Хабар телеарнасы

Сүлеймен Өрікбаев: Іргеміз бүтін, ұлттар арасындағы татулық мәңгілік болсын

Президент атынан жаңажылдық дастарханға арналған жеміс толы себет пен азық-түлік те келді.

Ақсақалдың жасы тоқсанға таяп қалса да, Қиыр Шығыста көрген қанды қырғынның сызаты жүректен өшпеген. 

«Қылшылдаған жастық ғұмырын гүлдей солдырған сұрапыл соғыстың елесі әлі көз алдымнан кетпеді», - дейді қария. Сондықтан ол жас ұрпақты бүгінгі бейбіт күндердің әр сәтін бағалауға шақырудан жалыққан емес.

Сүлеймен Өрікбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері 

-Елбасы басқарып отырған Үкіметке мыңда бір рахмет. Біздің көргенімізді көрмеңдер. Осыны ұзағынан берсін. Мұндай заман болған жоқ. Қиыншылық, таршылықпен келдік. Соның бәрін жеңіп шықтық.

Қарт жауынгер соғыстан кейін ауыл шаруашылығында тер төкті. Бір өкініштісі, ардагердің зайыбы мен үш перзенті өмірден ерте озыпты. Бірақ ұрпақсыз емес. Балаларынан өрген немере, шөберелерінің қамқорлығына кенеліп отыр.

Данабек Ижанов, Ақсу ауылдық ардагерлер кеңесінің  төрағасы 

-Ел Президенті соғыс ардагерлерін құттықтап, сәлем хат жолдаған екен. Елбасына көп рахмет. Әрине, бұл өткен ғасыр заманының жойқын соғысы. Енді алдағы уақытта бұл соғыс болмасын. Халқымыз, еліміз тыныш заман болсын, іргеміз бүтін, ұлттар арасындағы татулық мәңгілік болсын.

Сүлеймен Өрікбаев Елбасы сәлемдемесін қалың қазақ елінің ыстық ықыласындай қабылдағанын да жасырмады. Расында, ерлік даңқы ешқашан ел жадынан өшпейді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов