Еліміздің алып шаһарларында «Мәңгілік полк» шеруі өтті - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Еліміздің алып шаһарларында «Мәңгілік полк» шеруі өтті

  • Сейсенбі, 09 Мамыр 2017 22:10

Қан майданда шайқасқан, жау қолынан қаза тапқан батыр бабаларының портреттерін алып,  бас көшелермен жүріп өтті. 

Қазақтың қаһарман ұлы, батыр Бауыржан Момышұлы «Өршіл рухтан өлмес ерлік туады» деген. Отан үшін отқа түскен өршіл бабаларын еске алу үшін бүгін мыңнан астам жамбылдық Тараздағы «Мәңгілік алау» монументі маңына жиналды. Шеру дәл осы тұстан қаланың орталық алаңына дейін созылды. Мектеп оқушылары, соғыста қаза тапқан майдангерлердің ұрпақтары, қала және облыс тұрғындары қолдарына Ұлы Отан соғысына қатысқан әке-аталарының, туған-туыстарының портреттерін ұстап жүріп өтті. Бүгінгі ұрпақ қиян-кескі соғыста ерлік көрсеткен майдангерлердің есімі мәңгі өшпейтінін осылайша білдіріп отыр.

Бағила Көшербайқызы, Тараз қаласының тұрғыны:

- Отанымыз үшін ерлік жасаған аталарымыздың суретін көрсетіп шықтық. Бұл кісілердің ерлігі мәңгі өшпейді, өлмейді. Бұл жерде кішкентай баладан еңкейген қартқа дейін жүр. 

Әрбір сурет – өзінше бір тарих. Олардың әрқайсысы – жаумен күресте жеңіске жету үшін, келешек ұрпақ үшін өмірін қиған ерлердің бейнесі. Сол үшін де батырлардың портреттерін тәуелсіз елде, бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқан ұрпақтары мақтанышпен ұстап жүр. 

Барлығы Жамбыл облысынан соғысқа 70 мыңнан астам адам шақырылған, 34 мыңы майданнан қайтқан жоқ. Сондықтан да олардың жақындары үшін бүгінгі шараның маңызы өте жоғары.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысынан Ұлы Отан соғысына 140 мың жауынгер аттанған екен. Бүгін батыр бабаларының ерлігін еске алған ұрпақтар Шымкентте өткен шеруге қатысты. «Мәңгілік полк» шеруі орталық стадионнан басталып, Даңқ аллеясына дейін жалғасты. Барлықтарының қолында Отанын ерлікпен қорғаған туыстарының суреті. Бірі атасының, енді бірі бауырының суретін зор мақтанышпен алып өтуде. Солардың бірі – Айдана Баймұхамедова. Ол атасы Сейітхан Құлтаевты еске алу үшін осында келген. 1941 жылы соғысқа аттанып, 1951 жылы оралған Сейітхан Рахымжанұлының майданнан кейінгі өмірі туралы немересінен сұрап білсек. 

Айдана Баймұхамедова, ҰОС ардагері С.Рахымжанұлының немересі:

- Менің атам соғыс біткен соң ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеген. Елге еңбек еткен. Халықтың адамы болған.

Айта кетейік, «Мәңгілік полк» шеруіне 1500-ден аса облыс және қала тұрғыны қатысты. Жеңісті жақындатып, бізге бейбіт өмірді сыйлаған ардақты жандарды қалай ұлықтасақ та жарасымды. Әрбір жауынгердің есімі тарих бетінде мәңгіге елін, жерін қорғаған батыр ретінде қалары анық.                                 

«Мәңгілік полк» қозғалысына петропавлдықтар да үн қосты. Сол бір сұрапыл соғыста қаза тапқан сарбаздарға тағзым ету мақсатында ұйымдастырылатын шара теріскейде осымен төртінші мәрте өткізіліп отыр. Былтырғы жылы аталған акцияға 5 мыңға жуық солтүстікқазақстандық қатысқан екен. Биыл да осынша адам «Мәңгілік полк» қатарында сап түзеді. Еңкейген қариядан бастап еңбектеген баланы да көруге болады.

Суреттері көп, бірақ өздері жоқ. Жүздерін көрмесек те, батырлық бейнелері қалды. Бірі әкесінің, бірі атасының, енді бірі бауырлары мен туған-туыстарының суреттерін мақтанышпен ұстап, орталық көшелермен жаяу жүріп өтті. Ұрпақтары батыр бабасы болғанын мақтан тұтады. Шараға қатысушылар бейбіт өмір сыйлаған майдангерлерге: «Мың алғыс!» – деп ұрандатты.

Айман Әжбенова, ҰОС ардагері К.Божатовтың қызы:

- Осы күнге жеткізген әкемді мақтан тұтамын. Менің әкем – Күзембай Божатов. Осы күнге бәрімізді жеткізген сол кісілер. Мақтан тұтамыз. Келешекте ұрпағымыз осындай болсын. Әкеміз батыр, командир болған.

Осылайша үш шақырымға жуық қашықтыққа созылған шеру мәдениет және демалыс саябағындағы Даңқ ескерткішіне гүл қоюмен аяқталды. 

Шығыстағы ел-жұрт Жеңістің 72-көктемін «Сізге бас иеміз» деген  атаумен  ұйымдастырды. Яғни соғыстан аман оралған ардагерлеріміз ардақталып, шейіт болғандардың рухына тағзым жасалып жатыр. Бүгінгі мерекеде «Мәңгілік полк» шарасына басымдық берілді.  

Оған облыс бойынша 10 мыңға жуық адам қатысты. Ұрыста қаза болған аталарының портреттерін ұстаған ұрпақтары олардың ерліктерін елмен бөлісті. Майданға бір отбасыдан Дүсіп Қарабаев пен Төлеухан Балтабаев та аттанады. Бірнеше рет жараланса да, елге аман оралады. 

Арынғазы Балтабаев, қала тұрғыны:

- Әкем соғысты Сталинградта бастап, Румынияда бітірді. Жездем Мәскеудің түбінде шайқаста болып, Кюнсбергте бітірді. 

Қазір облыста 330 соғыс және 25 мыңнан астам тыл ардагері тұрады. Оларға мерекеге орай қаржылай және материалдық көмектер көрсетілді. Бүгінгі мерекелік шара түннің бір уағына дейін жалғасып, соңы арнайы отшашумен түйінделмек. 

Бүгінгі мерекені астаналықтар да қуанышты көңіл-күймен белсенді түрде атап өтті. Батыр бабаларының портреттерін қолдарына ұстаған тұрғындар түс кезінде «Қазақ елі» алаңына жиналды.

Қатысушылар арасында еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бар. Қатысушылар: «Ел қорғаған аталар есімін мәңгі ету үшін мұндай марш қажет», – дейді.

Белгіленген уақытта ұзындығы бір шақырымнан асқан адамдар легі әскери техникалардың бастауымен «Отан қорғаушылар» монументіне бет алды. Екі аралықтың жалпы ұзақтығы 3,5 шақырымды құрайды. Жол бойы майдан жылдарындағы әндер шырқалып, шара соңында «Жеңіс күні» композициясы орындалды.

Астанада өткен шеру ауқымдылығымен де ерекшеленеді деуге болады. Оған шамамен 10 мыңнан астам тұрғын қатысты. 

Авторлары: Нұржан Мергенбай, Нұрбек Байбосын, Самат Қайырденұлы, Олжас Керейхан, Ердәулет Байдуллаев

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Календарь

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.