A+ A A-
Жексенбі, 25 Ақпан 2018 15:07

Оңтүстік Кореяда Пхенчхан Олимпиадасының соңғы жарыс күні өтіп жатыр. 


Қазіргі таңда Қазақстан ХХІІІ қысқы  Олимпиадада  бейресми медаль кестесінде 28-орында.  Ел қоржынына салынған бір қола медаль фристайлдың могул түрінен қатысқан Юлия Галышеваға тиесілі. Жалғыз қола иеленген Қазақстанмен қатар, 28-орынды Латвия мен Лихтенштейн құрамалары бөлісіп тұр. Ал медальдар кестесінде көш бастап тұрған команда - Норвегия  құрамасы. Екінші орында Германия, үшінші орынға Канада құрамасы жайғасқан. 

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Пхенчхан Олимпиадасының салтанатты жабылу шарасы өтеді. Астана уақытымен сағат 17:00-де басталатын жылдың ең маңызды шарасын "Хабар" арнасы тікелей эфирде көрсетеді. 

 

Жексенбі, 25 Ақпан 2018 15:00

Пхенчханда өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарында хоккейден финалда Ресей және Германия құрамалары кездесті.

Кездесу 4:3 есебімен ресейлік команданың пайдасына шешілді. Ресей құрамасының ойыншысы Вячаслав Войнов бірінші кезең аяқталуына санаулы секундтар қалғанда шайба салып кетті. 30-шы минутта Феликс Шутц есепті теңестірді. 54-ші минутта Никита Крюков ресейліктерді алға шығарды. Алайда 10 секундтан соң немістер (Доминик Кагун) жауап қайтарды. 57-ші минутта Йонас Мюллер немістердің жеңіске деген сенімін нығайтты. Ойын аяқталуға 56 секунд қалғанда Гусев қарсыластар қақпасынан саңылау таба білді. Шешуші шайбаны қосымша уақытта Кирилл Капризов соқты.

Осылайша Ресей құрамасы тұңғыш рет хоккейден Олимпиада чемпионы атанды. Олар 1998 жылы Ногано қаласында өткен Қысқы ойындарда күміс медальды иеленген еді.

Айта кетейік, қола медальды Канада құрамасы жеңіп алды. Үшінші орын үшін таласта олар Чехия құрамасын жеңді.

Ақпарат көзі: vesti.kz

Жексенбі, 25 Ақпан 2018 14:13

Бүгін Оңтүстік Кореяда ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарының соңғы жарыс күні өтіп жатыр. 


Пхенчхан Олимпиадсының соңғы күнінде жарыс жолына қазақстандық шаңғышы қыздар 30 шақырымдық классикалық мас-стартқа қатысты. Қазақстан құрамасының мүшелері Анна Шевченко мәреге 31-ші болып келсе, Валерия Тюленева 32-ші, Елена Коломина 33-ші болып мәре сызығын кесті. 

Осылайша, Қазақстан Пхенчхан Олимпиадасын бір қола медальмен аяқтады. Қазақстан қоржынына қоланы Юлия Галышева фристайлдың могул түрінен салған болатын.