ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Биыл Қазақстанның әлемдік аренадағы саяси салмағы еселене түсті

    Дүйсенбі, 18 Желтоқсан 2017 20:15

Тәуелсіздік тарихы ширек ғасырдан асып барады. Биыл Қазақстанның әлемдік аренадағы саяси салмағы еселене түсті.

Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі қызметін абыроймен атқарды. Халықаралық ұйым төрінен өзекті мәселелерді көтеріп, Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстарға тосқауыл қою бойынша қадамдар жасады.

«ЭКСПО-ны» еңсеріп, сыртқы елдермен тиімді келіссөздер жүргізді. Экономиканы индустрияландыруда жаңа басым бағыттар түзілді. Алдағы бес жылға арналған цифрландыру бағдарламасы қолға алынды. Ең бастысы, ғаламдық өзгерістердің көшіне ілесу үшін азаматтардың санасын жаңғырту бойынша жұмыстар жанданды. Елбасы халыққа «Рухани жаңғыру» мақаласын арнады.

Тәуелсіздікпен түйдей құрдас Нұрсұлтан Рахыш үшін биылғы жылдың жөні бөлек. Ол заманға лайықталған жиналмалы бесікті нарыққа ұсынды. Жас кәсіпкер ұлттық дүниелерді дамытпақ.

Нұрсұлтан Рахыш, тәуелсіздік құрдасы:   

– Қазақстан үшін, ел үшін, жер үшін өз еңбегімді аянбай төксем, жасасам деймін. Биыл Алаштың 100 жылдығына орай Ахмет сияқты, Әлихан сияқты солардың ізін қусам деймін.

Егемендікпен тел өскен жігіт ұлттық бесікті ұлықтаса, Қазақстан дүние бесігін бейбіт бастамаларымен тербетті. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жыл бойы жауапты қызмет атқарды.

Сирияда сорлаған бейбіт халықтың қамы үшін бітімгерлікке шақырып, келіссөздерге Астана төрін ұсынды. Жалпақ жұрттың назарын өзіне аударған бас қала, «ЭКСПО» көрмесімен ел абыройын асырды. Қазақстанның саяси сенімі мен тұрақтылығына әлем тағы бір көз жеткізді.

Кезекті жеңіс. Тарихта алғаш рет Астана футболшылары Еуропа лигасының плей -офф кезеңіне өтті.

Біздің жігіттердің осал еместігін Димаш та дәлелдеді. Кезінде Әміре Қашаубаев Парижді дүрліктірсе, Димаштың үні төрткүл дүниені шарлады. 

2017 жыл елдің ішкі өміріне де елеулі өзгеріс әкелді. Елбасы болашаққа бағдар жасап, «Рухани жаңғыру» мақаласын ұсынды.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Жылдың басында жарияланған Елбасының «Рухани жаңғыру», яғни біздің ұлтымыздың қайта өркендеу дәуірі басталып келе жатыр. Бұл жай ғана рухани сілкініс емес, бұл – біздің мәңгілік ел болатын жолға бет алуымыз. Латын қарпіна көшу – дүниежүізілік қоғамдастыққа қазір біздің үйлесімділігімізге зор ықпал тигізетін болады.

Замана көшіне ілесу үшін сананы жаңғыртуды «Астана Опера» театрының солисі Медет Шотабаев та қолдайды. Жетістігімен елге танылған отандасымыз «100 жаңа есімнің» қатарында.  

Медет Шотабаев, «Астана Опера» театрының солисі:

– Осы жылы мен Грац деген қалада В.Беллини «Норма» деген операсын орындап шықтым. «Фальстав» деген операларды Женевада айттым. Көп көп концерт болды, көп спектакль болды. Келесі жылға контрактар бар. Австралияда Вольдердің операсын айтамын.

Гүлназ Қабидоллақызы, тілші:

– Биыл қол жеткізген толайым табыстардың бұл бір белесі ғана. Тәуелсіздік тарихында таңбаланған әр күн бізге қымбат. Әр сәттің жаңалығы жанымызға жақын. Себебі ол – біздің асуымыз, меншікті жолымыз. Аялы арманымыз. Бұл – біздің мереке.  Елдігімізді еңселі еткен егемендік күні құтты болсын!

Автор: Гүлназ Қабидоллақызы

 

 

Қарағанды облысында кәсіпкер туған ауылына бөбекжай салып берді

    Дүйсенбі, 18 Желтоқсан 2017 20:01

Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Қайнар ауылында жаңа балабақша пайдалануға берілді.

Бұл жергілікті кәсіпкер – Сейітжаппар Нығметовтың туған ауылына тартуы. Атымтай жомарт 60 миллион теңге қаражат бөліп, аз уақытта зәулім ғимарат салып берген.

Бұған дейін елді мекенде мектепке дейінгі мекеме мүлдем болмапты. Жаңа бөбекжай 100 балаға лайықталған. Ақсақалдардың айтуынша, үлгілі ауылда жастар тұрақтап қалған. Себебі жұмыс бар. 2000 жылдары мұнда 1000 адам тұрса, қазір 1300-ге жетіпті. Кәсіпкер бұған дейін де ауылда мәдениет үйін, спорт кешенін, амбулатория және жұмыскерлерге арнап 12 тұрғын үй салыпты.

