ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК
×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 94

Жеті күн 20.05.2017

Жеті күн 20.05.2017
Сюжеттер
1. Бір белдеу, бір жол 2. Қазақстан мен Сауд Арабия қатынасы 3. Елбасы қабылдаулары
4. Уран өнеркәсібі 5. ҰБТ - 2017 6. Рухани жаңғыру

1. Бір белдеу, бір жол

Бұл дүниедегі жеті миллиард жұрт алты мыңға жуық ұлт пен ұлысқа жіктеліп, екі жүзден аса мемлекетті мекен қылып отыр. Сонысына қарай әркімнің әлегі өз алдына. Бірақ балталасаң да, өзгермейтін бір дәйек бар.

Жұмыр басты пендеге бұйырғаны – жалғыз  Жер. Бізде мұнан басқа планета жоқ. Факт па? Факт. Демек, оның тағдыры баршамызға ортақ. Сондықтан адамзаттың жұмылған жұдырық күйінде жұмыс жасағаны жөн.

Жібек жолын қайта жаңғыртудың жайы осы – бір белдеуде бір жолмен бірлесіп даму. Идея айтылды. Жоспар жазулы. Ендігі амал – осы мақсат аясында мүдделерді тоғыстыру. Анығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын шақ туды. Әзірге 100-ден аса ел екі қолды көтеріп отыр. Әрине, оның ішінде құр көтеріп отырғандары да бар. Нақты іске көшуге ниеттілері – тек әлгі санның тең жарымы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Реализация инициативы Шёлкового пути позволяет по-новому позиционировать целые регионы, в том числе Центральную Азию, то, куда относится и Казахстан, в глобальном контексте. Наша география играет в нашу общую пользу. Центральная Азия, как в свой золотой период столетие назад, сейчас получила стратегическое значение, став главным мостом между крупнейшими рынками.

Пайда турасында пайым қылу үшін нақты нәтижені назарға алсақ. Өткен жылы Қазақстан Президентінің аспан асты еліне жасаған ресми сапары барысында «Нұрлы жол» мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламаларын ұштастыру жоспарына қол қойылған болатын. Сол жоспар көліктік-транзиттік және инвестициялық дамудың көкжиегін кеңейткендей болды.

Сөзіме мына сандар айғақ. 2017 жылдың алғашқы екі айында қоңсыластар арасындағы тауар айналымы 30 пайызға артқан. 

«Қытай – Қазақстан – Еуропа» бағытындағы контейнерлік тасымал да күн санап көбейіп келеді. Мәселен, биылғы қаңтар мен ақпандағы көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 2,6 есеге көп.

Негізі осы бағдарлама бойынша табыс мөлшерін молайтуға мүмкіндік мол. Сарапшылар солай деп отыр. «Ол үшін темір мен тас жол төсеу аздық етеді. Ауыл шаруашылық саласын да алға оздыру керек», – дейді.

Себебі біздің жерде өндірілетін органикалық таза, табиғи азық-түлік өнімдеріне өзгелер тарапынан сұраныс жоғары. Яғни тауарымызды сыртқы нарыққа шығара алсақ, пайдасы шаш етектен болмақ. Оның үстіне әлеуетіміз де бір миллиард адамды асырауға әбден жетеді.

Ал жалпы құрлықтың жағдайына келсек. Осы жоба ойдағыдай жүзеге асса, геосаяси арасалмақ АҚШ пен Еуропадан Еуразияға қарай ойыспақ. Және аймақтағы саяси-әлеуметтік ахуал да қуанып айтарлық қалыпқа түсер ме еді?! Мұның барлығы бос қиял боп қалмасы үшін қандай қам қажет? Бейжіңде өткен басқосуларда бірінші басшылар осы сауалға жауап іздеді.

Бұл күндері төрткүл дүние Қытайға көз тікті. «Бір белдеу, бір жол» форумына Жібек жолының бойында жатқан мемлекеттермен бірге бес құрлықтың белсенділері де келді. Барлығы 100-ден астам. Батыс пен шығысты ұштастырған Қазақстан – бұл тізімде сыйлы қонақтардың бірі. Сарапшылар құрамы жағынан жиын үлкен жиырмалыққа пара-пар деген пікірде.

Жібек жолы жер шарының жартысына жуығын қамтиды. Оны қайта түлету жан-жақты қолдау тапты. Тынық мұxитынан бастап Батыс Еуропаға дейінгі аралықты алып жатқан ұлан-ғайыр кеңістікті ортақ мұратқа жұмылдыру – Қытай форумының басты мақсаты. Көздегені – сауда мен инфрақұрылымды дамыту. Көпшілік бұл стратегияға үміт артуы сондықтан. Өсімнің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатын бастама. Әлемдік экономика тығырыққа тірелген тұста жаһан жаңа драйверлерді қажет етіп отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, бұл міндетті нарықты бірлесіп дамыту идеясымен Қытай мемлекеті өзіне жүктеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Инициатива «Один пояс, один путь» формирует новую геоэкономическую парадигму. Ее успешная реализация принесет пользу странам по этому пути с суммарным населением 4,5 миллиарда человек, открывает рынки для Китайской Народной Республики. Выступив с инициативой «Один пояс, один путь», Китай показал миру новую модель региональной кооперации. Провозглашенный подход - «стабильность через совместное развитие» - является сейчас привлекательной формой международного сотрудничества, отражающей экономические интересы десятков стран по пути. 

Айта кету керек, Си Цзиньпин Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуі бастамасын алғаш рет Қазақстанда жариялады. Кейін 21 ғасырдың теңіз жолын жасау жобасын көтерді. Алғашқысы біздің елмен етене байланысты. Ұлы даланы көктей өтетін Жібек жолына «Нұрлы жол» – дайын инфрақұрылым.

Қытай бұл жобаға ерекше мән беруде. Осы тұста мүдделес мемлекеттермен бірлесіп әрекет етуге бел буып отыр. Соңғы төрт жылда бағдарламаға қосылған елдерге аспан асты елі 50 млрд доллар инвестиция құйған.

Си Цзиньпин, ҚХР Төрағасы:

-Төрт жылда байланыстар бекемдей түсті. Мақсат – жаңа дүние ойлап табу емес. Біз қатысушы мемлекеттердің даму стратегиялары бірін-бірі толықтырса деген пікірдеміз. Мәселен, Қазақстанның «Нұрлы жол» жобасы немесе ЕАЭО сияқты бірлестіктер Жібек жолының экономикалық белдеуімен үйлесе алады.

Ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолы арқылы мыңдаған керуендер қатынады. Екі ортада жібек, қағаз, зергерлік бұйымдар мен ыдыс-аяқ тасымалданды. Сығанақ, Түркістан мен Тараз сияқты шаһарларды басып өткен Жібек жолы қазіргі заманда да шығыс пен батысты тоғыстырып тұр. Бүгінде қазақ елі арқылы жүк көліктері мен пойыздар тауар тасиды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Растущий грузопоток Через Казахстан – хороший ответ всем скептикам. Мы ввели 2 тыс км железной, 4 тыс км автомобильной дороги.

Қазақстан Жібек жолы экономикалық белдеуіне негіз қалап, өлшеусіз үлес қосты. Бұл орайда Қытай төрағасы біздің елдің құрлықаралық жүк тасымалы бойынша көші ілгері тұрғанын ерекше атап өтті.

