A+ A A-

Пхёнчхан Олимпиадасы Қазақстан спортының даму дәрежесін анықтап берді

  • Дүйсенбі, 26 Ақпан 2018 19:13

Дүние жүзі көз тіккен кешенді сын Қазақстан спортының да даму дәрежесін анықтап берді.

Алдымен жеңіс туралы. Қазақстан азуын айға білеген арыстандармен алысты. Әлемнің маңдайалды спортшыларымен медальдарды сарапқа салды. Бірде озды, бірде қалып қойды. Ілгеріден кейініміз көп болса да, тәжірибе толысты.

Ертеңге мақсат қойдық. Могулшы Юлия Галышеваның қола медалі жүлде алған елдердің қатарынан орын алуға мүмкіндік берді. Қазақстанның қысқы спорт түрлерінен де еншісі бар екенін әлем мойындады. 30 спортшы ғана қатыса алатын мәнерлеп сырғанаушы қыздар арасында еліміздің екі бірдей өкілі өнер көрсетті. Білгенге ол да бір жетістік.

Айза Мамбекова, Қазақстан құрамасы:

- Осы маусымдағы қысқа бағдарламамыз – жаңа бағдарлама. Музыка – шығыс мотивтері. Енді еркін бағдарламамен салыстырғанда әзір үйренбедік. Күнделікті жаңа элементтерді, хореографияны қосып тұрамыз. Сондықтан бағдарламада өзіңді табу үшін көп уақыт керек. Бірақ бағдарламам маған өте ұнайды.

Шорт-трек. Осы бір спорт түрін одан әрі дамыту керектігі байқалды. Әсіресе әлем әлі толық қамданбай жатқан кезде. Біздің қыз-жігіттер енді ден қоя бастады. Енді ғана биік деңгейдің алғашқы баспалдағына аяқ басты.

Қазір бүкіл әлем біздің Абзал мен Нұрбергенді, Денис пен Еркебұланды қарсылас санайды. Ол да мойындаудың бір белгісі. Әжғалиев пен Жұмағазиев, Никиша мен Шамуханов шеберлер санатында. Мұны жетістік демей көріңіз. Нұрбергеннің өкініштен өзегі өртенді. Намысты бала ғой.

Нұрберген Жұмағазиев, Қазақстан құрамасы:

- Мен осы жылдан бастап спринтке көштім. Оның алдында тек ұзын қашықтыққа жүгірдім. Сондықтан мен үшін өте нашар нәтиже емес. Бәрі алда деп ойлаймын.

Сенім биікке бастайтын секілді ғой. Абзал 500 метрлікте қалай өзгерді? Жартылай финалда жанын салды. Қытай спортшысы әлем чемпионаты және Олимпиада ойындарының рекордшысы У Дацзинның соңынан салып, финалға кетіп бара жатты. Бірақ мәреге тақау қалғанда төрешілер тежеді. Иә, әділ қазылар кенет жарысты тоқтатып тастады. Дабыл қағылған. Құлап қалып, дамылдап жатқан мажар елінің шорт-трекшісі мен канадалық Самуэль қақтығыс кезінде конькилерінің қирағанын айтып, жер тепкілеген.

Абзал Әжіғалиев, Қазақстан құрамасы:

- Ол тоқтатқан кезде бір спортшының лезвесі сынып қалды. Оның жартысы мұзда жатты. Ол өте қауіпті, біз жүгіріп келе жаттық. Соның үстіне құлауымыз мүмкін еді. Сол үшін тоқтатты. Екінші келе жатыр едім. Сол үшін кішкене қиын болды. Өйткені мен екі айналым жүгіріп тастадым. Тоқтатып тастады да, «кері бастаңдар» деді. Демалып үлгерген жоқпын. Соған қарамастан тырыстым, бірақ кішкене сәті келмей қалды.

Каннын мұз аренасына жақын орналасқан овалға да соға кетейік. Мұнда конькиші қыз-жігіттер сынға түсті. Екатерина Айдованы танымай қалдық. Жоқ, түр-түсін білеміз ғой, жүрісін, тіпті жүгірісін тану қиынға соқты. Өзі де онша түсінбепті. Айтады: «Сарқылдым, күшім бе, төзімім бе, әйтеуір бір тұсаудың бары анық».

Тұсау Екатеринаға ғана түспеген секілді. Федор Мезенцев пен Роман Кречке, сосын Денис Кузинге. Заманында Денис Кузин 1 000 метрді 1 минут 7 секундтен сәл асырып өтетін. Бұл жолы 1 минут 10, 13 секундта жарысты аяқтады. Үш секунд ұтылды. Неге?

Денис Кузин, Қазақстан құрамасы:

- Соңғы айналымда жақсы жүгірдім. Басында отырып қалдым. Себебін тап басып айту қиын. Шама келгенше жүгірдік. Мұзы да мөлдір екен, көңілім де ерекше еді. Бірақ нәтиже осындай.

Федор Мезенцев, Қазақстан құрамасы:

- Айдын иесімен бірге жүгірдік. Түк естілмейді. Тіпті бапкерлердің де сөзі жетпеді. Бұл да бір себеп. Ең бастысы келер күнге сабақ болды.

Федор Мезенцев осы Олимпиада кезінде тұңғыш рет бағдарламаға енген масс-стартта өнер көрсетті. Өзі: «Бұл бір бейімделе түсетін спорт түрі екен. Жұртқа да қызық, өзімізге де қатты ұнады», – деп айтады. Мүмкін жеңісті осы тұстан іздеу керек па екен?

Ізденіс десеңіз, фристайл акробатикасын дамытыңыз. Қазақ қыздарының қолынан келетін сала. Феникс парктегі біздің спортшылардың өнері осы бір спорт түрін кең көлемде қолдау керектігін анық байқатты. Мысалы, Жанбота Алдабергенова жүлдеге жақын тұрды. Финалға шығуға болымсыз ұпай ғана жетпеді. 16 жастағы Аяна Жолдастардың алар асуы әлі алда ғой.

Аяна Жолдас, Қазақстан құрамасы:

- Олимпиадада өте қатты уайымдадым. Қате секіріп, құлап қалдым. Уайым болмаса, бәрі жақсы болар еді. Олимпиада болғандықтан мұнда бәрі басқаша.

Шаңғышылар мен биатлондағы спортшылардың өнері көңіл көншітпеді. Алексей Полторанин ғана жігіт екен. Жанын салды, бірақ бабы келіспеді. Ол – терең сарапқа сұранып тұрған мәселе енді.

Амангелді Сейтханов, спорт шолушысы:

- Әлемді ойландырған 16 күн әп-сәтте өте шықты. Қазақстың бабалары бекер айтты дейсіз бе? «Туған ай – туралған ет» дейді. Енді әлем сол 16 күн бойы ойланған ойды 4 жыл бойы саралайды. Кім қай дәрежеде жүгірді? Тағысын тағы. Айтарымыз: «Сау бол, Пхёнчхан! Сәлем, Бейжің!».

Авторы: Амангелді Сейтханов, Ольга Лянь

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз