A+ A A-
Дүйсенбі, 26 Ақпан 2018 19:13

Дүние жүзі көз тіккен кешенді сын Қазақстан спортының да даму дәрежесін анықтап берді.

Алдымен жеңіс туралы. Қазақстан азуын айға білеген арыстандармен алысты. Әлемнің маңдайалды спортшыларымен медальдарды сарапқа салды. Бірде озды, бірде қалып қойды. Ілгеріден кейініміз көп болса да, тәжірибе толысты.

Ертеңге мақсат қойдық. Могулшы Юлия Галышеваның қола медалі жүлде алған елдердің қатарынан орын алуға мүмкіндік берді. Қазақстанның қысқы спорт түрлерінен де еншісі бар екенін әлем мойындады. 30 спортшы ғана қатыса алатын мәнерлеп сырғанаушы қыздар арасында еліміздің екі бірдей өкілі өнер көрсетті. Білгенге ол да бір жетістік.

Айза Мамбекова, Қазақстан құрамасы:

- Осы маусымдағы қысқа бағдарламамыз – жаңа бағдарлама. Музыка – шығыс мотивтері. Енді еркін бағдарламамен салыстырғанда әзір үйренбедік. Күнделікті жаңа элементтерді, хореографияны қосып тұрамыз. Сондықтан бағдарламада өзіңді табу үшін көп уақыт керек. Бірақ бағдарламам маған өте ұнайды.

Шорт-трек. Осы бір спорт түрін одан әрі дамыту керектігі байқалды. Әсіресе әлем әлі толық қамданбай жатқан кезде. Біздің қыз-жігіттер енді ден қоя бастады. Енді ғана биік деңгейдің алғашқы баспалдағына аяқ басты.

Қазір бүкіл әлем біздің Абзал мен Нұрбергенді, Денис пен Еркебұланды қарсылас санайды. Ол да мойындаудың бір белгісі. Әжғалиев пен Жұмағазиев, Никиша мен Шамуханов шеберлер санатында. Мұны жетістік демей көріңіз. Нұрбергеннің өкініштен өзегі өртенді. Намысты бала ғой.

Нұрберген Жұмағазиев, Қазақстан құрамасы:

- Мен осы жылдан бастап спринтке көштім. Оның алдында тек ұзын қашықтыққа жүгірдім. Сондықтан мен үшін өте нашар нәтиже емес. Бәрі алда деп ойлаймын.

Сенім биікке бастайтын секілді ғой. Абзал 500 метрлікте қалай өзгерді? Жартылай финалда жанын салды. Қытай спортшысы әлем чемпионаты және Олимпиада ойындарының рекордшысы У Дацзинның соңынан салып, финалға кетіп бара жатты. Бірақ мәреге тақау қалғанда төрешілер тежеді. Иә, әділ қазылар кенет жарысты тоқтатып тастады. Дабыл қағылған. Құлап қалып, дамылдап жатқан мажар елінің шорт-трекшісі мен канадалық Самуэль қақтығыс кезінде конькилерінің қирағанын айтып, жер тепкілеген.

Абзал Әжіғалиев, Қазақстан құрамасы:

- Ол тоқтатқан кезде бір спортшының лезвесі сынып қалды. Оның жартысы мұзда жатты. Ол өте қауіпті, біз жүгіріп келе жаттық. Соның үстіне құлауымыз мүмкін еді. Сол үшін тоқтатты. Екінші келе жатыр едім. Сол үшін кішкене қиын болды. Өйткені мен екі айналым жүгіріп тастадым. Тоқтатып тастады да, «кері бастаңдар» деді. Демалып үлгерген жоқпын. Соған қарамастан тырыстым, бірақ кішкене сәті келмей қалды.

Каннын мұз аренасына жақын орналасқан овалға да соға кетейік. Мұнда конькиші қыз-жігіттер сынға түсті. Екатерина Айдованы танымай қалдық. Жоқ, түр-түсін білеміз ғой, жүрісін, тіпті жүгірісін тану қиынға соқты. Өзі де онша түсінбепті. Айтады: «Сарқылдым, күшім бе, төзімім бе, әйтеуір бір тұсаудың бары анық».

Тұсау Екатеринаға ғана түспеген секілді. Федор Мезенцев пен Роман Кречке, сосын Денис Кузинге. Заманында Денис Кузин 1 000 метрді 1 минут 7 секундтен сәл асырып өтетін. Бұл жолы 1 минут 10, 13 секундта жарысты аяқтады. Үш секунд ұтылды. Неге?

Денис Кузин, Қазақстан құрамасы:

- Соңғы айналымда жақсы жүгірдім. Басында отырып қалдым. Себебін тап басып айту қиын. Шама келгенше жүгірдік. Мұзы да мөлдір екен, көңілім де ерекше еді. Бірақ нәтиже осындай.

Федор Мезенцев, Қазақстан құрамасы:

- Айдын иесімен бірге жүгірдік. Түк естілмейді. Тіпті бапкерлердің де сөзі жетпеді. Бұл да бір себеп. Ең бастысы келер күнге сабақ болды.

Федор Мезенцев осы Олимпиада кезінде тұңғыш рет бағдарламаға енген масс-стартта өнер көрсетті. Өзі: «Бұл бір бейімделе түсетін спорт түрі екен. Жұртқа да қызық, өзімізге де қатты ұнады», – деп айтады. Мүмкін жеңісті осы тұстан іздеу керек па екен?

Ізденіс десеңіз, фристайл акробатикасын дамытыңыз. Қазақ қыздарының қолынан келетін сала. Феникс парктегі біздің спортшылардың өнері осы бір спорт түрін кең көлемде қолдау керектігін анық байқатты. Мысалы, Жанбота Алдабергенова жүлдеге жақын тұрды. Финалға шығуға болымсыз ұпай ғана жетпеді. 16 жастағы Аяна Жолдастардың алар асуы әлі алда ғой.

Аяна Жолдас, Қазақстан құрамасы:

- Олимпиадада өте қатты уайымдадым. Қате секіріп, құлап қалдым. Уайым болмаса, бәрі жақсы болар еді. Олимпиада болғандықтан мұнда бәрі басқаша.

Шаңғышылар мен биатлондағы спортшылардың өнері көңіл көншітпеді. Алексей Полторанин ғана жігіт екен. Жанын салды, бірақ бабы келіспеді. Ол – терең сарапқа сұранып тұрған мәселе енді.

Амангелді Сейтханов, спорт шолушысы:

- Әлемді ойландырған 16 күн әп-сәтте өте шықты. Қазақстың бабалары бекер айтты дейсіз бе? «Туған ай – туралған ет» дейді. Енді әлем сол 16 күн бойы ойланған ойды 4 жыл бойы саралайды. Кім қай дәрежеде жүгірді? Тағысын тағы. Айтарымыз: «Сау бол, Пхёнчхан! Сәлем, Бейжің!».

Авторы: Амангелді Сейтханов, Ольга Лянь

Дүйсенбі, 26 Ақпан 2018 11:12

Оңтүстік Кореяда ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы 1 қола медальмен  28-орынмен аяқтады.


Қазақстандық спортшылар Олимпиаданы қорытындылап, жарыс барысында қолдау көрсеткен барша жанкүйерге әлеуметтік желіде алғыс білдіріп жатыр. Атап айтқанда, шорт-трекші Нұрберген Жұмағазиев өзінің Facebook парақшасында алғысын білдіріп, келесі Олимпиадада жақсы өнер көрсетеміз деді.

«Ассалаумағалейкум, достар! Осымен Пхенчхан 2018 Олимпиадасы да бітті. Баршаңызға қолдауларыңызға үлкен рақмет айтамыз! Біз үшін сіздердің қолдауларыңыз өте маңызды. Результатымыз (нәтижелеріміз  - авт.) өте нашар деп айта алмаймыз, әрине, қанағаттандырылмаған. Бірақ, бұл спорт. Ал спортта бәрі болады. Жақсы күндер, жаман күндер. Ең бастысы жаман күнде қол түсірмей, қайта тұрып тағы да және тағы да тырысу керек. Не болса да бәрі Жаратушымыздың қалауымен және бұл біз үшін сынақ деп ойлаймын. Сонықтан бар күшімізді салып келесі Олимпиадада жақсы өнер көрсетеміз деп сенемін!».

Естеріңізге сала кетсек, Нұрберген Жұмағазиев Олимпиадада шорт-тректен  500 м, 1000 м, 1500 м және ерлер арасында эстафетаға қатысқан болатын.

Дүйсенбі, 26 Ақпан 2018 10:15

Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өткен Қысқы Олимпиада ойындары аяқталды.

Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан жалпы алғанда спортшыларға 185 мың доллар төлейді.

Бұл туралы Vesti.kz порталы хабарлайды.

Спорт порталының мәліметінше, Қазақстан тек бір медаль – фристайлдан (могулшы Юлия Галышева) бір қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ үздік ондыққа шорт-тректен ерлер командасының (Денис Никиша, Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Ажғалиев және Еркебұлан Шамұханов) кіргені айтылады. Олар 5 000 метрлік эстафетада 6-орынға тұрақтады.

Қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль алғандарға 250 мың доллар, күміс медаль иелеріне 150 мың доллар, ал қола жүлдегерлерге 75 мың доллар беріледі.

Ал 4, 5 және 6-орын алған қазақстандықтарға сыйлықақы ретінде 30, 10 және 5 мың доллар беріледі. Сонымен қатар 6-орын алған спортшылар мен олардың бапкерлеріне де осындай көлемде ақша беріледі. Бірақ мұнда спортшының жүлдесі жеке бапкеріне және команданың жетекшісіне бөлінеді.

Осылайша Галышеваға 75 мың доллар беріледі. Тағы 75 мың доллар бөлек Галышеваның үш бапкеріне беріледі. Ал шорт-трекшілердің бапкерлеріне 15 мың доллар бөлінген.

Қазақстан 2018 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша спортшылар мен бапкерлерге 185 мың доллар (59 миллион теңгеден аса) төлейді.

Қаражаттың барлығы республика бюджетінен бөлінеді.