A+ A A-

Рио Олимпиадасында қазақстандық спортшылар алты спорт түрінен жүлдеге ілінді

  • Дүйсенбі, 22 Тамыз 2016 06:03
Рио Олимпиадасында қазақстандық спортшылар алты спорт түрінен жүлдеге ілінді Фото: Content Buro

Қазақстаннан  Рио Олимпиадасына 104 спортшы спорттың 26 спорт түрінен бақ сынады. Соның ішінде 6 спорт түрінен топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Боксшыларымыз ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарына толық құраммен қатысып, қоржынға бір алтын, екі күміс, екі қола медалді салды. Бокстан Қазақстан құрамасы 5 медальмен бокшылар ішінде 4-орынды қанағат тұтты.

Ала шапанды  көршілеріміз үш алтын, екі күміс, екі қола медальмен бокстан Рио Олимпиадасында көш бастап тұр. Үш алтын,  үш күміспен Куба спортшылары екінші орыннан көрінсе, Франция боксшылары екі алтын, екі күміс, екі қоламен рейтингте үшінші орынға тұрақтады.

Даняир Елеусінов Олимпиада чемпионы атанса, Әділбек Ниязымбетов екі дүркін Олимпиаданың күміс жүлдегері болды. Василий Левит те күміспен күптелсе, Иван Дычко, Дариға Шәкімова қола медаліне ие болды. Сонымен қатар, Дариға Шәкімова бокстан Олимпиадада жүлдеге ілінген тұңғыш қазақ қызы атанды.

Қазақстандық ауыр атлеттер бір алтын, бір күміс, үш қола медальмен Рио Олимпиадасын бесінші орынмен аяқтады.

Ниджат Рахимов Әлем және Олимпиада рекордын жаңартып, Олимпиада чемпионы  болды. Жазира Жаппарқұл Олимпиада күмісімен қатар, ауыр атлетикадан Олимпиада жүлдегері атанған тұңғыш қазақ қызы болып тарихта қалмақ.

Александр Зайчиков, Фархад Харки, Карина Горичевалар ауыр атлетикадан ел қоржынан үш қола медальдарын салған болатын.

Рио Олимпиадасында Қазақстан үшін күтпеген жағдай орын алды. Жүзуден Дмитрий Баландин сенсация жасап, Олимпиада чемпионы атанды. Дмитрий Баландин жүзу спортынан Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанған алғашқы қазақстандық спортшы. 

Дзюдодан ел құрамасынан алты спортшы қатысып, екі медальмен елге оралды. Рио Олимпиадасында дзюдошыларымыз бір күміс, бір қола медальмен Олимпиаданы жалпы командалық есепте оныншы орынмен аяқтады. Елдос Сметов күміске қол жеткізсе, Галбадрах Отгонцэцэг қолаға ие болды. Айта кетерлігі, Галбадрах Отгонцэцэг ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлдені сыйлаған еді.

ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарына 12 балуанымыз қатысып, үшеуі үздіктер қатарынан көрінді. Гюзель Манюрова күміс медальмен екі Олимпиада жүлдесін алған алғашқы бұрымды балуан атанды. Рио Олимпиадасының қола жүлдесіне тағы екі қазақстандық балуан ие болды. Олар: Эльмира Сыздықова мен Екатерина Ларионова. Үш медальмен балуандар Олимпиада ойындарын күрес түрлері бойынша 11-орынмен аяқтады.

 

Жеңіл атлетикадан Ольга Рыпакова Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанып, жеңіл атлеттер арасында командылқ есепте  19-орынға тұрақтады. Сондай-ақ, Ол - Қазақстанның екі олимпиадада қатарынан жүлде алған алғашқы жеңіл атлеті.

Қазақстандық спортшылар 17 медаль иеленіп, жалпы командалық есепте 22-орынмен ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарын аяқтады.

 Фото: Ізтұрған Алдауев 

 

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Copyright©2016 «Хабар» Агенттігі

Copyright©2016 Khabar Agency

Серіктестер

Жоба туралы

Риода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына арналған арнайы олимпиадалық веб-жоба. «Хабар» Агенттігінің эксклюзивті контенті