Си Цзиьпин, ҚХА Төрағасы:

-Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың баяндамасынан Қазақстанның қаншалықты белсенді екенін аңғаруға болады. Сіз көрші елдер арасындағы сауда-саттықты қалай дамытуға болатынын үлгі етіп көрсеттіңіз. Қазақстан құрлықаралық жүк тасмалы бойынша чемпион деуге болады. Еуразия аймағы  батыс пен шығысты байланыстаратын алтын көпір. Осы орайда сіздердің үлестеріңіз зор.

Бұл – Елбасы көрегендігінің жемісі. Қазір Қазақстанның аймақтағы абыройы да, жобадағы үлесі де басым деуге негіз бар. Енді бірлескен стратегиялық кооперация қажет. Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азияның рөлі артып, қайтадан стратегиялық маңызға ие болып отырғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Наша география играет в нашу общую пользу. Центральная Азия, как в свой золотой период столетие назад, сейчас вновь получила стратегическое значение, став главным мостом между крупнейшими рынками. Каждый год осваиваются все новые и быстрые маршруты от Тихого океана до Атлантики, благодаря которым объем торговли только в Евразии, как ожидается, превысит 1,2 триллиона долларов к 2020 году. Реализуется возможности выхода на рынки Ирана Афганистана и далее на ближний восток и Южную Азию.

Бұл үрдісте Ұлы даланың мүмкіндіктері артып отыр. Жаңа транзиттік дәліз алысты жақындатып, уақытты, керек десеңіз, шығынды азайтты.

Қазіргі таңда Қазақстан арқылы сауда жасап, пайда көріп отырғандар қаншама?! Солардың бірі – Финляндия.

Кай Мюккянен, Финляндияның Сыртқы сауда және даму министрі:

-Финляндия үшін Қытайға экспорт жасау өте маңызды. Биылғы қыста бұл елге экспорт 50 пайызға артқан. Бұл орайда Қазақстан ұсынып отырған көлік дәлізін атап өткім келеді. Қазақ елінің транзиттік мемлекетке айналуға мүмкіндігі мол. Бізге осындай тұрақты транзиттік дәліз қажет.

Қазақстанның транзиттік дәлізі «Бір белдеу, бір жолмен» біте қайнасып жатыр. Қытай бастамасын үлкен Еуразия жобасымен үйлестірсе, нәтижелер одан да еселене түсер еді. Бұл үрдісте ЕАЭО-тың рөлі айрықша.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Это крупный рынок – 180 миллионов населения. В этой связи новым смыслом наполняется идея создания единого экономического пространства Большой Евразии. Экономический пояс Шелкового пути может выгодно связать платформу ШОС, ЕАЭС и ЕС куда мы сейчас обращаемся, чтобы интегрироваться – ЕАЭС и ЕС – в единую территорию регионального процветания.

Дағдарыс кезеңінде тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу – әр тараптың тілегі. Жібек жолын жаңғырту 21 ғасырда ғаламдық экономиканы тығырықтан шығаратын игі жолға айналуы мүмкін. Демек, мұнда адамзат дамуының ортақ мүддесі тоғысқан. Интеграцияның барлық тараптарға пайдасы зор. Өйткені сауда-саттық – экономиканың басты қозғалтқышы. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев Жібек жолының экономикалық стратегиясын жүзеге асыру үшін нақты шаралар ұсынды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Для эффективного освоения растущего транзитного потенциала пути необходимо последовательное облегчение прохождения товарных потоков через повышение уровня сервиса, устранение административных барьеров, по которым Казахстан принимает конкретные меры. А это требует экспертизы, соответствующего финансирования. Считаю что Азиатскому банку структурных инвестиций нужно активней финансировать такие программы – это инвестиции в будущее. Важно развивать сельское хозяйственную кооперацию с целью обеспечения продовольственной безопасности вдоль Шелкового пути.

Бұдан бөлек, Жібек жолы бойында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту қажет. Елбасы инновация мен ғылыми-теxникалық салада да серіктестікті күшейтуге үндеді. Қоршаған ортаны қорғау мен су ресурстарын тиімді басқару жайы назардан тыс қалған жоқ. Ал осының барлығына тек ауызбірлік арқылы ғана жетуге болады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Одним из главных условий развития идеи «Пояса и Пути», безусловно, является наличие взаимного доверия между вовлеченными странами и их готовность к равноправному всестороннему сотрудничеству, этому бы способствовало дальнейшее регулярное проведение данного форума. В этом процессе хорошим помощником может стать совещание по взаимодействию мерам доверия в Азии, в рамках которого накоплен солидный опыт сотрудничестве в сфере укрепления мер доверия безопасности.

Форум алаңдары – екіжақты байланыстарды пысықтап алу үшін таптырмас мүмкіндік. Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин жиыннан тысқары кездесіп, ынтымақтастық бағыттарын саралады. Бұл істе қазақ-қытай қатынасы – көпке үлгі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Хочу сказать что наше многостороннее сотрудничество с КХР стратегически стало образцовым. Другие страны у нас могут учиться. Это благодаря вашему доброму отношению к Казаxстану. Развиваются Все вопросы. «Один путь, один пояс» это новая парадигма сxема сотрудничества на новом уровне не только в региональном и большиx континентаx и много стран. Что участвуют в этом поясе больше 60 стран оxватывающиx 45% населения и столько же объема произведенной продукции говорит само за себя.

Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа Сирия шиеленісін реттеуге қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Қытай төрағасы «Нұрлы жол» бағдарламасының сәтті жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті. Тараптар тауар айналымды ұлғайтуға назар аударды.

Си Цзиьпин, ҚХА Төрағасы:

-Жібек жолы Экономикалық белдеуі бастамасы Қазақстанда ұсынылған. Өткен жылы Сіздер «Үлкен жиырмалық» көшбасшыларының саммитіне қатысу үшін Ханчжоу қаласына келдіңіздер. Онда біз бірқатар мәселеде түсіністікке қол жеткізіп, өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша тереңнен пікір алыстық. Біздің уағдаластығымыз іске асып жатқанын қуана айтқым келеді.

Форум алаңдарында Елбасы бірқатар мемлекет пен xалықаралық ұйымның көшбасшыларымен кездесті. Барлығы 12 бейресми жүздесу болды. Ресей Президенті Владимир Путинмен және Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен әңгімелесіп, таяуда Астанада өткен Сирия жөніндегі келіссөздердің қорытындыларын пысықтады. Елбасы Өзбекстан, Беларусь президенттерімен, Пәкістан мен Малайзия премьер-министрлері, Дүниежүзілік экономикалық форумның төрағасымен жүздесті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысымен әңгімелесті. Ол Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін саммитіне қатысу ниеті бар екенін растады. Ал Испания премьер-министрі әңгімелесу кезінде ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне Испания Королінің қатысатынын айтты. Мемлекет басшысы Қытай мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен де кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөнінде пікір алысты. Нұрсұлтан Назарбаев интеграциялық процестердің маңыздылығына тоқталып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының қазіргі жағдайдағы рөлін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Осуществление нашего сопрежения шелкового пути и нашего «Нұрлы жол» уже начинает давать свои результаты. И в этом году наша торговля поднялась на 30%. Это только начало.

Форум көпжақты ынтымақтастыққа тың серпін берді деуге негіз бар. Көшбасшылар күрмеулі мәселелерге терең үңілді. Шешу жолдарын іздеді. Көп жағдайда тараптардың мүддесі бір арнаға тоғысты. Жібек жолын жаңғыртуға бел буған Қытай аянып қалмайтынын аңғартты. Бұл мақсатта тағы қыруар қаржы бөлуге дайын.

