Қоғам

«Нұр Әлем» музейінде роботтар көрмесі ашылды

    Жұма, 06 Шілде 2018 19:29

Елорда күнін тойлауға «Астана-ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы арнайы ойын-сауық бағдарламасын әзірлепті. Қалашықта цирк қойылымдары ұсынылып, ашық алаңда отандық жұлдыздар өнер көрсетуде. Ал «Нұр Әлем» музейінде роботтар көрмесі ашылды.

«Қоршауына қарап таң қалдық, дуалына қарап тамсандық». Дүйім жұртты осылай тәнті қылған «ЭКСПО» аумағындағы сәулеті келіскен «Нұр Әлем» түрлене түскен. Демалыс күндері 3 мыңға дейін адам келіп аралайды екен. Алмас Қарымсақов ЭКСПО-ға жаз бойы туған-туыс достарын әкеліп аралатқан. Құлтемірлермен тілдесуді үйреніп алған.

Қазір елорданың мерейтойына орай мұнда Астананың тарихы туралы, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңі мен мемлекеттік даму стратегиясы жайлы ақпарат беретін инновациялық инсталляциялар қойылған. Гид қызметкерлердің тең жартысын роботтар алмастырған.

Барлығы музейде 17 робот жұмыс істейді. Жыл соңына дейін олар қазақ тілінде сөйлеуге үйренбек. Мәселен, мына пысық робот еден жуса, көк түсті құлтемір тәртіп сақшысы. У-шу шыға қалса, ескерту жасайды. Роботтардың барлығы биге құмар.

Бірінші қабатта қала күні отандық цирк қызметкерлері өз өнерлерін ортаға салады. Келушілер осы маңда ойын залына да кіріп, көңіл көтермек.

Нұрлыбек Қаналы, Астана қаласының тұрғыны:

-Зомбиларға қарсы ойнадым, олар маған шабуыл жасады. Мен қорғану керек болдым, соңғы келген зомбилардан ұтылып қалдым.

Индира Жылқайдарова, тілші:

-Біз қазір виртуалдық шындық зертханасында тұрмыз. Мұнда еліміздің бас шаһары Астана, Алматы қалаларына, этноауылға саяхат жасауға болады. Біз сол ежелгі қазақ қонысына барып көреміз қазір. Міне, нағыз қазақтың жайлауына топ ете түстім, бұл жерде 4 бірдей ақшаңқан киіз үйді көріп тұрмын. Сондай-ақ ұлттық шапан киген ер азамат маздаған оттың жанында отыр.

«ЭКСПО» ұлттық компаниясы Астананың 20 жылдығына орай арнайы ойын-сауық бағдарламасын да әзірлепті.

Нұргүл Алипинова, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ департаменті директорының орынбасары:

-Ашық музыкалық алаңда 7 шілдеден бастап арнайы музыкалық ойын-сауық бағдарлама басталады. «ЭКСПО» аумағында «Шапито» циркі ашылатын болады.

Айта кетейік, «Нұр Әлем» музейін ғана жыл соңына дейін 500 мың адам аралайды деген болжам бар.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Әлібек Әлиев

Астана күні аймақтарда көптеген әлеуметтік нысан ашылды

    Жұма, 06 Шілде 2018 19:26

Өңірлерде де мерекелік көңіл-күй анық сезіледі. Мәдени шаралардан бөлек, бұл күні аймақтарда ашылып жатқан әлеуметтік нысандар көп.

Астананың 20 жылда жеткен жетістігі бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші. Сондықтан әрбір өңір елордаға өзінше тарту жасап жатыр. Жетісудың жүрегі – Талдықорғанда мерекеге орай бірден 4 көшенің атауы жаңарды. Үшеуіне елге еселі еңбек еткен танымал тұлғалардың есімі берілді. Ал ең ұзын жаңадан ашылған даңғыл «Астана» атымен айшықталды.

Астананың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, қалааралық байланысты тереңдетуге дәнекер болған бірқатар азаматтар елорданың 20 жылдығы құрметіне шығарылған мерекелік медальмен марапатталды. Ал 10 адам пәтерлі болды.

