Елордада Жеңістің 72 жылдығына арналған көрме ашылды - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Елордада Жеңістің 72 жылдығына арналған көрме ашылды

  • Бейсенбі, 04 Мамыр 2017 23:11

Астанадағы Ұлттық музейде бүгін Жеңістің 72 жылдығына арналған көрме ашылды.

Онда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің фотосуреттері, жеке заттары мен тарихи жәдігерлер қойылған. Қанды шайқасты бейнелейтін диорамаларды да кездестіруге болады. Көрме екі апта бойы өтеді. Мақсат – жастарды отансүйгіштікке баулып, елі үшін жанын пида еткен батырлардың есімін жаңғырту.

«Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды!» Ұлы жеңісті сыйлаған жауынгерлер ерлігі мәңгілік ел есінде. Өскелең ұрпақ та оларды құрметтеуге әрі үлгі тұтуға міндетті. Бүгінгі Ұлттық музейде ұйымдастырылған Жеңістің 72 жылдығына арналған көрме қаһармандарымыздың ерлігін дәріптейді. 

Тоғжан Әділбекова, ҚР Ұлттық музейі экспозиция және көрме қызметінің жетекшісі:

- Барлық құжаттар мұрағаттан алынған. Көрмеге соғыс ардагерлерінің суреттері, медальдары және жеке заттары қойылды. Тіпті жауынгерлердің хаттары бар.

Өз жерін жауға таптатпай, шыбын жандарын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша шайқасқан батырларымыздың ерліктерін баяндайтын кітаптар да көрмеге қойылған. Сұм соғысқа төтеп берген жуынгерлердің қару-жарақтары мен жеке заттары бүгінде мұражайдың басты жәдігерлеріне айналған.

Мәншүк Мәметова Максим пулеметімен талай жаудың көзін жойғандығы белгілі. Әрине, бұл пулеметтің реставрация жасалған түрі. Көрмеге 150-ден астам экспонат қойылған. Олардың барлығы 1941-45 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысынан сыр шертеді. Ал мынау – Мәскеу түбіндегі шайқастың диорамасы. Яғни 35 есе кішірейтілген әскерилер мен танктың нұсқасы. Автор бұл туындыны жасау үшін 3 айдан астам уақытын жұмсаған. 

Серік Әбдірахманов, ҚР Ұлттық музейінің қызметкері:

- Тарихи фотоларға қарап, орналасқан жердің реконструкциясын жасадым. Әскери-патриоттық тұрғыда керек. Екіншіден, эстетика жағынан балалардың моторикасын дамытады. Көрермендер өткен шайқастардың техникасы қалай болғанын көреді.

Біз сұм соғысты көрген жоқпыз. Ол үшін 72 жыл бұрын жеңіс сыйлаған қаһармандарымызға қарыздармыз. Қаншама жауынгер ұрыс даласынан қайтпай қалды, қапыда қолға түскендері неміс тұтқынында азап шекті. Елі үшін жанын пида етті.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Мейрамбек Ақмаханов

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Календарь

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.