Жаңалықтар

Астаналық экономикалық форумын шетелдік басылымдар талқылап жатыр

Астаналық экономикалық форумын шетелдік басылымдар талқылап жатыр

Қазір форумда мыңға жуық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тынымсыз жұмыс істеп, жұмыр жерге тың ақпарат таратуда. Бұл жиын мұхиттың арғы жағында да қызығушылық туғызып отыр. 

Әйгілі Лэтин Американ Геральд Трибюн астаналық диалог алаңының ауқымдылығын атап өтті. Журналистер форумға Apple компаниясының негізін қалаушылардың бірі – Стив Возняк, БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы Пан Ги Мун мен Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олландтың қатысып жатқаны туралы жарыса жазып жатыр.
Жаһандық сын-тегеурін саммитіне 24 мемлекеттен 450-ге жуық саясаткер, ғалым, экономист, журналист келді. Олар шамамен 100-ге тарта панелдік сессияларға қатысып, түрлі тақырыпта ой қорытпақ.
Қытайдың «Синьхуа» ақпараттық агенттігі Астаналық экономикалық форумы аясында Қытай мен Еуразиялық Экономикалық Одағы елдері сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғаны туралы ақпарат таратты.
Бұл құжат тарифтік емес сауда тосқауылдарын одан әрі төмендетуге, индустриалды даму үшін қолайлы жағдай жасауға, Қытай мен Еуразиялық Экономикалық Одақ арасында экономикалық және сауда қатынастарының терең дамуына ықпал етпек. Келісім кедендік ынтымақтастық, саудаға жәрдемдесу, интеллектуалдық меншік құқығы, салалық ынтымақтастық және мемлекеттік сатып алулармен қатар электрондық коммерция мен бәсекелестік сияқты тақырыптарды қамтиды.
Әзербайжанның Каспий өңірі, Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия жаңалықтарын жариялайтын тәуелсіз «Тренд» басылымы Астаналық экономикалық форумының маңыздылығына тоқталған. Журналистер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Криптовалюта пайдалануда жалпы ережелер қабылдау» керек деген пікірін жариялады.
Бірқатар елдер қаржының қазіргі жүйедегі конфигруацияларға бейімделу жолдарын қарастырып жатыр. Бірақ бұл түйткілді шешуде мемлекеттердің алған бағыттары сан түрлі. Бұдан нәтиже шықпайтыны анық. Осы ретте жалпы ережелер қабылдануы тиіс.