Ресейдің Старая Русса қаласында Төлеген Тоқтаровтың бюсті ашылды - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Ресейдің Старая Русса қаласында Төлеген Тоқтаровтың бюсті ашылды

  • Сейсенбі, 09 Мамыр 2017 19:18

«Батырлар жолымен». Осыдан тура 9 жыл бұрын Еуразиялық топ дәл осындай атаумен халықаралық патриоттық жобаны қолға алған еді.

Мақсаттары – майдан даласында қаза болған қазақ жауынгерлерінің ерлігін келер ұрпаққа жеткізу. Күні бүгінге дейін бұл топ Қазақстан, Ресей және Украина жерінде батыр аталарымызға арнап 12 ескерткіш орнатты. Биылғы мереке қарсаңында да игі дәстүрді жалғастырды. Ресейдің Старая Русса қаласында Төлеген Тоқтаровтың бюстін ашты.

Бұл мекеннің табиғаты адам үшін қолайсыз. Жазы жылауық, белуардан батпақ, ал қыста қары қалың, қытымыр аяз. Енді көзіңізге елестетіп көріңіз. 1942 жылдың қысы. -40 градус сарышұнақ аяз. Ал жаудың екпіні одан да қатты, бет қаратпайды. Мәскеуді тезірек басып алуды жеңістің кілті деп білген фашистер Мәскеу түбіндегі ұрыстарға барын салды. Олардың күші әлдеқайда басым еді.

Ася Иванова, «Солтүстік-Батыс майданы» мұражайының ғылыми қызметкері: 

- Фашистер 1941 жылдың қыркүйек айында Қызыл алаңда жеңіс шеруімен жүріп өтуді жоспарлаған. Бірақ Старая Русса қаласының түбінде олар кідіріп, Қызыл армия әскерінің қарсылығына тап болды. Осы жердегі ұрыстарда 555 мың 425 солдат пен офицердің өмірі қиылды. Бірақ бұл дерек нақты емес. 1 млн-ға жуық жауынгер қаза тапты деген де мәлімет бар. Гитлерден «тілерсектен қан кешсеңдер де Старая Русса қаласын бермеңдер» деген тапсырма алған герман солдаттары да аямай ұрыс жүргізді. 

Егер де табиғатқа тіл бітсе, үнсіз ғана ағып жатқан Палисть өзені сол сұрапыл күндер туралы біраз күңіренер еді. Дәл осы жерде осыдан 75 жыл бұрын атақты Панфилов дивизиясының жауынгерлері фашистермен кескілескен ұрыс жүргізді. Дәл осы жерде қазақтан шыққан батыр Төлеген Тоқтаров ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Небәрі 22 жасында жаумен жалғыз алысқан автоматшы Төлеген 50-ге жуық жауды жер жастандырған деседі.

Төлеген Тоқтаров туралы әрбір қазақстандық білмеуі мүмкін, ал жергілікті халық ол туралы сағаттап айтуға бар. 8-атқыштар дивизиясының автоматшысы 23 жастағы Төлеген Тоқтаров дәл осы жерде 1942 жылдың 10 ақпанында ерлікпен қаза тапты. 

Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаров осы жерде мәңгілік тыныстап жатыр. 2500 солдат жерленген жауынгерлік зираттың басында ескерткіші қасқайып тұр. Кеудені қуаныш кернейді, бірақ жүрек қан жылайды. Сол бір әділетсіз соғыстың салдарынан қаншама қазақтың қаны өзге жерде төгілді, сүйегі әлі де шашылып жатыр. Келе жатып кілт тоқтайсың, мүмкін дәл менің аяғымның астында тағы бір жауынгердің сүйегі жатқан болар...

Бұл – «Майдан жолы» іздестіру жасағы. Еуразиялық топтың демеуімен құрылған бұл жасақ осымен тоғыз жыл құрбан болған боздақтарды іздеп жүр. Міне, тағы бірі табылды. Әдеттегідей сарбаздың есімі белгісіз. Мейлі, аты-жөні жазылмаса да, ерлігі айтылмаса да, олардың әрбірі – біз үшін батыр.

Ерсін Қамкен, «Майдан жолы» іздестіру жасағының мүшесі:

- Олардың көбі оралған жоқ. Кейбірі тіпті белгісіз. Соларды табу, арулап жерлеу – біздің азаматтық борышымыз, парызымыз. 

Еуразиялық топтың «Батырлар жолымен» халықаралық патриоттық жобасының аясында Қазақстан, Ресей және Украина жерінде қазақстандық жауынгерлерге 12 ескерткіш қойылды. Бұл жолы Төлеген Тоқтаровтың бюсті Старая Русса қаласында ашылды.

Болат Оразов, Қоғамдық қордың атқарушы директоры:  

- Шынын айтқанда, бұл – тарихи оқиға. Соңғы уақытта кейбір зиялы қауым өкілдері бұл жеңіс біздің мейрам емес деген тәрізді ойлар айтып жатыр. Сол ойды бұзып, Старая Русса қаласында біздің отандасымызға бюст орнатып жатырмыз. Елбасы да: «Жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беру керек», – деп айтып жатыр. Бұл акция соған дәлел.

Оған арнап өлең жазылды, оған арнап ескерткіш ашылды, оның атында көше бар. Бұл мекеннің тұрғындары қазақтың батыр ұлын ұмытпайды. Мейлі, 70 жыл, 100 жыл өтсін, соғыстың салған жарасы жазылмайтыны секілді, ешкім де ешқашан ұмытылмайды. Анығы осы.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Қанат Әбілдин

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Календарь

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.