Мұxтар Ыбырайым, тілші:

-«Бір белдеу, бір жол» жаңа перспективаларға жол ашты. Бұл Еуразия кеңістігінде тұрақтылық пен өркендеу белдеуін құру үшін бірегей мүмкіндік деуге болады. Нұрсұлтан Назарбаев оны тиімді пайдалануға шақырды. Қазақстан өз тарапынан игі бастаманы жүзеге асыруда барын салуға дайын. Сондықтан болса керек, форумға келген әр мемлекет Қазақстанмен серіктестікті күшейтуге әзір. Осылайша, Ұлы даланың ұлы мұраты көпшілікпен үйлесіп тұрғандай.

Авторлары: Мұxтар Ыбырайым, Жұмағали Біргебаев, Дулат Ентебеков

2. Қазақстан мен Сауд Арабия қатынасы

Егер экономикалық ықпалдастық берік ынтымақтастық деңгейіне көтерілсе, әлем қазіргіден әлдеқайда қауіпсіз бола түсер ме еді?! Әттең, бұған қауқар беруді қаламайтындардың қарасы әлі де қалың. Десек те, бейбітшілік туын берік ұстанған мемлекеттер бұл бағыттағы күрестен бас бұрған емес. Түбінде тірліктің түзелеріне біз де сенеміз.

Осыған дейін төрт мәрте Таяу Шығыстағы тартыс Астанада талқыланды. Одан қала берді өткен аптада Ақордада айтылғаны және бар. Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясы Корольдігінің Парсы-Араб шығанағы істері жөніндегі мемлекеттік министрі Самер Аль-Сабханмен кездесуінде көп мәселенің көбесі сөгіліп, атқарылған жұмыс пен алдағы жоспар жіпке тізілді. Сол жүздесудегі мәртебелі мейманның сөзіне тағы бір мән берсек. Мұны мақтан құмарлық демеңіз, еңбектің еленуі деп түсінгеніңіз жөн.

Самер Аль-Сабхан, Сауд Арабиясы Корольдігінің Парсы-Араб Шығанағы істері жөніндегі министрі:

-Біз Сізге және сіздің мемлекетіңізге, жалпы Ислам мәселелері бойынша атқарып жатқан істеріңізге құрметпен қараймыз. Бір ғана араб және мұсылман елдеріндегі қантөгісті бейбіт шешу жолында Сіздің қосып жатқан үлесіңіз зор. Бұл әсіресе Сирияға қатысты. Сауд Арабиясы Корольдігі де күшпен қақтығысты шешуге болмайды деген Сіздің ойыңызбен келіседі.

Мүдделес мемлекеттің астанасы Эр-Риядқа Нұрсұлтан Назарбаев сапармен барады деп күтілуде.  Елбасы халықаралық қауіпсіздік жайы қаралатын маңызды жиынға қатыспақ және бірнеше келелі кездесулер өткізеді. 

Сәкен Сейітханұлы, тілші:

-Сауд Арабия елінің астанасы Эр-Риядта қарбалас. Әуежайда қауіпсіздік шаралары күшейіп, көшелерде құқық қорғаушылар көбейген. Заңды шығар. Өйткені ертең дәл осы мұнайлы елдің астанасы Америка мұсылман елдері саммитін өткізеді. Қолдағы бар мәлімет бойынша, келелі жиынға 50-ден аса мемлекеттің басшылары қатысады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басқосудың мәртебелі меймандарының бірі болады деп жоспарланған. Қазақстанның бұл кеңесте алатын орны ерекше. Араб елінің жұқарған жері Сириядағы шиеленісті шешуге ниеттіміз. Бұл сөзді Қазақстан іспен де дәлелдеді. Келіссөздердің бір емес төрт раунды Астанада өтті. Сондықтан ертең көпшіліктің назары Нұрсұлтан Назарбаевқа ауары анық. Тағы бір маңызды ақпар. Американың президенті Дональд Трамп та кездесуге қатысады. Бұл жаңалықты жаһан журналистері жарыса жазып жатыр. Себебі Ақ үйдің қожайыны алғашқы сапарын осы Эр-Риядтан бастайды. Не себепті Таяу Шығыс деп саяси астар іздегендер баршылық. Ақпарат құралдары Дональд Трамптың әр сөзін аңдып, мынадай байлам жасапты. АҚШ президенті сәрсенбі күні: «Мен бұл ретте бұрынғы дос мемлекеттермен байланысты нығайтуға, өзге де елдермен жақын дос болуға күш саламын», – депті. Осы сөзі шын болса, әлемдік саяси үрдіс жақсара түсуі мүмкін. Ал Қазақстан мен Саудия арасындағы байланысқа келер болсақ, екі елдің достық қарым-қатынасы соңғы жылдары нығайды. Мәселен, 2015 жылы тауар айналым 16 миллион доллар болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 44 миллион доллардан асып жығылды. Тек біздің экспорт 40 миллионға жуықтайды. Әлеуетті арттыруға қос мемлекет те мүдделі. Экономикалық тұрғыдан қатар, мәдени салада да. Күні кеше Астанада Сауд Арабиясының Королі болған Фейсал ибн Абдул-Азиз Әл-Саудтың өмірінен сыр шертетін көрме ашылды. Осы қадамның өзі қос тараптардың берік достығын айғақтай түскендей.

3. Елбасы қабылдаулары

Бүгінде Астанадан Алматыға ұшақпен 1 сағат 25 минутта жетіп жүрміз. Ал енді шамамен 5-6 жылда жарты сағатта ұшып баратындай бақыт бұйырғалы тұр. Олар жылдамдығы жойқын әуе кемесін құрастыруға кірісіпті. Мұны жарнама деп жобаламаңыз. Айтпағым жаһанның жылдам дамып жатқандығы жайлы еді.?!

Қазір қойнауымыз қазынаға толы деп қарын сипап жатар сәт емес. Адам капиталының сапасын арттырмасақ, асу алмасымыз анық. Бұл ретте заң шығарушы органның орны бөлек, депутаттарға жүктелер міндет ерек. 

Елбасының Парламент Сенатының депутаты Нұртай Әбіқаевты қабылдауының реті осы. Кездесуде Мемлекет басшысы саяси және экономикалық реформаларды іске асыру мен қоғамдық сананы жаңғырту процесінде Парламенттің маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ал сенатор Президентке қос палатаның осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндады.

Нұртай Әбіқаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін Парламент депутаттары алдына қойылған міндеттерін орындап келеді. Өзіңіз айтқандай, бірталай дүниені қайтадан қарауымыз керек. Парламент, бүкіл Сенат, өзіміздің комитетіміз халықаралық жағдай, қауіпсіздік жағын тез шешуіміз керек. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Көп бағдарлама қабылдадық. Кейінгі кезде экономика жағынан, рухани жаңғыру, менің Жолдауым соның барлығы заң жүзінде қолдауды талап етеді. Тәжірибең бар, сол заңдарды қабылдауға қабілетің де бар, атсалысатын жағдайың да бар. Соның бәріне аянбай көмек ететініңе сенемін.

Сондай-ақ Елбасы осы аптада тау тұлғалы азамат, театр тарланы, кино корифейі Асанәлі Әшімовті қабылдады. Бірақ бұл жай қабылдау емес, өнер қайраткерін 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтау салтанаты.

