдағы ауыл емес. Сүт конгресі аясында Астанада өткен көрме. Мүйізді ірі қараны бас шаһарға әкелудің қажеті не? Мәселе – сүтті сиырлардың артықшылығын шаруаларға түсіндіру. Сүтті және етті тұқымды бұқалар тез жерсінеді. Тек жем-шөбі дұрыс, қыста қорасы жылы болса жеткілікті. Мысалы, қырдың қызыл сиыры тәулігіне 25 литр сүт береді. Сарапшылар ағарғанды табысты бизнес көзіне айналдырудың қыр-сырын талқылады.

Орталық Қазақстандағы ірі сүт зауыттарының бірі тәулігіне 80 тонна өнім өндіреді. Сүт өңдеуге қажетті озық технологияның бәрі бар. Тауарды экспортқа шығаруға біріншіден, шикізат тапшылығы қолбайлау. Екіншіден, өнім таза табиғи болғандықтан, сақтау мерзімі аз. Ал сұраныс күннен-күнге өсуде.

Ерлан Әшімов, Сүт компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы

-Шикізат жағы жетпей жатыр. Біздің саудамыз өсуде. Шикізат үлгермей жатыр. Сол себептен біз 500-800 километр жерден сүт тасуға мәжбүрміз. Әсіресе қыста үлкен-үлкен қиындықтарды көреміз.

Зауыт басшысы айтуынша, өңірдегі 1800 фермерден литріне 60 теңге төлеп, сүт қабылдайды. Тіпті әрқайсына сүт сауатын құрылғы апарып берген. Жалпы республикада шикізат жетіспеушілігі 60 пайызды құрайды. Барлық жерде ұқсас жағдай.

Жамбыл облысындағы шағын шаруашылық сүт өндіріп қана қоймай, өнімді тұрғындардан жинап жүр. Қожалық иесі 2014 жылы «Ырыс» бағдарламасы бойынша 12 млн теңге субсидия алып, асыл тұқымды сиырды көбейтіпті. Ағарған өтімді болу үшін сапасына мән беру маңызды. Қыстық азыққа жоңышқа, түк сабан, арпа мен кебек дайын. 

Бахтияр Хасанбаев, шаруа қожалығының жетекшісі

-Халықтан жиналған сүт пен өзіміздікін қосқанда, зауытқа күніне 1,5 тонна сүт өткіземіз. Мемлекет литріне 10 теңгеден төлейді. Жаңа жылға таман өндіріс көлемін 2 тоннаға жеткіземіз.

Шикізат мәселесін шешіп, табысқа кенелудің жолы бар. Бәсеке қызған заманда бизнеске жарнама қажет. Мемлекеттің қолдауымен ашылған интернет порталда 200 мың қожалық туралы дерек топтастырылған. Жоба жетекшісі – қарапайым агроном.

Айдос Аманбай, Agrobiz.kz жобасының жетекшісі

-Мысалы, сізге сүт керек болатын болса, осы жерден кірсеңіз «Ең жақын жерде қайда сүт бар?», «Оған қанша километр?», «Қанша бензин кетеді?», «Қанша уақыт жүресіз?». Бәрін көрсетіп тұрады.

Сайттың арқасында тұрғындар «сүт жинау мәдениетін» меңгерген. «Бұрын сауылған сүтті ірітетін ағайын өзгерді, – дейді Айдос Аманбай.

Айдос Аманбай, Agrobiz.kz жобасының жетекшісі

-Сүттен пайда көре бастап еді, малдарын өзгерте бастады. Сүтті сиыр жинай бастады.

Мал шаруасы – ата кәсіп. Өсіре білсең, нәсібі мол. Соның ішінде сиыр бағып, сүтті табыс көзіне айналдыруға бағытталған 3 жылдық бағдарлама қабылданып отыр. Жеңілдетілген несие арқылы сүт қабылдау желісі кеңейтілмек. Үстеме ақы – 6 пайыз.

