×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 144

Қоғам

Жолдау жүктеген міндеттер қандай?

Жолдау жүктеген міндеттер қандай?

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері».

Бүгін жарияланған Елбасының халыққа Жолдауы осылай аталады. Құжатта Нұрсұлтан Назарбаевтың нақты 10 басымдыққа назар аударғаны айтылды.

Елбасы биылғы жылғы дамудың нақты 10 қадамын айқындап берді. Оған қол жеткізу үшін барлық сала сандық жүйеге өтіп, жаңа технология кешенді түрде енгізіледі. Алдымен Индустрияландыру сандық дәуірге көшеді. Экспорт үлесін арттыратын тың технологиялар өндіріске еніп, цифрландыру бойынша бірқатар отандық кәсіпорынның қанатқақты жобасы жасалады. Цифрландырудың ендігі бір парасы көлік-логистика инфрақұрылымынан көрініс табады. Жүк қозғалысын онлайн-режимде бақылап, транзит кедергісіз өту үшін блокчейн сынды жаңа сандық жүйе енгізіледі. Өңірлердегі автожолдар жүйесі жөндеуден өтеді. Мемлекет басшысы бұл жұмыстарға бөлінетін қаржы көлемін болашақта 150 млрд теңгеге дейін  жеткізуді тапсырып, аймақ әкімдерін белсенді қатысуға шақырды. Тың технология жолдаудың бесінші басымдығында белгіленген құрылыс және коммуникация саласына да елеулі өзгеріс әкелмек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 пайызға өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек. Ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажет. Әкімдер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі негізінде белсенді шешуі керек. Ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет.

Биыл қаржы саласы қайта жаңғыртылады. Банк портфелі «тиімсіз» несиеден арылады. Банк иелерінен экономикалық жауапкершілік талап етіледі. Яғни акционерлердің банк қаражатын үлестес компанияларға беруі ауыр қылмысқа жатқызылады. Осыны реттеуде Ұлттық банктің қадағалау құзыретін күшейту қарастырылмақ. Сондай-ақ қор биржасы дамытылады. Адами капиталды дамыту биылғы жолдауда жалғасын тапты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет. Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады. Мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді тапсырамын. Категорияларды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру керек. Нәтижесінде мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 пайыздан 50 пайызға дейін өседі. Бұл үшін биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажет.

Тың технология денсаулық саласын айналып өтпейді. Енді созылмалы дертті емдеуде қашықтықтан диагностика жасау жолдары қарастырылады. Онкологиялық аурумен күресте кешенді жоспар қабылданады. Электронды денсаулық паспорты енгізіліп, ауруханалар қағазсыз режимге біртіндеп көшеді. Сандық жүйе әлеуметтік саланы мейлінше оңтайландырады. Жолдауда көрсетілгендей, негізгі мамандықтардың нақты стандарттары бекітіледі. 2018 жылдың 1 сәуіріне дейін электронды еңбек биржасы заңын қабылдау көзделген. Жаңа жолдауда мемлекеттік басқару саласына енетін жағымды жаңалықтар да бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленген. 2020 жылдан бастап бұл нормалар барлық елді мекендерде күшіне енеді. Салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты ауыл бюджетіне берілді. Бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік береді.

Жаңа технология өмірімізді жеңілдетіп, бармақ басты, көз қысты әрекеттен тыяды деген үміт бар. Жолдауда жемқорлықпен күреске және заң үстемдігіне басымдық берілген. Бұл салаларға да сандық жүйенің жетістігі кіріктіріледі. Осылайша азаматтар өтініштерінің қалай қаралып жатқанын бақылап, дер кезінде жауап алады. Ірі қала тұрғындарының өмір сапасын жақсарту үшін «ақылды қала» тұжырымдамасы енгізіледі. Бұл ретте Астана тәжірибесі өзге өңірлерге үлгі болмақ.

Авторы: Гүлназ Қабидоллақызы