Қазақ мәдениетін дамыту жолында маңдайынан суша тер аққан адамға қандай сый-сияпат жасаса да жарасар. Елім деген ердің еңбегін елеген Елбасы Асанәлі Әшімовті ең жоғарғы құрметке лайық деп танып, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Сондай-ақ бұл жүздесуде рухани жаңғыруды жүзеге асырудың амалдары да айтылды.

Кино мен театр өнерінің тарланы, руханият әлемінде көзі тірісінде аты аңызға айналған Асанәлі Әшімов. Киелі сахнадағы талай жылын еске алып тұрып, өзі айтқандай аманат арқалаған жан.

Асанәлі Әшімовтың балалық шағы соғыс жылдарындағы сұрапыл кезеңде өтті. Әкесіз қалған ол анасына қолғабыс ету үшін жастайынан еңбек еткен. Өмір мектебінде шыңдалған бозбала Алматыда білім алып, өнер әлеміне алғашқы қадам басты.

Әуелі театр сахнасында шоқтығы биік образдарды сомдады. Кейін қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерді. Сан қилы кейіпкерлерді сахналады. Кеңестік кезеңнің өзінде лайықты құрметке бөленді. Актер ғана емес, режиссер ретінде де қазақтың киноөндірісін өркендетті.

Есмұхан Обаев, ҚР Халық артисі:

-Ол Қодарды ойнаған кезінде терезедегі есіктер сынып, жұрт Әшімовті көреміз деп келетін. Ол кезде киноға да түсе бастаған. Мына «Көктөбедегі кездесу» – классикалық үлгідегі қойылым. Одан соң «Дон Жуанның думаны» дейтін пьесасы қойылды. «Ревизордағы» Гарриі. Мұны айта берсек, сіздің бес фильміңізге сыймайды.

39 жасында Кеңестік Қазақстанның, 43 жасында Кеңестер Одағының халық әртісі атанды. КСРО мемлекеттік сыйлығын алған «Қан мен тердегі» Еламан бейнесін киносүйер қауым ұмыта қойған жоқ. «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежан. Ал «Атаманның ақырындағы» Шадияров, «Шоқан Уәлихановта» Шыңғыс образдары сахна өнерінің тарихында қалды.

Басты рольді өзі сомдаған «Транссібір экспресі» фильмі Бүкілодақтық кинофестивальдің жүлдегері атанды. Қос дәуірдің өнердегі алтын арқауына айналды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Сіз өнеріңізбен Кеңес Одағы кезінде үлкен құрметке бөлендіңіз. Бұрынғы КСРО-ның халық әртісі болдыңыз. Қазақстанның халық әртісі болдыңыз. Кино өнерінде «Асанәлі Әшімов» деген Қазақстанның бренді болып шықты. Сіздің өнердегі рөлдеріңіз, кинода, театрда бірнеше буынның жақсы көретін кейіпкері болып келе жатыр. Сондықтан мінекей, еліңіз, халқыңыз айтып жатыр, кино, театр өнерінің ішіндегі ең саңлағы сізсіз. Сондықтан елге керексіз. Мен ойлап отырсам, екеуіміз 40 жылдай таныс екенбіз. Сол кездердің барлығында, әсіресе қиын-қыстау Тәуелсіздік жылдарында жанымнан шығып, зиялы қауымның ішінен әр уақытта қолдау көрсетіп келе жатырсыз.

Қазақ кино және театр өнерінің өткені мен бүгінін Асанәлі Әшімовсіз елестету қиын. Ол өзінің бірегей дарыны, шынайы шеберлігі, өлшеусіз еңбегі арқылы тұтастай ұлт пен дүйім елді мойындатты. Руханият әлемінде ойып тұрып орын алған тарихи тұлғаға айналды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Құрметті, Асанәлі Әшімұлы! Биылғы сексеннің сеңгіріне шыққан ұлы белесіңіз құтты болсын! Шын жүрегімнен құттықтаймын. Жастарға өнеге-өнер болып, аман-есен жүре беріңіз. 12-ші мамырда Мұхтар Әуезов театрында мерекелік шаралар өтті. Ол өте жоғары деңгейде өтті. Естідім, көрдім барлығын. Оның үстіне осы күндері өзіңіз туралы деректі фильм шықты. Әріптестеріңіз, жора-жолдастарыңыз, зиялы қауым, бәрі еңбек жолыңызды, өнер жолыңызды айтып жатыр.

Мемлекет басшысы кино және театр саңлағын сексеннің сеңгіріне шыққан мерейлі тойымен құттықтады. Руханият әлеміне қосқан еңбегі үшін алғыс білдірді. Халықтың ықылас-құрметіне бөленген өнер тарланына «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен «Алтын жұлдыз» белгісін табыстады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Мен бүгін барлығын ескере отырып, елдің тілегін орындай отырып, өзімнің ойымды орындау үшін сізге «Қазақстанның Еңбек Ері» деген атақты беріп, «Алтын жұлдызды» тапсырайын деп отырмын. Соны қабыл алыңыз.

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері:

-Біз көп жерлерде кино түсірілімі кезінде гастрольмен боламыз. Қай жерде болсақ, бізге жоғары дәрежеде қарап, «Сіздер бақыттысыздар, осындай Президенттеріңіз бар», – деп Сіздің атыңызды атап жатады. Сізбен біз мақтанамыз. Беріп жатқан наградаңыз мен үшін аванс деп есептеймін. Менің әлі басым жас. Алда көптеген жұмыс күтіп тұр. Соны орындауға тырысамын. Сондықтан сізге мың да бір рақмет айтамын.

Салтанатты шарада Елбасы мәдениет саласына мемлекет тарапынан қашан да айрықша көңіл бөлінетінін атап өтті. Себебі халықтың өнері арқылы экономиканы ілгерілетуге мүмкіндік туады. «Сол арқылы ел мәдениеті де дүние жүзіне танылады», – деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қазақстанның мәдениетін естен шығарған емеспін. Еске түсіретін болсақ, «Мәдени мұра» деген жылды жариялап, сол жылдың ішінде бүкіл Қазақстанда театрларды жөнге келтіру, ұжымдарды құру жағынан көп жұмыс істелді. Ол белгілі. Астанада «Астана Опера» салынды. Концерт залы салынды. Себебі экономиканы, мемлекетті қанша түзегенімізбен, өнер алында болмаса барлығы бекер деп санаймын. Қазіргі бағдарлама бойынша Қазақстанның өнерін дүние жүзіне паш ету, аудару, көрсету, алдыңғы қатарлы адамдарды көрсету деген жағдайды жасап жатырмыз.

Мерейлі сәттегі жүздесуден кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен «Қазақстанның Еңбек Ері» Асанәлі Әшімов екеуара ой бөлісті. Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерге көз жүгіртіп, айтулы кезеңдерді сөз етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Теміртауда бір кездескеніміз есімде бар. 70-жылдардың бас жағында. Мен зауытта парторг болып жұмыс істеуші едім. Содан бері қанша заман өтті. Тәуелсіз ел болдық. Жалпы өзіміздің буынға, қатарластарға, зиялы қауым, ғалымдар болсын барлығына ризамын. Қанша қиындықтан өттік. Түсінбейтін нәрселерді шештік. Бұрынғы қалыптасқан пікірді өзгерту керек. Дегенмен Тәуелсіздігімізді, елдігімізді барлығы қолдап келе жатыр. Барлықтарына ризамын. Оның ішінде бірінші қатарда сіз болып саналасыз.

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері:

-Өнер халықтікі болғандықтан, әр уақытта халықтың алдында, сіздің алдыңызда жауапкершілік мол. Ұжымымыз жақсы. Жас актерлер бар. Соларға басшылық етіп, күнделікті жұмыстарына жәрдем беріп, әр беріп, нәр беріп, соларды тәрбиелеу – міндетіміз. Шеттен көптеген қонақ келеді. Фестивальдер болады. ЕХРО-ның бағдарламасына кіріп отырмыз. Барлық театр келетін болды. Шетелден үлкен-үлкен театрлар келеді. Өз өнерімізді көрсетіп, ешкімнен қалмауымыз керек. Сіздің ұстанымыңыз бойынша «Тек қана алға!» деп жақсы жұмыс көрсету керек. Сондықтан «Мәңгілік ел», «Ұлы дала халқы» идеялары орынды деп есептеймін.

Осылайша, Президент өнер қайраткеріне айрықша құрмет көрсетті. Қос бірдей мәртебелі марапатты ұсынып, алдағы уақытта да ел дамуы жолында аянбай еңбек етуге шақырды. «Қазақстанның Еңбек Ері» Асанәлі Әшімов бойда қуат барда елге қызмет ете беретінін айтты. Жуырда «Тірі аруақ» фильміне түсуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Кинотуындыда маң далада жалғыз қалған 80 жастағы қарияның рөлін сомдайды. Халықтың аманатын арқалап, көзі тірісінде аты аңызға айналған актердің жаңа образдарын сүйікті көрермендері де асыға күтетін болады.

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Рауан Мыңбаев 

4. Уран өнеркәсібі

Көптен бері тілге тиек боп, талқыланып жүрген тақырыпқа осы аптада нүкте қойылды. МАГАТЭ-нің Қазақстандағы аз байытылған уран банкі тамызда ашылатын болыпты. Бұл жаңалықты ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мәлім етті.

Осы тұста МАГАТЭ ұйымына анықтама бере кетсек. Алпыс жыл бұрын негізі қаланған МАГАТЭ дүние жүзіндегі атом энергиясының жұмсалуын, мақсатын, бағытын бақылайды. Сондай-ақ тажал қаруының таратылмауын қатаң қадағалайды. 

Осындай беделді халықаралық ұйымның төмен байытылған уран банкін Қазақ жерінде құруға келісім беруі – Қазақстанға сенгені, Қазақстанның бейбітшілік бесігі екенін мойындағаны. Төмен байытылған уран банкі атом энергиясын тек игі мақсатта пайдалануға жол ашады, пиғылы теріс лаңкестердің арам ниетіне бөгет болады. Өйткені бүгінгі қорқыныштың үлкені ядролық клубқа енетін 9 мемлекеттің қатары террористік ұйымдармен толыға ма деген үрей.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Казахстан является вторым в мире поставщиком урановой руды. У нас есть обогащение это руды. Мы готовим топливо, то есть мы тоже можем подумать когда-нибудь заняться этим делом. Но мы отказались, мы не будем. Но другие государства могут подумать, что это защитит их. Соседи создают ядерное оружие, почему бы не можем создать? Это может подвинуть эти государства тоже создавать, то есть этот процесс может выйти из-под контроля и мы будем иметь много стран с ядерным оружием. И это вообще не будем проблемой. И в конце концов, если это попадет в руки террористов, они не остановятся перед моралью.

Расымен, тажал қаруы лаңкестер қолына түссе, күллі адамзатқа қауіп төнді дей беріңіз. Ал төмен байытылған уран банкі – бұл қатердің алдын алудың бірден-бір амалы.

Соңғы 7-8 жылда елдегі уран өнеркәсібі екпін алып, уралатып тұрды. Мәселен, 2016 жылғы көрсеткішпен 2009 жылғыны салыстырсақ, өсім 76 пайызға жетіпті. Былтыр 24 мың тоннадан аса өнім өндірілген деседі министр. Енді биылдан бастап осы мөлшерді он пайызға кеміткелі отыр. Оған не себеп? 

Әлемде энергетикалық дағдарыстың ауылы алыс емес. Жер қойнауындағы табиғи ресурстар түгесілуге жақын. Мұнай мен газдың бағасы тұрақсыз. Ендігі кезекте жасыл энергетикаға басымдық берілетіні сөзсіз. Табиғи ресурстарды айтпағанда, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде уранның маңызы зор. Уран – өте күшті у. Өңделген түрі қуат береді. Табиғатта сирек кездеседі, себебі ұсақ, шашыранды.

Ұлттық ядролық орталыққа жиналған сарапшылар уранды игі мақсатта пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Ең бастысы – Токамак құрылғысын іске қосу жөніндегі ұсыныс. Термоядролық қондырғыны бірлесіп пайдалану жөнінде 6 мемлекеттен ұсыныс түскен. Яғни уранның ыдырауынан көбірек энергия алу. Ол – қалдықсыз болуы шарт.

Әділ Гарибов, Әзербайжан Ядролық ғылыми-зерттеу орталығының төрағасы, академик:

-Қаласақ та, қалмасақ та, болашақта әлем жұрты термоядролық энергияға тәуелді болады. Уранның мол қорын иелену, экологиялық жағынан таза өндірілген уранды бейбіт мақсатта қолданатын Қазақстаннан үйренеріміз көп.

Масаки Накагава, Жапониялық NDF компаниясының өкілі:

-Қазақстан бізге өз уранын экспорттай алады. Жапония Фукусима атом станциясындағы апаттан кейін барлық реактордың жұмысын тоқтатты. Сондықтан нарықтың ашылғанын күте тұруға тура келеді.

Қазақстан табиғи уран кенінің қоры жөнінен жаһанда Австралиядан кейін екінші орында. Кеннің барланған қоры – 1 миллион 600 мың тонна. Оның 1,2 миллион тоннасы құмды-шөлейтті жерлерде. Жер қыртысындағы уран үлесі алтыннан мың есе көп. Әдетте кен десе, көз алдыңызға шаң-тозаң елестеуі мүмкін. Бірақ Ұлттық атом компаниясына қарасты кәсіпорындар жаңа технологияны жетік меңгерген. Тек жабық әдіспен жұмыс істейді.

Бұрғылау арқылы ұңғылар жасалып, кендi қабатқа күкiрт қышқылын айдау арқылы ерiту жолымен өндiрiледi. Жалпы уран нарығы басқалармен салыстырғанда бірқалыпты, тұрақты. Дегенмен соңғы 5-6 жылда шикізатқа сұраныс төмендеп, бағасы 40 пайызға түсті.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

-2017 жылдың қаңтарында республикада уран өндірісі көлемін 10%, яғни 22 мың тоннаға дейін төмендету шешімі қабылданды. Бұл әлемдік өндірістің 3 пайызын құрайды. Бұл шешімнің нәтижесінде нарықтағы уран бағасы 20% өскенін атап өткім келеді.

Бұл шешім – уранның әлемдік бағасын реттеуге мүмкіндік. Парламентке есеп берген Энергетика министрі Қанат Бозымбаев уран банкіне де тоқталды.

Тамыз айында елімізде төмен байытылған уран банкі құрылмақ. Үлбі металлургиялық зауытында 90 тонна уран сақталады. Зауыттың мұндай материалмен жұмыс істеудегі 40 жылдық тәжірибесі бар. Мамандар жеткілікті. Жоба атом энергиясы жөніндегі халықаралық ұйымның бастамасымен салынуда. Банк МАГАТЭ-ге мүше мемлекеттердің атом электростанцияларына ядролық отынды жеткізіп отырмақ.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

-Құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 70 пайыздан астам құрылысы дайын. Шілде айында жобаның 100 пайыз дайын болуы керек. Тамыз айында біз МАГАТЭ басшылығымен бірігіп, сол банкті ашатын боламыз.

Қазақстанда Менделеев кестесіндегі 92-ші радиоактивті элементті өндіру көлемі жыл сайын ұлғаюда. Айта кетейік, былтыр 24 мың тоннадан астам уран өндірілген. Яғни әлемде шығарылған табиғи уранның 39 пайызы Қазақстанның үлесінде. Биыл жаһандық сұранысқа байланысты оның көлемі азайтылмақ. Экспорт жөнінен де көш басындамыз. Қазақ уранына Қытай, Франция, Үндістан, АҚШ және Канада секілді елдерден сұраныс жоғары.

Эрлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры:

-Біздің басты мақсатымыз – термоядролық реактор арқылы қауіпсіз, қалдықсыз энергия алу. Қазіргі термоядролық реакторлар сатып алынды, орнатылды. Оны толық іске қосу үшін алғашқы сынақты бастадық. ЕХРО-да көрсетеміз деген ойдамын. Токамак арнайы құрылғысы арқылы ғылыми-зерттеу жүргізуге мүмкіндігіміз мол.

Стратегиялық байлықты игеруде аса сақтық қажет. Еліміз атом қуатын қырып-жою үшін емес, игі мақсатта пайдаланудың жолын тапты. Уран – келешек энергияның сарқылмас көзі. Ал Қазақстан – бейбіт бастамалардың мекені. 

Авторлары: Мырзабек Түсіпов, Әсем Қабылбек, Болат Көкенайұлы, Серік Қоңырбаев 

5. ҰБТ - 2017

Абай: «Дүниенің кілтін табам десең, өзгенің залалынан қашық болып, пайдасына асық бол. Тілін, оқуын, ғылымын біл. Сонда көкірек көзің ашылады»,  деген екен. Ойшылдың қайбір ойы бізді оздыратыны ақиқат.

Тек бүгінгі таңдау қаншалықты құптарлық? Бұлайша күдіктенуіме оқушылардың ұйқысын бұзған ҰБТ себепкер.

Шіркін, бұл оқушылар тынышталар күн туар ма? Ендігі үміт биылғы бақылауда. Сонымен жаңарған ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңалығы қандай, бұрынғыдан жеңілдігі нендей? 

Ринат Дұманұлы, жүргізуші:

-Біз бүгін бұл тақырып бойынша Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевпен сұхбаттасамыз. Ерлан Кенжеғалиұлы, студиямызға қош келдіңіз! ҰБТ мен емтиxан тапсыру механизмдері биыл қандай болмақ? Әңгімені осыдан бастасақ .

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

-Мен рет-ретімен айтайын. Ең бірінші – бітіру емтихандары туралы. Бітіру емтиханы осы айдың 29-ынан бастап, 10-шы маусым аралығында өтеді. Министрлік арнайы бұйрық шығарды, онда қай күні, қай сабақтан өтеді, нақты жазылған. Барлық мектептер бұл туралы біледі. Сұрақтар мен эссе тақырыптары, сұрақтар бойынша дұрыс жауаптар конвертке салынып, жабылып, облыстық білім басшыларына жіберілді. Олар мамырдың аяғына дейін емтихан материалдарын әр мектепке өздері жеткізеді. Конверттерді емтихан болатын күні комиссия ашады. Арнайы комиссияны мектеп өзі бекітеді. Емтихан форматымен барлық мектептер танысты. Жалпы осында жаңалық жоқ. Мектепті бітіргені туралы аттестат тапсыру 10-15 маусым аралығында өтеді. Мектепті бітіру кеші де осы периодта болады. ҰБТ 20-шы маусым мен 1-ші шілде аралығында 165 тестілеу пунктінде өтеді. Мектептер балаларды ҰБТ-ға тіркеуге және өтетін орындарға дейін апарып және әкелуге жауапты болады. Ол өзгерген емес. Әкімдіктер бұрынғыдай балаларды автобуспен апаруға, тамағына және қауіпсіздігіне жауап береді. Оған ақша бөлінген. Биыл да жоғары оқу орнына ақылы түсу үшін ҰБТ-ны қайта тапсыру сақталады. Осы күнге дейін 90 мыңнан астам мектеп бітіретін балалар 450 мың рет алдын ала тестілеуден өтті. Яғни бір оқушы орта есеппен 5 рет өткен. Біз ойлаймыз, бір айдың ішінде олардың саны 2 есе көбейеді. Алдын ала тест тапсыру кезінде оқушылар жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Біз оны тексеріп отырдық. Мысалы, Қазақстан тарихы бойынша тек қана 4 пайызы өту балын жинай алмады. Біздің міндетіміз – оқушыларды осындай тесттен көбірек өткізу. Сонда ҰБТ-да оңай болады. ҰБТ 5 пән бойынша өтеді: 3 міндетті және 2 профильді пән. 120 тест сұрақ болады. Ең жоғарғы балл – 140. Грант бөлу кезінде барлық тест сұрағы бойынша алған балл есептеледі. Бұрын 125 сұрақтан тек қана 100 балл есептелген болатын. Өту балы 50 болып қалады. Медициналық, ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындары қосылмайды. Оларда бұрынғыдай 65 және 60 балл қалады. 

Ринат Дұманұлы, жүргізуші:

-ҰБТ-ның сұрақтары тексерілді ме? Қандай тақырыптағы сұрақтар нақты болмайды, қандайы болуы мүмкін?

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

-Қазіргі кезде ҰБТ пәндері бойынша тест сұрақтары дайын. Тест сұрақтары жыл сайын 30-35 пайызға жаңарады. Мен өзім көрген жоқпын. Тестілеу базасы жабық зона болып табылады. Маған оған рұқсат жоқ. Бұл – мемлекеттік құпия. Бірақ сұрақтарды дайындау үшін жыл сайын мамандардан арнайы эксперттік комиссия құрылады. Осы жылы ыңғайсыз сұрақтар болмауы үшін тест сұрақтарын бірнеше рет сол комиссия тексеріп, бізге есебін берді. Біз оларға сенеміз.

Ринат Дұманұлы, жүргізуші:

-Колледж бітірушілер үшін ЖОО-ға түсу жеңілдегенін білеміз. Қазіргі талап қандай?

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

-Колледж бітіретін балалар үшін оқуға түсу тәртібі жеңілдеді. Бұрын барлық колледж бітірген балалар ЖОО-ға түсу үшін кешенді тест тапсырған болатын. Кешенді тест ҰБТ-мен бірдей еді. Енді осы жылдан бастап ұқсас мамандық бойынша жоғары оқу орнына түсетін болса, тек қана 2 пән тапсырады. Ең жоғары балл – 70. Өту балы – 35.

Ринат Дұманұлы, жүргізуші:

-Биылдан бастап екінші профильді пәнді таңдау арқылы жоғары оқу орнына түсу үшін мамандықтардың саны көбеймек. Ол дегеніміз не? 

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

-Мысалы, 2 профильді пән ретінде математика мен физиканы таңдаса, 52 мамандыққа түсуге болады. Ескі формат бойынша мұндай жағдай болмаған. Түсу мамандығы көбейді.

Ринат Дұманұлы, жүргізуші:

-Биыл түлектер бірінші рет республикалық бюджет пен әкімдіктер есебінен грант алады. Кімдерге беріледі?

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

-Ол рас. Осы жылы абитуриенттер бірінші рет республикалық бюджет және жергілікті әкімдіктер есебінен грант алатын болады. Сонымен қатар республикалық қаржы есебінен бакалавриатта 5000 орынға мемтапсырыс көбейді. Мемтапсырысты магистратурада 3,5 мың орынға және докторантурада 500 орынға көбейтуді жоспарлап отырмыз. Жалпы ҰБТ өткізуге еліміз дайын. Ата-аналарға, балаларға айтарым, ешқандай қорқудың қажеті жоқ. Біз барлық жағдайды қарап, жасап жатырмыз. Жоғары оқу орнына түсу жолдары көбейді. Барша балаларға сәттілік, табыс тілеймін.

6. Рухани жаңғыру

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы нақты тапсырманың бірі – ұлттық өнер мен мәдениет саласындағы үздіктерді әлемдік деңгейде әйгілі ету. Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Осы аптада Алматыда жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Жиында өнер саласындағы таңдаулы туындыларды шет тілдеріне аудару мәселесі айтылды.

Ерлан Саиров, жұмыс тобының мүшесі:

-Келесі жылдан бастап БҰҰ-ның алты тілінде осы қазақтың әдебиеті, өнер саласы, кино бойынша үздік туындыларды халықаралық деңгейге шығару мақсат етілді. Бұл қазақ мәдениетінің брендін халықаралық дәрежеге сәйкестендірудің ең оңтайлы жолы деп білеміз.

Туындылар төрт тармақ бойынша таңдалатын болып шешілді. Нақтырақ айтсақ, әдебиет, классикалық музыка, сурет және кино. Ал олардың ішінен іріктеп алынатын шығармалар ұлттық мәдениет пен еліміздің даму кезеңін қамтуы керек. Яғни егемендікті еншілегеннен кейінгі уақытта туған өнімдер ғана сарапқа салынады. Сондықтан талап та таудай болмақ. Қоғам қайраткерлерінің айтуынша, алты тілге аударылатын үздік туындылар өзінің әдеби көркемдігі мен мағынасын жоғалтпауы тиіс. Ал ол үшін аударма ісіне асқан ұқыптылықпен қарау керек деп ұйғарылды.

Ұлықбек Есдәулет, «Жұлдыз» әдеби журналының бас редакторы:

-Тәуелсіздік жылдарындағы ең озық шығармаларды іріктеп алып, оны басқа тілге аудару үлкен маңызды мәселе болса да, бұл жерде талғам деген дүние бар. Сонау Кеңес заманындағы социалистік реализм тұрғысынан бүгінгі шығармаға қарауға болмайды. 

Любовь Шашкова, Қазақстан және КСРО жазушылар одағының мүшесі:

-Ардагер жазушыларды, өткен ғасырларда жазылған шығармаларды біз жақсы білеміз. Олардың бірқатары шет тілдеріне аударылып та жатыр. Біз енді жас таланттардың еңбегін көрсетуіміз керек. Тәуелсіздік жылдарындағы еңбектерді дәріптеуіміз қажет.

Жұмыс тобы мен сарапшылар іріктеп алған үздік шығармалар осы жылдың екінші жартысында бүкіл халықтық талқылауға ұсынылады. Яғни үздіктер дауыс беру арқылы анықталады.

Сонымен қатар латын әліпбиіне көшу мәселесі де қоғамда қызу талқыланып жатыр. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін әзірлеуді тапсырған еді. Және жыл аяғына дейін ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай нұсқасын қабылдау қажеттігін айтқан. Осыған орай осы аптада бір топ ғалым Назарбаев Университетінде бас қосып, латын әліпбиіне көшуде нені ескеру қажеттігін талқыға салды.

Әлімхан Жүнісбек, Филология ғылымдарының докторы, профессор:

-Әліпбидің төл дыбыстары болуы керек. Төл емле, ереже болуы керек. Сонда ғана біздің ұлттық жазуымыз «ұлттық» болып қалыптасады. Егер біз оған кірме сөздерді, кірме дыбыстардың барлығын солардың айтылымымен ала беретін болсақ, онда ертеңгі күні қазақ тілінің жайы өте қиын болады.

Латын әліпбиі жайында сөз болса, фонетик ғалым, марқұм Сапархан Мырзабековтің мұңы еске түседі. Айтқаны бар: «Егер Алаш азаматтары мен Абай заманындағы адамдар тіріліп келсе, бізбен түсінісулері оңай болмас», – деп еді. Себебі табиғаты тым басқа кириллица қазақтың дыбысын, сөзін, акустикасын, сөйлеу аппараттарын, тіпті бет-пішінімізге дейін өзгертіп жіберген.

Шындығы солай. Мәселен, өмір деген сөзді алайықшы. Мұны таза қазақ тілінің табиғатына салып айтсақ, «өмір» емес, «өмүр». Яғни, тіл мен жақтың қозғалысы қазіргіден әлдеқайда әлсіз болуы тиіс. Бұл тиісінше бет-әлпеттің әдемілігіне де әсер етеді.

Тап осы тұста тағы бір мысалды алға тартсақ. Кириллицаны көрмеген грузин мен армян өздерінің емес, өзгенің тілінде сөйлесе, акценті айқын байқалып тұрады.

Себебі оларда дыбыс механизмі бұзылмаған. Ал бізде керісінше. Көп жағдайда ана тіліміздің заңдылықтары сақталмайды. Әліпбидің жаңа нұсқасында осы ерекшеліктер ескерілер деген үміт бар. Сондай-ақ көпшіліктің көкейінде кептелген кириллицамен жазылған көп тарих көмбеде қалмай ма деген күдікке де жол берілмес деп жорыдық.

Рухани жаңғырудың рухты көтерер бір жаңалығы – қазақ жерінің кереметтерін көпшілікке таныту. Осы мақсатта Қазақстандағы киелі жерлердің картасы әзірленіп жатыр. Соның аясында өшкеніміз қайта жанып, жадымызда жаңғырмақ. 

Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясын әзірлеу – үлкен жауапкершілік, қажырлы еңбек пен ізденіс. Алдағы үш жылда тарихшылар мен өлкетанушыларға артылған жүк ауыр. Халыққа беймәлім киелі орындарды анықтап, сызбасын қағазға түсіру. «Болашаққа бағдар» атты мақаладағы маңызды тапсырманың бірі осы. 

Хангелді Әбжанов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы:

-Бұл мәдени-тарихи ескерткіштерге жұрттың тағзым жасауы ондай бір ерекше әсер етуі байқала бермейді. Ал мынау киелі, сакралды жерде жерде халық өзіне, өзінің денсаулығына, өзінің болашағына, бала-шағасына бір жақсы шарапаты тиеді деген ұғыммен барып, мінәжат атқарып жатады.

Жалпы жыл соңына дейін еліміздің 4 өңіріне экспедиция жасау көзделіп отыр. Оның құрамы тарих және этнология, археология, шығыстану, әдебиет және өнер институтының мамандарынан жасақталған.

