ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Astana Digital Forum» цифрлы технологияны дамытуға серпін береді

«Astana Digital Forum» цифрлы технологияны дамытуға серпін береді

Болашақта қала мен ауылдың сапалы ғаламторды пайдалану деңгейі тең болуы қажет.

Бұл туралы бүгін еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Astana Media Week» апталығы аясындағы «Astana Digital Forum» ашылу салтанатында мәлім етті. Абаевтың айтуынша, 2021 жылға дейін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында тағы 2 млн адам кеңжолақты ғаламтормен қамтылады. Осылайша ел экономикасын цифрландырудың ауқымы кеңеймек. Форумда цифрлық маркетинг, коммуникациялар саласындағы тың жобалар, мессенджерлер мен чат-боттар, Telegram арқылы табыс табу көздері талқылануда. Әрі Қазақстандағы криптовалюталар нарығының дамуы, электронды БАҚ, әлеуметтік желілер мен блогерлер, ғаламторда бизнес ашу жолдары және тағы басқа өзекті мәселелер талқыға салынды.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

– Әлемдік озық елдер қазіргі уақытта цифрлық экономика моделіне қарқынды көшуде. Осы тұрғыда елімізде Мемлекет басшысы ұсынған Қазақстанның үшінші жаңғыруы бағдарламасының аясында инновациялық жүйелерді нығайтатын іргелі бастамалар қолға алынуда. Соның маңызды бір бағыты – экономиканың жедел технологиялық жаңғыртылуы. Осы тұрғыда «Astana Media Week» алаңында цифрлы технологияны дамыту мәселесін қарау осы бағытта жасалған кезекті қадам деп есептейміз.