A+ A A-

Төрт жылдан кейін Жазғы Олимпиада ойындарының алауы Жапония астанасында тұтанады

  • Дүйсенбі, 22 Тамыз 2016 11:24

Жұмыр жерді өзіне қаратқан Рио-де-Жанейро Олимпиадасы мәресіне жетті.

15 күнге созылған кешенді сынның алауы атақты «Маракана» стадионында сөніп, аламанды Токио қабылдап алды. Енді төрт жылдан кейін 32-ші Жазғы Олимпиада ойындарының алауы Жапония астанасында тұтанады. Екі апталық спорт сайыстарының бел ортасында болған тілшіміз Қанат Базылхан Бразилиядағы ойындарды қорытындылайды. 

Қанат Базылхан, спорт шолушысы 

-Бұған дейін Еуропа мен Азияны, Австралия мен Солтүстік және Орталық Америкада Олимпиада алауы маздаса, тұңғыш рет кешенді сын латын Америкасында өтіп, төрт жылда бір келетін спорттық сайыстың дүбірі оңтүстік жарты шарға жетті. Әлемге құшағын айқара ашқан Рио-де-Жанейрода Қазақстан спорты тарихының жаңа парақтары ашылды.

Ауыр атлет Жазира Жаппарқұл Олимпиада ойындарында жүлде алған тұңғыш қазақ қызы атанды. 69 келі салмақта сынға түскен оңтүстікқазақстандық зілтемірші Рио Олимпиадасының күміс медалін мойынына тақты. Тұңғыштар күресте де тіркелді. Эльмира Сыздықова қола медальға белдесіп, кешенді сында күрестен медаль алған тұңғыш қазақ қызы атанды. Эльмираның жолын Екатерина Ларионова жалғастырып, үздік үштіктен орын алса 38 жастағы Гузель Манюрова финалға жетіп тоқтады. Олимпиада ойындарындағы ең жасамыс балуаннан мұндай ерлікті ешкім күтпеді. Нәзік жандылардың жеңісті жолы грек-рим мен еркін күрестегі ерлерде байқалмады. 

Нұрбақыт Теңізбаев, Грек-рим күресінен Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері 

-Күнделікті бір жеңіл іс секілді қабылдап қалдық. Негізі өкінішті жағдай. Бұл балуандарымыздан біз жүлде күткен болатынбыз. Осал балуандар емес. Өте мықты балуандар болатын.

Қазақ Елі тұңғыш рет судан медаль алды. Дмитрий Баландиннің 200 метрлік қашықтықта ұтып алған алтыны жанкүйерлерді былай қойып, мамандардың өзін таң калдырды. Зілтемірші Нижат Рахимов 77 келіде топ жарып, Қазақстанға алғысын білдірді. Данияр Елеусіновтің бокстағы үшінші алтыны Қазақстанды үздік отыз елдің бел ортасына шығарды. 

Мырзағали Айтжанов, Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері

-Жалпы команданың алдында төрт-бес медаль деп айтқанбыз. Бірақ іштей сездік бес-алты жеті медаль алуға болатынын. Әрине, сол алға қойған мақсаттарға жете алмадық. Былайша мемлекеттің алдында айтқан төрт медальды алдық. Бірақ сапа жағынан, әрине, екі алтын бір күміс бір қола дегенбіз. Сол алтын бұйырмай қалды. Жігіттерге өкпе жоқ. Әрине, кейбір жігіттер үміт артқан жігіттер де ұтылып қалды. Медальсыз қалды. Бірақ олар да ұтыламын деп шыққан жоқ рингке. Бар жігермен, бар күшін салды. 

Кешенді сында көзге түспейтін қаһармандар да бар. Мысалы, қарақылды қақ жаратын төрешілер көптің назарына түсе бермейді. Қазақстан атынан бірнеше қазы Олимпиада ойындарында қызмет етті. Соның бірі – Бақытжан Жақсығұлов. Қатарынан екінші олимпиадасында қазылық жасаған қазақстандық маман Риода балуандардың бағасын берді. 

Бақытжан Жақсығұлов, Халықаралық дәрежедегі төреші

-Мен Лондонда олимпиадалық дәрежедегі төреші болсам. Осы жарыста супервайзер жюри болып отырмын. Біздің қызметіміз әр кездесудің әділ өтуін қадағалауымыз керек. Спортшылардың тағдыры біздің қолымызда. Егер төрешілер қателессе, біз оларды туралап отырамыз.  

Қазақстан олимпиадалық құрамасы Риода жалпы саны 17 медаль ұтып алды. Бұрын-соңды біздің спортшылар мұншалықты жүлде алған емес. Медаль саны жөнінен рекорд жасаған жерлестеріміз спорттың бес түрінен көзге түсті. Рио ойындары еліміздегі спорттың дамуына баға бергендей. Бразилияға 26 спорт түрінен 104 спортшы апардық. Алайда соның көбі іріктеуден өте алмады. Ендігі назарды жүлдесі көп спорт түрлеріне бұрсақ, дұрыс болар еді.

Қанат Базылхан спорт шолушысы

-Тамыз айында төрткүл дүние сайыпқырандарын бауырына тартқан Бразилия 31-ші Жазғы Олимпиада ойындарын абыроймен атқарып шықты. Олимпиада ойындары спорттық мереке екенін дәлелдеп, түрлі ұлт пен ұлысты бір мақсатқа жұмылдырды. Тұмса табиғаты мен қайталанбас көркі бар Рио-де-Жанейро көптің есінде мәңгі сақталары анық. Алда Токио олимпиадасы. 

Авторлары: Қанат Базылхан, Ерсін Мұханбеталин, Мейрамбек Ахмаханов

 

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Copyright©2016 «Хабар» Агенттігі

Copyright©2016 Khabar Agency

Серіктестер

Жоба туралы

Риода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына арналған арнайы олимпиадалық веб-жоба. «Хабар» Агенттігінің эксклюзивті контенті