Сәуле Арзанбекова, Талдықорған қалалық әкімдігінің бөлім басшысы:

-Екі балабақша бар. Әрқайсысы 300 орынды. 1 жалпы білім беретін 900 орынды мектеп бар. Соның барлығы Астананың қарқынды дамып келе жатқанымен қатар болып жатыр. Оған бәріміз ризамыз.

Бүгін Сыр елінің халқы да арқа-жарқа қуанышқа кенелді. Бір күнде үш ауданда  бірнеше әлеуметтік нысан бірінен соң бірі ашылды. Әсіресе Жалағаш ауданының Мәдениет ауылының тұрғындары үшін тарихи күн болды. Ауылда  клуб пен спорт кешені және балабақша пайдалануға берілді. Бұған дейін елдімекенде түрлі мәдени шаралар асар әдісімен салынған ескі ғимаратта өтетін. Ал ауылдағы жалғыз балабақшаның жағдайы да осындай күйде еді. Енді, міне, әлеуметтің әлеуетін көркейтетін нысандар Астананың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс ашылды.

Бағдагүл Балапанова, Мәдениет ауылының тұрғыны:

-Бұрын балабақшамыз болған, бірақ кейіннен совхоз тарағаннан кейін бұзылып кетті. Одан кейін 40 орындық балабақша болған. Ол совхоздың конторы еді. Бүгін, міне, ауылымызда керемет ғимарат ашылып, ата-аналар да, ауылдың халқы да шексіз қуанышта.

Астана тойын атыраулықтар да алқалап жатыр. Махамбет ауданы Береке ауылында 200 орындық мәдениет үйі есігін айқара ашты. Жаңа нысан – Солтүстік Каспий жобасын игеруші мұнай компаниясының  халыққа тартуы.  Өткен жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағдарламасы аясында Атырауда жалпы құны 300 миллион АҚШ долларына 90 нысан іске қосылды. Былтыр дәл осы Береке ауылында 280 орындық мектеп пайдалануға берілген. Енді, міне, тағы қуаныш.

Замиғолла Зинуллин, Береке ауылының тұрғыны

-Халық игілігіне жасалған игі іс. Алла тағала осыны қолдасын. Біздің Атырау облысы гүлдене берсін деген тілегім бар. «Береке» – берекелі болсын.

Астананың мерейтойын шығыстағы ел-жұрт та жоғары деңгейде тойлап жатыр.  Қоғамдық институттар бас қаланың саяси һәм мәдени мәртебесін айқындайтын  түрлі шарларады өткізді. Қазақстан Халқы Ассамблеясының өңірдегі өкілдері бүкіл елдің өсім-өлшемін Астананың бүгінгі жан-жақты жетістігімен байланыстырады.

Лео Щик, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі:

-Мен Астананы Президент Назарбаевтың баласы дер едім. Көз алдымызда өсіп-өркендеп келеді. Астана бұл түрлі саяси басқосулардың нақты шешімі қабылданатын әлемдегі қалалардың алдыңғы қатарына еніп үлгерді. Бір ғана Сирия мәселесі бойынша Астана процессінің қалай өтіп жатқанын естіп-көріп жүрміз. Сондықтан елдің ішкі татулығы мен сыртқы саясаттағы салмағына қарап, біздің елордамызды бейбтшіліктің бақ мекені деп сеніммен айта аламын.

Елордаға қарап, ел еңсе тіктейді. Сондықтан бүгін ел болып, елорданың 20 жылдығын ұлықтау мәңгілік елдің ұлы істерді атқарудағы жолдың басы ғана.

Авторы: Олжас Керейхан, аймақтағы әріптестердің көмегімен

«Астана самалы» фестивалі елорданы әсем әуенге бөледі

    Жұма, 06 Шілде 2018 19:22

Дәл қазір Астанада мерекенің нағыз қызған шағы. Санаулы сағаттар бұрын ғана қала көшелерімен үрмелі аспап оркестрлері жүріп өтті.

«Астана самалы» деп аталатын фестивальға отандық оркестерлерден бөлек, шетелдің өнер ұжымдары да қатысты.