Сакрал – латын сөзі. Тарихшы Хангелді Әбжановтың айтуынша, сакрал ежелде дінге қатысты қолданылған. Табыну, әдет-ғұрып, салт-дәстүрмен байланысты. Қазір оның мазмұны өзгерді. Сакралды жер «киелі» деген сөзбен астасып жатыр. Сакралды деп 4 жайтты айтамыз.

Біріншісі – Исламға дейін діни сенім-нанымдарға байланысты жерлер, екіншісі – Ислам дінімен байланысты, үшіншісі –қазақ даласындағы тарихи оқиғалар мен ұлы тұлғаларға байланысты орындар және соңғысы тылсымға толы жерлер. Науқас, бала көтермейтін әйелдер әулиелердің басына түнеп, Құдайдан тілектерінің орындалуын сұрайды. Мәселен, жылда батыстағы ағайын Отпан тауда амал мерекесін тойлайды.

Хангелді Әбжанов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы:

-Батыста Оқпан тауда Наурыз мерекесін қарсы аларда от жағады. Көрісу осы батыс өңірде ғана сақталып қалған. Оның мәнін әркім әртүрлі түсіндіреді. Дегенмен меніңше, қыстың алты айында адамдар бір-бірімен араласа алмай қалады. Содан мына жердің, қардың азайған кезінде, жол ашылған кезінде бұлар бірімен-бірі табысып, көрісіп, кездесіп жатыр. 

Мамандар тарихи-мәдени ескерткіштермен бұрыннан таныс. Саны мен сапасы белгілі. Сакралды орындар туралы толық мәлімет жоқтың қасы. Елбасы мақаласы жұмысты ширатуға сеп. Өлкеміздегі әр тау-тас талай сырды ішіне бүгіп жатыр.

Берік Әбдіғалиұлы, «Сакралды Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығының басшысы, саясаттанушы:

-Жаһандану заманында жастарымыз әсіресе әртүрлі әлемдік құндылықтарға кетіп бара жатыр. Сондықтан біз туған жердегі киелі рухани ескерткіштер мен тұлғалар арқылы тұтастығымызды, бірегейлігімізді, тарихи бірлігімізді қалыптастыруымыз керек. Ендігі міндет – көптің назарынан тыс қалған, тарихымызда айтарлықтай беймәлім жерлерді көпшілікке таныту.

Ежелгі Әулиеатаның ашылмаған сыры әлі де көп. Археологтар 2000 жылдық тарихы бар мекенде әлі күнге дейін қазба жұмыстарын тоқтатқан емес. Атлах шайқасы немесе Шу-Талас өңірі жөнінде мол мағлұматтар көпшілікке қызықты. Ашық аспан астындағы музейге адамдар ағылып жатады.

Тәкен Молдақынов, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры:

-Мұның ерекшелігі, бұл жерде тек ежелгі Тараздан табылған жәдігерлер ғана тұр. Біз тұрған залда 1400-ден артық жәдігер бар. Бізде тірі организм секілді. Қазба жұмыстары жүрген сайын жаңа жәдігерлер табылады. Оларды орналастыруымыз керек. 

Қазақ үшін қасиетті жерлер – әулие, батырлар мен би, шешендердің, атақты адамдардың қабірі. Мәселен, Аңырақай шайқасы болған жер, Қызылжардағы Абылайдың ақ үйі киелі. Халық сол орындарға арнайы барып, зиярат етеді. Басына түнеп, тілек тілейді. Ырымшыл халықпыз. Ал соңғы кезде халықтың наным-cенімі – бизнестің құрбаны.

Хангелді Әбжанов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы:

-Қасиетті жерлерге туристік жол салу, маршруттар салу деген мәселемен мемлекет айналысып жатыр деп айта алмаймын. Ал енді осындай бір бос шешілмей жатқан түйінді ақшаның көзін білетіндер пысықтар пайдаланып кетті. Олар өздерінің бойымен, фантазиясымен құрып алған маршрутпен, бағытпен талай адамды апарып, әкеліп солардың қаражатын қалтасына салып жатыр. Ол аз қаражат емес, миллиондаған теңгелер.

Мемлекеттік деңгейде қасиетті орындарға ден қойылса, тиісті қаржы қазынаға түсетіні айтпаса да түсінікті. Торғай даласындағы ежелгі геоглифтер жоғалудың алдында тұр. Тылсым өрнектер – табиғаттың сыйы. Сақина, пирамида тектес бейнелерге ғалымдар бас қатырып әлек. ХХІ ғасыр адамзаттың ақыл-ойының дамыған кезеңі десек те, жер шарында жұмбақ күйінде қалған ескерткіштер жетерлік.

Дмитрий Дей, Turgai discovery ғылыми-зерттеу жобасының жетекшісі:

-Біздің ойымызша, геоглифтер күнтізбе қызметін атқарған. 8 мың жыл бұрын салынғандар жерден жоғалып барады. Бұрынғыдай емес мүжілген. Өйткені ауыл маңына жақын жатыр. Жан-жағын қоршап, қорғауға алу керекпіз. Онсыз да біреуін жол салғанда бұзып тастады.

Сарайшық – Алтын Орданың мұрагері. Шаһардың қазіргі күйі мүшкіл. Билер мен хандар жерленген жерді су шайған. Оның сыртын қоршау басталды. Ал Астана іргесіндегі Бозоқ жойылып барады.

Марал Хабдуллина, Тарих ғылымдарының кандидаты:

-Бозоқ қаласын 12 жыл зерттедік. Көне шаһардың маңында шұңқыр қазылған, камаздар толып жүр. Біздің сөзімізді тыңдамайды. Талдыкөл көктемде тасып, ежелгі қалашық орнын шайып кетеді.

Жалпы сакралдық орталық әлемнің көптеген елінде бұрыннан бар. Жүйелі жұмыс турист тартуға тиімді. Мәселен, Ұлыбритания мен Германия – талайға үлгі.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

-Туристік ұйымдар мен тарихшылар «Сакралды Қазақстан» деген электронды карта әзірлейді. Қасиетті орындар туралы мағлұматтарды «гугл» жүйесіне саламыз. Сонда кез келген адамға ақпарат қолжетімді болмақ.

Қазақ халқы тоталитарлық жүйе мен орталау саясатын көрген ұлт ретінде талай құндылықтан ажырады. Тарихшылар: «Сол есені қайтарып, тәуелсіздіктің мүддесіне пайдалану қажет», – дейді.

Киелі Ұлытау, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Бекет Ата кесенесі, Алтайдағы қорымдар мен Жетісу даласындағы жерлерді өзара сабақтастыру бар қазақтың басын бір арнаға тоғыстырады. Ол мекендер – ұлттық бірегейлігіміздің керегесі.

Зейнолла Самашев, тарихшы-археолог:

-Қазақстанның барлық өңірлерінде әртүрлі ескерткіштер бар. Солардың ішінде қала мәдениеті Сырдың бойында жақсы дамыған. Орталық Сарыарқада қола дәуірінің ескерткіштері дамыған. Алтайда сақтардың қорғандары жақсы сақталған.

Ғалымдар жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын халыққа сіңіру үшін аянып қалмақ емес. Себебі тарихты білмей, келешекті болжау қиын. Мұны ұлы ойшыл әл-Фараби айтқан.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Еркебұлан Тілеуқазы