Яғни зауыттардың өндірістік қуатын 84 пайызға арттырып, отандық өнімді 30-ға көбейтуге сеп. Бұл қосымша жаңа жұмыс орындары мен қазынаға түсетін салық.

Конгрессте айтылған жағымды жаңалық сүт өндірушілердің үмітін қайта маздатты. Фермерлер логистикалық, техникалық қиындыққа қатысты ойын жеткізді. Көп елді-мекен облыс орталығынан шалғайда. Сүтті бүлдірмей жеткізу қиын шаруа. Қазақстан Беларусь секілді шағын мемлекет емес. Сондықтан ауылға жақын көршілес облыс пен ауданды таңдауға мүмкіндік берілмек. Ал бағдарламада айтылған жобаны жүзеге асыру үшін шаруалар бірігуі қажет. 

Авторлары: Әсем Әшірхан, Ернар Сайлаубаев 

8 Тәуелсіздік табыстары

Қойнауы қазба байлыққа толы Қарағанды облысын тек темір мен көмірдің отаны деп танитындар тіптен қателеседі. Сонау кеңес дәуірінен қалған бұл сыңаржақ пікірдің сөгілгені қашан. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде кенді аймақта экономиканың барлық саласы түрленіп, өнеркәсіптегі өнім көлемі 1 триллион теңгеге жетті. Өндіріске әлемнің озық технологиялары жаппай енгізіліп, жүздеген шағын кәсіпорындар іске қосылды. Бұрындары тек шетелден тасып келген тауар түрлерін, енді өзімізде жасай алатын деңгейге жеттік. Тек соңғы 5 жылда «Индустрияландыру картасы» аясында 72 жоба жүзеге асып, 5 мың адам жұмыс тапқан. Ширек ғасырда әлеуметтік нысандардың да құрылысы қарқынмен жүрді. Ал кенжелеп қалған ауыл шаруашылығын әртараптандыруға көштік. Қырдағы жұрт сүт пен еттен дайын өнім жасап, саудаға шығаруға машықтанды. 

Теміртау қаласының байырғы тұрғыны Қуаныш Омашев – отандық өнеркәсіптегі оң өзгерістердің көзі тірі куәгері. Сонау 60-шы жылдары алғашқы шойынды алуға қатысқан ардагер металлург осынау комбинатта табаны күректей 55 жыл еңбек еткен. Қаншама тарихи құрылыста қолтаңбасы жатыр. «Тәуелсіздік алған 25 жылда мұнда алып домна пеші салынып, болатты үздіксіз құятын цех іске қосылды», – дейді ол. Тек соңғы бес жылда ғана индустриалды аймақта 71 жоба жүзеге асып, 5 мың адам тұрақты жұмыс тапқан. Әсіресе машина құрылысы, химия, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика салаларында серпіліс бар. Сөзіміздің дәлелі, облыста 1995-ші жылы өндірістегі өнім көлемі бар болғаны 20 миллион теңге болса, қазір 1 триллион теңгеге жеткен. 

Қуаныш Омашев, ардагер металлург

-1961 жылы мен келгенде бұл «Қазақ зауыты» деп аталатын. Онда осындай прокат цехы болатын. Жұмыстың көбісі қолмен жасалатын. Ал қазіргі технология онымен салыстыруға келмейді. Сұйық болатты тікелей загатовкаға айналдырады. Сонда көп цехтар, көп жұмыс күші, көп техника керек болмай қалды. Сондықтан тиімділігі өте зор деп айтуға болады.

Ілім-білімсіз өндірістің өрге баспасы анық. Тәуелсіздіктің төл құрдасы Нұрсұлтан Жаркенов – отандық ғылымды дамытуға қайтсем үлесімді қосамын деп талпынып жүрген талапты жастың бірі. Ол Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде білім алып, қазір өзі де осы шаңырақта дәріс беріп келеді. Айта кету керек, бұл білім ордасы ширек ғасырда өңірдегі шахта, зауыт, фабрикаларға мыңдаған инженер дайындап шығарды. Қара шаңырақ қазір де дуальды білім беру жүйесі арқылы сапалы мамандарды түлетуде. «Бұл ел экономикасын өрге сүйрейтін саналы жастарды тәрбиелеуге салынып жатқан инвестиция көлемінің жыл санап артып келе жатқандығының көрінісі», – дейді кейіпкеріміз. Бір ғана мысал, Тәуелсіздік алған жылдан бері аймақта 66 білім беру нысаны бой көтеріпті.

