ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Елбасы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен кездесті

Елбасы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен кездесті

Еліміздің дамуына қомақты үлес қосып, қоғамға пайдасын келтірген, болашақ ұрпаққа үлгі болып, өзінің жаңашылдығымен көзге түскен 100 адам.

Бүгін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы қорытындыланды. Мыңнан іріктеліп, ілгері шыққан оларды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады.

Жұрағат Баман, тілші:

- Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауы тиіс. Елбасы осылайша тәуелсіздік жылдары елдің дамуына үлес қосқан, алайда есімдері тасада қалып қойған замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аудару керектігін жеткізді. Бүгін бұл идея «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырылды.

Еліміздің тәуелсіздік жылнамасы жазылғанына ширек ғасырдан енді асты. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымында еш күмән жоқ. Дегенмен осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдыр тұр. Елбасы бүгін сол аптал азаматтарды атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Я ознакомился вашими биографиями, вашей жизнью. Вы кипите в этом обществе, созидаете. Вы вышли вперед. И мы теперь встречаемся как 100 новых лиц годов независимости, которые победили, стали ведущими. Я вас поздравляю!

Елбасының рухани жаңғыруға қатысты тапсырмаларын жүзеге асыруға байланысты арнайы жұмыс топтары құрылған болатын. Солардың қатарында Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығымен бірігіп, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының басты органы ретінде белгіленген еді.

Барлығы бастапқыда аты ұлықтауға лайық деп 2 000 адам ұсынылған еді. Кейін жұмыс тобы ол қатарды 300-ге дейін қысқартып, оның ішінен ел үшін ерен еңбек еткен мықты жүздігін 1,5 миллион халық ғаламтор арқылы дауыс беріп іріктеген еді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 100 новых лиц Казахстана, которые выросли за 26 лет нашей независимости, это вы. Я знаю, что вы прошли через 3 тура конкурса. Было интернет-голосование за и против. Выбрали вас. Я смотрел, вы уникальны. Независимость дала вам возможность показать свои таланты, проложить путь в будущее. И самое главное - стать примером для молодежи, которая будет идти за вами.

Талантты да талаптыларды артқа тартатындар көп болады. Ол жасырын емес. Бірақ кертартпа сөзге қарамастан, арман-мақсатқа жету – болашаққа бағдары бар, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың қолынан ғана келетін іс. Осыны айтқан Елбасы жетістікке жеткен тұлғалардың ұмтылысы мен өзгеге көрсетер ұлағатына жоғары баға берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Талантливых преследуют, потому что талант выделился, он необычный среди других. А обычные говорят, это вот почему мы не такие, вот таланты. Его преследуют, а гениев убивают просто. Коперника сожгли, Леонардо да Винчи преследовали. Поэтому пробиться людям талантливым и гениальным очень трудно. Поэтому с другой стороны вы теперь герои, я хочу сказать. Вот почему для полного возрождения изменение сознания казахстанцев имеет огромное значение для нашего будущего.

Іріктеу барысында біржақты қарамай, азаматтың тұлғалық қабілетіне де баса назар аударылды. Оның бойында іскерлік, адамгершілік, білім, мәдениет деген ұғымдар болуы шарт болды. Жұмыс тобы таңдалған тұлғалардың бойынан осы қасиеттердің бәрін тапқан. Мәселен, олардың қатарында әлемді қазақи әуендермен таңғалдырған жас композитор бар. Бүгіннің өзінде жүздеген туындыны жазып шығарған талант иесінің жазбалары әйгілі Бах, Бетховендердің симфонияларын сақтайтын қорға енгізілген.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Я как обычно перед сном слушаю Моцарта. Мне нравится, успокаивает. И мне кажется, на него вошел небесный, космический дух. Такая музыка не может просто так родиться. Правильно? Как и у тебя. Но теперь буду тебя слушать.

Қазақ атын әлемге ғылым саласында жаңғыртып жүргендер де бар. Физика пәнінен дүниежүзілік олимпиадаларда бірнеше рет жеңіске жетіп, әйгілі NASA-да жұмыс істеп, ғарышқа SpaceX секілді ұшу аппаратын жөнелтуге атсалысқан қазақ баласы таныстырылды. Америкада тәжірибе жинап, енді елге қайта оралған Ернұр туған елдің дамуына атсалыспақ.

Ернұр Рысмағамбетов, жас ғалым:

- Мен қоғамға одан да зор үлес қосқым келді. 2009 жылдан бастап мектеп оқушыларын физика пәні бойынша дүниежүзілік олимпиадаға дайындауды бастадым. Мексикаға шәкірттерімізбен барып, екі алтын медаль, Таиландтан үш алтын медаль жеңіп алдық. Біздің еліміз Қазақстан ең үздік 10 мемлекеттің арасынан көрінді.

«100 жаңа есім» жобасына атыенгендердің бірі – Ерлан Күмісқалиев. Ол сал ауруына шалдыққан балаларды тегін емдейді. Өзі 36 жасында ауыр дерттен айыққаннан кейін қайырымдылыққа ден қойыпты. Ол жетекшілік ететін қоғамдық бірлестіктің құрылғанына биыл 5 жыл болды. Осы уақыт аралығында канистерапия, яғни итпен емдеу әдісі арқылы әртүрлі сырқатқа шалдыққан 300-ден астам бала ем-домнан өткен.

Ерлан Күмісқалиев, «Атырау. Шағын ел» ҚБ жетекшісі:

- «Қоғамға қандай пайда әкелдім, қандай із қалдырдым?» деген сұрақтар туындады. «Атырау. Шағын ел» орталығының жұмыс істеп келе жатқанына 5 жыл болды. Бәрі де тегін. Тиын алған емеспіз. Себебі бұл – менің қалауым. Осындай адамдардың бар екенін, ақжүректі, жомарт адамдар бар екенін қоғамға жеткізе білсек.

Туған жерге туың тік. Бұл – Баһаргүл Төлегенқызының өмірлік ұраны. Қытайдан Қазақстанға қоныс аударып, бизнес бастау оңай болған жоқ. Бүгінде ол қазақтың ұлттық қолөнерін насихаттап жүр.

Баһаргүл Төлегенқызы, жеке кәсіпкер:

- Ең бастысы – адал еңбек, Отанға деген адалдық, елді сүю. Рухани жаңғырудың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу. 20 жылдан бері қазақ халқының байырғы өнерін жаңғыртып, жаңа заман үлгісінде түрлендіруге атсалыстық. Елбасының қабылдауында болу – мен үшін үлкен мәртебе.

Тарихқа аттары таңбаланып жазылған 100 есім ішінде жас пен жасамыс, сан саланы тізгіндеген азаматтар бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы тізімге енбей қалған өзге тұлғаларды да ескеруді тапсырды. «Сондықтан барлығы елі, жері үшін қандай да бір сауапты іс сіңіріп кетуге ұмтылады деген үміт бар», – деп тәмамдады Президент.

Салтанатты шара қорытындысында есімдерін ел ескерген азаматтар естелік суретке түсіп, тарқасты.

Авторлары: Жұрағат Баман, Айдос Медельбеков