Риат Шони, тілші:

-Бұл «Астана самалы» деп аталатын үрмелі аспаптар оркестрінің фестивалі. Жыл сайын осы айтулы күнде өтетін дәстүрлі шара. Осымен тоғызыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Мұнда әдеттегідей Қазақстанның және де көрші елдердің үздік оркестрлері өз өнерлерін ортаға салып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлау үстінде. Тамаша әуендерімен халықты баураған өнер ұжымдарына тоқталар болсам, бүгін шараға Ұлттық «Ұланның» үлгілі көрсетілімді оркестрі, Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жиынтық үрмелі аспаптар оркестрі және де Новосібірлік «Сибирский диксиленд» джаз-оркестрі мен «Барнаул» үрмелі аспаптар оркестрі сынды ұжымдары қатысып жатыр. Соңғылары елордалық сахнаға алғаш рет шығып отыр. Құрамында 60 музыкант бар.

Александр Онищенко, «Барнаул» үрмелі аспаптар оркестрінің бас дирижері:

-Осы фестивальға бізді көптен бері шақырып келеді. Тек биыл ғана Барнауылдан Астанаға келу сәті түсіп отыр. Астананың ауқымы мен даму қарқынына тәнті болдық. Барнауылдан үш ұжым келді – үрмелі аспаптар оркестрі, барабаншылар ансамблі және құрметті қарауыл ротасы курсанттарының взводы. Біздің репертуарымызда классикалық, латынамерикалық музыка бар.

Иә, көзбен көретін тамсанатын нәрсе көп. Жалпы сағат 11.00-де басталған оркестрлер шеруіне қатысушылар «Жастар» сарайынан бастап Әскери-тарихи музейге дейін әуендетіп өтеді.

Биыл Астана аумағына 386 мың ағаш егілген  

    Сәрсенбі, 04 Шілде 2018 13:56

Оның 208 мыңы елорданың «Жасыл белдеуінде», қалған 178 мыңы қаладағы саябақтар мен гүлзарларда. Тізімде күні кеше ашылған ботаникалық саябақ та бар.

Бірлік Берікұлы, тілші:

-Жапырақ санап жүр деп ойламаңыз. Бұл ағаш саны. Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арнайы салынып жатқан ботаникалық саябақта 95 мың ағаш отырғызылған. Бұл – елорда күніне арнайы салынған ботаникалық саябақ. Кіреберісі әдемі көпірден басталады. Астында су, түрлі түсті жарық шашқан субұрқақтар. Еріксіз, бәлкім естелік үшін суретке түсуге шақырып тұрғандай. Расында қараңызшы, қандай әдемі. Мұнда 2 жылыжай бар. Олардың бірінде тропикалық өсімдіктердің 40-тан астам түрі, екіншісінде шөлейтті өсімдіктердің 40 түрі өсіріледі. Болашақта мұнда астаналықтар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыстын мүмкіндік бар. Киіміме назар аудармай-ақ қойыңыздар. Спортпен айналысқым келіп кетті. Неге дейсіз ғой, ботаникалық саябақта спортпен айналысу үшін тегі барлық мүмкіндік жасалған. Атап айтқанда, велосипедпен жүріп қайтам десеңіз де, әлде жаяу жүргіншілер жолымен жүгіріп қайтамын десеңіз де. Тіпті жай ғана  серуендеп қайтам десеңіз де арнайы жолдар құзырыңызда. Жалпы ботаникалық саябақ тек серуендеп емес, спортпен шұғылданып қайтуға да таптырмас орын. Онда түрлі жаттығу алаңдары бар. Шаршасаңыз, WI-FI бар орындыққа отырып, тынығып алсаңыз да болады. Қазақстандағы ең алып айналатын дөңгелек. Елордаға келген әрбір қонақ, әрбір тұрғын, тіпті сіз болсаңыз да көрікті шаһарға көктен көз тастауды жөн деп санайсыз. Ендеше, бізде барып көрейік.

Астанаға келген әрбір адам осы алып айналатын дөңгелекке отыратыны сөзсіз. Себебі елорданың сұлулығын бір мезетте аралап көру мүмкін емес. Қандай әсем табиғат. Онымен қоса тоқтаусыз салынып жатқан құрылыс алаңдары көздің жауын алып, Астананың күннен-күнге өсіп жатқандығын білдіреді емес пе? Мың рет естігенше бір рет көріңіз.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Әліби Ерел