Нұрсұлтан Жаркенов, ғалым

-Докторантураға, яғни, ғылыми іссапарларға бізде жағдай жасалған. Алла жазса, ертең мен Словакия мемлекетіне, Братислава қаласына барайын деп тұрмын. Ол жерде маған қойылған міндет қосалқы бөлшектерді есептейтін модельдердің бағдарламасын инновациялық түрде әдіс арқылы ойлап тауып, алып келу. Ол жақтағы әдістерді қалай пайдаланамыз, ол жақта қандай әдістер қолданады, соны Қазақстанға әкеліп, енгізуім керек.

Қуаныш Омашевтың жасы 73-ке келсе де әлі тың, қажыр-қайраты қайтпаған. «Қаралған қапы қалмас» деген қағиданы берік ұстанатын қария аракідік емханаға бас сұғып, денсаулығын тексертіп отырады. «Аз уақытта отандық медицинада толғай табыстарға қол жеткіздік», – дейді ол. 1993 жылы бұл саланың облыстық бюджеті бар болғаны 500 миллион теңге ғана болса, қазір 63 миллиардқа жеткен. Соның нәтижесінде емдеу мекемелеріне заманауи құрал-жабдықтар алынып, күрделі операциялар жасала бастады. Қан орталығы, балалар ауруханасы, кардиология орталығы, Мақажанов атындағы клиникада көрсетілетін дәрігерлік көмектің сапасы шетелдікінен кем түспейді. 

Қуаныш Омашев, ардагер металлург

-Ерте заманды есептегенде, енді 30-шы жылдары қырғын болды ғой. Одан кейінгі уақытта Қазақстанда адамдардың орташа жасы 40-45-тен аспаған. Ал бүгін Қазақстан бойынша орташа жас халықтың 70-тен асып кетті.

Нұрсұлтан Жаркенов болашақ баспанасының құрылысын сырттан бақылап жүр. Қоныс тойын тағатсыздана күткен жас жігіт жаңа үйде жанұя құруды да жоспарлап қойыпты. Қаншама жыл құлазып жатқан бұл мекенде қазір құрылыс жұмыстары қауырт. Қатар-қатар 20 қабатты зәулім үйлер салынып жатыр. Ең бастысы, құрылыс материалдарының барлығы жергілікті зауыттың өнімі. Бас жоспарға сәйкес, келешекте бұл мекен қаланың әкімшілік орталығына айналмақ. 25 жылда осындай екпінді құрылыс өңірдің барлық аудан, қалаларында жүрді. Сәулетшілердің мәліметінше, осы күнге дейін аймақта 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті.

Нұрсұлтан Жаркенов, ғалым

-Мен осы Тәттімбет көшесінде тұрамын. Бұл үйдің құрылысы көз назарымда деуге болады. Күнде бинокльмен қарап тұрамын. Осы үйдің фундаментінен бастап, барлық құрылысын қарап жүрмін. Арманым осы үйдің балконынан қарап тұрсам деймін. «Өз үйім, өлең төсегім»,  дейді ғой.

«Қазір қай дүкенге кірсеңіз де сөрелерде тауардың сан түрі самсап тұр. Бұл да Тәуелсіздіктің жемісі», – дейді қария. Ең бастысы оның көпшілігі өзімізде өндіріледі. Сапасы жоғары, бағасы арзан.

Байқауымызша, ақсақалдың таңдауы отандық өнімде. Себетіне оңтүстік өңірдің жеміс-жидегін, Арқаның шұжығын, Теміртаудың сүт-қаймағын салып алды. Т»ағамды талғап ішу де сергектіктің бір сыры», – дейді ол. Ал бір қуанарлығы, соңғы жылдары аймақта ауылшаруашылық тауарларының түрлері артқан. Тіпті ұлттық сусынымыз қымыздың өзін ұнтақ күйінде шығара бастадық.

Қуаныш Омашев, ардагер металлург

-Адам баласының бір ерекшелігі жаман уақытты ұмытып кетеді ғой. Біздің жас кезімізде, әсіресе, Кеңес үкіметі құлаған кезде нанға кезек болатын еді. Ет дегеніңіз ұшпайды. Комбинаттың машинасына мініп, оншақты машинаны Шымкентке жіберетін едік, содан пияз тасыдық қой. Қантты іздеп Талдықорғанға баратынбыз. Соның бәрі магазинде жоқ болып қалған уақыт болды. Оның бәрі қазір ұмыт болып кетті ғой.

Ұмыт болғаны азық-түлік тапшылығы жойылды. Өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жүйелі жоспары жасалып, 64 инвестициялық жоба жүзеге асты. Жер емген диқандар биыл рекордтық өнім жинап, 1 миллион тоннаға жуық астықты қамбаға құйды. Ал төрт түлікті өргізген фермерлер болса, тек 8 айда ғана 107 миллиард теңгенің өнімін өндіріпті. Алда одан да биік межелер тұр. Тек қаймағы бұзылмаған қазақ елінің берекесі ортаймай, бейбітшілігі баянды болса екен, - деп тілейді ақсақал.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

9 Алғашқы жерсеріктік телеарна

Қазақтың алғашқы жерсеріктік телеарнасы. Әлемдегі 118 елге қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар таратады. 5 миллиардтан астам адамды қамтитын аудиториясы бар.

14 жыл бұрын «Хабар» агенттігінің құрамында «Kazakh TV» арнасы көрерменге жол тартты. Шетел тұрмақ, өз елімізге сигнал тарату қиын кезде шартарапқа ақпар жеткізе бастады. Алғашында Caspionet деген атауымен Каспий аумағына шықты. Кейін Солтүстік және Орталық Америка, Батыс пен Шығыс Еуропа, Австралия мен Океания, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Азия және Оңтүстік Кавказ елдеріне таратылды. 2012 жылдың шілде айында отандық телевизияда баламасы жоқ жерсеріктік арнаның атауы Kazakh TV болып өзгертілді.

Заманға сай жаңарды, түрленді. Бірақ стратегиялық бағытынан айнымады. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында 25-ші қазан күні Kazakh TV эфирге жаңа форматпен шықты.

Kazakh TV өткен тарихты түгендеп, руханиятымызды жаңғыртуға бет алды. Көненің көзіндей болған асыл мұраларымызды дәріптеуге кірісті. Ұлы дала идеясын іске асыру үшін деректі фильмдер топтамасын әзірледі. Қазақстандық экономика мен бизнес, мәдениет пен ғылым, салт-дәстүрді, ұлы даланың әсем табиғатын насихаттауға баса мән беріледі. Жаңа танымдық жобалардың дені ұлттық нақышта. Ал көркемделуі техниканың соңғы жетістіктерімен әрленген.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі

-Ең басты Kazakh TV арнасына қоятын талаптың бірі – елімізді шетелге, аудиторияға танытып қана қоймай, біздің бай тарихымыз бен мәдениетіміз туралы айтып беру. Одан басқа шетелдік инвесторларға Қазақстан экономикасы туралы айтып беру.

Андрей Тараков, Kazakh TV телеарнасының директоры

-Таңғаларлық ғажайып жерлер көз алдымызда. Оны біз байқай бермейміз. Ал оны операторлар арнайы түсіріп берсе, өз көзімізге өзіміз сенбей отырамыз. Қазақстанда қызығатын жерлер өте көп. Біз алда соларды барынша паш етеміз.

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.