Экономика

Ақтөбеде «Туған жер» республикалық форумы аясында 20-дан астам меморандумға қол қойылды

Ақтөбеде «Туған жер» республикалық форумы аясында 20-дан астам меморандумға қол қойылды

Оған өкше ізі осы өңірден шыққан белгілі тұлғалар жиналды.

Күн тәртібіне шығарылған мәселе көп. Нәтиже де. Мәселен, меценаттар аймақты дамытуға 5 млрд теңге жұмсауға даяр екендіктерін жеткізді. Нақты бекітілген келісімдер де бар.

Ауқымды форумға келген меймандардың ұзын саны 300-ден асады. 20 елден жеткен азаматтардың барлығы – өз ісінің білікті мамандары. Дәрігерлер, кәсіпкерлер, жазушылар мен қоғам қайраткерлері. Мұхиттың ар жағынан жеткен Жолдас Құлжанов – Сент-Луис қаласындағы беделді ортопед-дәрігерінің бірі. «Туған жермен әрдайым байланыстамын», – дейді.

Жолдас Құлжанов, профессор, Сент-Луис ауруханасының дәрігер-ортопеді (АҚШ):

-Мені Ақтөбеге осыған дейін шеберлік сағаттарын өткізуге шақырған болатын. Содан бері тығыз қарым-қатынас орнаттық. Осымен 4-ші рет келіп отырмын. Осы уақыт аралығында медицина саласының дамығаны байқалады. Облыста құрылған медициналық кластердің де болашағы зор деп ойлаймын.

Жерлестер форумы облыстың экономикасына жаңа дем беруі тиіс. Бүгінгі кездесу барысында меценаттар өңірдің дамуына 5 млрд теңге бөлуге даярлығынын жеткізді. Жалпы кәсіпорындар мен өндірісті жандандыруға бағытталған құны 80 млрд теңгеге жуық 20-дан астам меморандумға қол қойылды.

Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде көптеген нысанның құрылысы басталды. Жергілікті кәсіпкердің қаражатына салынған жекпе-жек сарайында бүгін алғашқы жарыстың туы көтерілді. Қазақстан Президенті жүлдесіне дзюдодан 9 елден келген балуан күш сынасты. Байрақты бәсекенің құрметті қонағы болған даңқты спортшы Жақсылық Үшкемпіров туған жерге ыстық ықыласын білдіріп, спорт сарайын салған азаматтарға алғысын айтты.

Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада чемпионы:

-Бәріміз де патриот болуымыз керек. Еліміз, жеріміз үшін қасық қанымыз қалғанша сол жерді қорғай білуіміз керек. Осыдан 5 ай бұрын келгенмін. Қазір қандай тамаша спорт кешендері салынып жатыр. Жаңа көшеде жүрдім, кеше спорт кешендерін араладым. Сондықтан осындай елін, туған жерін ойлайтын іскер жігіттер көбейсе екен.

Форум аясында жүзден астам кездесу өтеді. Ғылыми конференциялар мен шеберлік сағаттарында қонақтар тәжірибесімен бөлісті. Білікті дәрігерлер болса, облыс орталығы мен аудандарды аралап, 25 күрделі операция жасайды. Жалпы өңірде биыл «Туған жерге тағзым» акциясы жалпы сомасы 1 млрд 300 млн теңге болатын 555 жобаны жүзеге асыруға мұрындық болған. Бүгінгі форум – бұл үрдістің жалғасы.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов