«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бойынша тәулігіне 13 млн тонна тауар тасымалданады - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бойынша тәулігіне 13 млн тонна тауар тасымалданады

  • Сейсенбі, 25 Шілде 2017 21:42

Ғасыр жобасына баланған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі де еліміздің транзиттік әлеуетін едәуір күшейтті. Бұл жолмен қазір тәулігіне 13 млн тоннаға жуық тауар тасымалы жүреді. 2020 жылға бұл көрсеткішті 33 млн-ға жеткізу жоспарда.

Жол құрылысы кезінде 35 мың адам жұмыспен қамтылды. Қазір автодәліз бойындағы қызмет кешендерін көбейтуге күш салынып жатыр. Шығыс пен Батысты жалғайтын 40 күндік теңіз жолын 4 есе қысқартқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі 8445 шақырымды құрауы тиіс. Оның 2787 шақырымы біздің елдің 5 өңірін бойлай өтіп жатыр.

Игор Макарчуктың жүк тасымалымен айналысқанына 10 жылдан асқан. Ол Ресейден Алматыға жиһаз жеткізеді. «Бұрын жол ұзақтығы мен сапасыздығы қажытып жіберетін, қазір діттеген жерімізге еш қиындықсыз жетеміз», – дейді жүргізуші.

Игорь Макарчук, жүк көлігін жүргізуші:

-Бұрын 15 күн жүретін жолымыз қазір 2 есеге дейін қысқарды. Жол бойындағы кемпингтер де көбейді. Тіпті Еуропаның жолдарынан артық болмаса, кем емес.

Ал Қызылорда облысының аумағында жоба бойынша 41 сервистік кешен ашылуы тиіс. Бүгінде соның 16-сы іске қосылды. Көлік нөпірінің артуы Мүсілім Мұзафаровтың да бизнесін ширата түсті. Ол өткен жылы ғана ашқан қызмет көрсету орталығын биыл тағы кеңейтіп жатыр.

Мүсілім Мұзафаров, кәсіпкер:

-Бұрын қонақүйге 30-40 көлік тоқтайтын. Қазір 80-100 көлікке дейін көбейді. Кейде осы жерге сыймай кетеді. Сондықтан автотұрағымды 200 автокөлік сыятындай етіп кеңейтіп жатырмын.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

-Қазіргі таңда халықаралық магистральдың Сыр өңіріндегі бөлігі 99% дайын. Құрылысына 164 млрд теңге жұмсалған жолдың бойында 48 көпір, 14 жол айырығы салынды. Осы уақыт бедерінде аймақта 40 асфальт-бетон зауыты пайда болып, мыңдаған адам жұмысқа орналасты. Оған қоса облыстың инвестициялық тартымдылығы артып отыр.

Евгений Ким, облыс әкімінің орынбасары:

-«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы аясында облысқа 9 млрд. теңгедей инвестиция тартылды. Одан бөлек күре жол бойындағы көлік қозғалысы да жандана түсті. Мәселен, өткен жылы тәулігіне 3 мың автөкөлік жүрсе, биыл оның саны 5 мыңға жетті. 

Ал Оңтүстік Қазақстан облысында алып құрылыстың 95 пайызы аяқталды. Еліміздегі бірінші автотоннель де осы өңірде салынып жатыр. Жол қатынасының жақсаруы оңтүстіктегі туризмнің дамуына сеп болды. Осы ретте аймақта халықаралық талапқа сай 21 демалыс орны салынбақ.

Халықаралық дәліздің Ақтөбе облысындағы бөлігі 2013 жылы толық пайдалануға берілген болатын. 628 шақырым жолдың құрылысы 4 жыл ішінде аяқталған. Сапалы жолмен жүйіткіген көліктер саны да 3 есеге дейін артып отыр.

Бақтияр Жамбыл, ҚР ИДМ автомобиль жолдары комитетінің сыртқы зайымдар басқармасы басшысы:

-Бүгінгі күнде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» құрылыс жұмыстары кезінде жалпы 48 кәсіпорын ашылды. Сонымен қатар 8 кәсіпорын қайта жұмыс орындарын жандандырды. Және де 60-тан астам жол бойында қызмет ететін нысандарын салу жоспарда. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы басталмай тұрып, бізде 3-4 компания болатын. Қазіргі күнде олардың қатары 200-ден астам. Ұлттық компаниялардың саны көбеюде.

Сала мамандары: «2020 жылға қарай тек «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі арқылы жүк айналымы шамамен 33 млн тоннаға жетеді», – деп болжам жасап отыр. Бүгінде транзиттік жолы бар елдер жылына 1 трлн. доллар көлемінде табыс табатынын ескерсек, жүк тасымалындағы біздің елдің келешегі кемел деуге негіз бар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Жаңалықтарға жазылу

Календарь

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.