Сейітжаппар Нығметов, шаруа қожалығының басшысы:  

– Жастар болмаса, балалар болмайды. Жастар болмаса, жұмыс жүрмейді. Сондықтан осы балабақша мәселесін мойынымызға алған едік. Бұл рухани жаңғыруға, туған жерге сәйкес тарту болып отыр.

Астананың бас шыршасы шамын жақты

    Дүйсенбі, 18 Желтоқсан 2017 19:40

«ЭКСПО-2017» көрмесінің аумағында еліміздегі жаңажылдық бас шыршаның шамдарын жағу салтанаты өтті.

Жасыл желек биыл да көздің жауын аларлықтай етіп безендіріліп, көпшілікке көл-көсір қуаныш сыйлауда.

Әрине мұздан жасалған түрлі мүсіндер де жетерлік. Концерттік бағдарлама тағы бар.

Ердәулет Байдуллаев, тілші:

– Биіктігі метрлік бас шыршаның шамдарын қала әкімі Әсет Исекешов жағып берді. Бұл – аталмыш шараның реми бөлігінің басталуы. Ал мұнда келушілерге арналған ойын-сауық бағдарламасы сағат 17:00 бері жүріп жатыр. Бүгін демалыс күні екенін ескерсек, адамдардың көп болуы түсінікті де. Оның үстіне еліміздегі ең ірі мұз қалашығы да осында орналасқан. Айта кетерлік жайт, қалашықтағы барлық конструкцияларды тұрғызуда металл не ағаш заттар қолданылмаған. Барлық мүсін мұздан жасалған.  

Гүлжазира Айкөргенқызы, қала тұрғыны:

– Ересектер үшін биіктігі 5 метрлік және ұзындығы 40 метрлік 2 сырғанақ жасалды, ал балалар болса, сәйкесінше 2,5 және 14 метрлік сырғанақтарда көңіл көтереді.

Биыл мұз қалашығының тақырыбы «ЭКСПО-2017: Болашақ энергиясы» деп алынған. Соған орай 1851 жылы алғаш ұйымдастырылған «ЭКСПО» көрмесінің Хрусталь сарайы және Парждің сиволы «Эйфель» мұнарасының мұздан жасалған көшірмелері тұрғылыпты.  Осы және өзгеде туындылар  балалардың ерекше қызығушылығын тудыруда.

Биіктігі бір жарым метрлік алып лабиринт те көңіл көтеруге арналған таптырмас ойын алаңының бірі.

Мамандардың мұз қалашығын жарықтандыруға да аса мән бергендігі көрініп тұр. Екі жүзге жуық прожектор мен түрлі-түсті трубкалар орнатылыпты. Бұл кешқұрым қала тұрғындарының еркін қыдырып, демалуы үшін қажет.

Таразда 80 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілді

    Дүйсенбі, 18 Желтоқсан 2017 19:35

Тәуелсіздік күніне орай жылдар бойы баспана кезегінде тұрған тараздықтардың басты арманы орындалды.

Төл мерекеде тұрғындарға жаңадан тұрғызылған «Арай-2» шағын ауданынан пәтерлер табыс етілді. Сондай-ақ бұл күні ел дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегі еленіп, құрмет көрсетілді.

80 пәтерлі бұл үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген. Көп жылдан бері баспана кезегінде тұрған тараздықтарға осы жаңа шағын ауданнан пәтерлердің берілуі Тәуелсіздік күні мерекесіне орай керемет тарту болды.

Ардақ Жантаева, көпбалалы ана:

– 11 жылдай болып қалды кезекте тұрғанымызға, Тәуелсіздіктің қарсаңына қарай бізге осындай хабар берді. Біз өте қуаныштымыз, отбасымызбен қуанып отырмыз.

Биыл Жамбыл облысында 1 мың 200-ден астам пәтер ел игілігіне берілді. Бұл – Тәуелсіздік жылдары аймақтың жеткен ең жоғарғы жетістіктерінің бірі.

Кәрім Көкірекбаев, Жамбыл облысының әкімі:

– Жалпы облыс бойынша 320 мың шаршы метр тұрғын үй алқаптары соғылды. Бұл дегеніміз, былтырғы жылмен салыстырғанда 37 пайызға артық. Осының бәрі – экономикамыздың өсіп-өркендеудің арқасында, ең басты Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың парасатты саясатының арқасында болып жатқан жағдай.

Сондай-ақ мерекеге орай тәуелсіздік жылдары аймақтың дамуына сүбелі үлес қосқан жамбылдықтарға Елбасы атынан мемлекеттік сыйлықтар табыс етілді. Сан салада жемісті жұмыс істеп жүрген азаматтардың еңбегі еленіп, құрмет көрсетілді.

Әбдімомын Желдібаев, күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері:

– 1 ғасырда атқарылмайтын іс шаралар, даму жолдары біздің қазақ халқының осы 26 жылдығында дамыды десем, артық айтпағаным болар. Бұның бәрі Елбасымыздың дарабоз даралығы, данышпан көрегендігі деп білеміз.

Мерейлі мереке тұсында өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуі жолында тер төккен бірқатар азамат облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Салтанатты жиын мерекелік концертпен қорытындыланды.

Авторлары: Нұржан Мергенбай, Бақытжан Бапаев