ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Қызылорда өңірінде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға басымдық берілген

Қызылорда өңірінде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға басымдық берілген

Аймақ қазір майлы дақылдардың көлемін көбейтіп, күздік бидайдың өнімділігін арттыруға ден қойды.

Қырманын астыққа толтырып, мақсарыдан май сыққан Ақмая ауылының осы бағыттағы аяқ алысы жақсы.

Осыдан 3 жыл бұрын шаруасы шатқаяқтаған шаруашылық биылғы егін маусымында үздіктер қатарынан көрінді.

Соңғы жылдары Сыр өңірінде күздік бидайдың көлемі өсіп, өнімі көбейгенін байқауға болады. Мәселен, өткен жылы бұл дақыл 2183 гектарды құраса, биыл мың гектарға артып отыр. Күздік бидай Қызылорда өңірінің оңтүстік аудандарында ғана егіледі. Ауа райы қолайлы Ақмая ауылында биыл аталған дақыл 330 гектарға себілді. Ресейдікімен бірге отандық сұрыптарды да аудандастырған шаруа қожалық тұқым жаңартуға ерекше мән беріп отыр.

Сәрсенбай Көбеген, агроном:

– Күздік үш сортты бидай «Стекловидный», «Красноводопад» және «Наз» шаруашылықтарында аудандастырылған. Өнімді былтыр да, биыл да 20 центнерден алдық. Тұқым жақсы болмаса, өнім де дұрыс алынбайды. Сондықтан 2-3 жыл егілгеннен кейін тұқымның элитасын алып, қайтадан егеміз.

Биыл ақмаялықтар күріштің әр гектарынан 71 центнер айналдырған. Бұл – облыс бойынша үздік көрсеткіштердің бірі. Мол өнім алуға ауыспалы егіннің де әсері бар. Сондықтан мақсары егуді де дәстүрге айналдырыпты. Тіпті оның майын сығып, ауылдықтарға тегін үлестіреді екен. Соңғы жылдары ғана шаруасына шырай біткен шаруашылық ауылға әлеуметтік тұрғыдан да көмек беріп келеді.

Дәулет Жұмбеков, шаруа қожалығының төрағасы:

– Біз 10 мың оралым шөп таратып беріп жатырмыз. Сосын 20 тоннадай ақ күріш пен 4 тоннаға жуық май бердік. Ауылдың жер үлескерлеріне жылда беріп тұрамыз. Ауылдың жастарына спорт нысанын да салудамыз. Жастарымыз жоғары деңгейдегі марапаттарды алып жүр.

Кенжетай Палмағанбетов, Ақмая ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бұрынғы осы шаруашылықтың жері кепілдікпен банкке қойылып кеткен еді. Ол соңғы 3 жылда қайтарылып, кепілдік алынып, қазір шаруашылықтың өзінің иелігінде. Содан бері жұмыстар да алға басып жатыр. Соңғы 3 жылдан бері ауылдың жағдайы жақсарды.

Бүгінде жаңа спорт кешенінде 150 жас шынығып жүр. Болашақ бокс, күрес, таэквандо шеберлеріне барлық жағдай жасалған. Енді шаруалық ауылдан күріш зауытын салуды жоспарлап отыр. Жаңа өндіріс іске қосылса, ауылдың тағы 20 тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасатын болады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов