A+ A A-

Ұлттық Олимпиадалық комитет Риодан оралған жеңімпаздарды қарсы алды

  • Бейсенбі, 25 Тамыз 2016 20:52

Бүгін Рио төрінде өнер көрсеткен спортшыларды Ұлттық Олимпиадалық комитет басшылығы қабылдап, құрмет көрсетті.

Өңкей саңлақтар жиналған ортада жетістіктермен қатар әттеген-айлар да айтылды. Дүбірді дода алдында допинг дауы ушыққаны рас. 

Бірақ спортшыларымыздың сағы сынбады. Намысты қолдан бермеген саңлақтарымыздың жетістіктері қазір ел аузында. 

Қолтаңба. Қуанышты жүздер. Үмітті ақтағандар. Олармен суретке түсуге асықты жұрт. Құттықтауын аямады. Қанша ұлықтасақ та жарасты бүгін. Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев баптаған батырларын бағалады. Үлкен жарыста үлкен жеңіс. Осы чемпиондардың арқасы екенін айтты. 

Көңілді жиында күптілік те сезілді. Сейілмей отырған допинг дауы. Сөз басы осыдан басталды. 

Тимур Құлыбаев, ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті 

-Олимпиада ойындарының алдында болған допинг даулары болғанын білесіздер. Онда ауыр атлетикадан қатыспақ болған төрт спортшымыз шеттетілді. Бұл әрине, біріншіден біздің спортшыларымыз үшін үлкен соққы болды. Себебі олар әлемдік рейтингте көш бастап жүрген спортшылар еді. Соған қарамастан біз әлі де осы спорт түрінен көшбасшы екенін дәлелдеп бердік. Ол үшін жаттықтырушылар мен спортшыларға үлкен алғысымды айтамын. 

Пекин мен Лондон. Жеңіске жеткендер. Жемісін көрмеуде. Бақылау да болды. Тексерістен өтіп еді. Неліктен іс насырға шапты. Оны Ни да білмейді. Бірақ тұғыр үшін түбірмен жояды. Оны о баста ескерткенін айтты. 

Алексей Ни, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы 

-Біздің Лондондағы жеңістеріміз барлығын таң қалдырды. Тіпті ауыр атлетика әлемін дүр сілкіндірді десем болады. Сол кезде-ақ мен былай айтқанда санкциялар болатынын іштей сезіп едім. Тіпті кейбіреулер келіп бізді енді аямайтынын айтқан еді. 

Зертханалар зерттеуі. Ойыншық па?  Бас бапкер бас қатырған мәселе. Жарысқа дейін таза. Жылдар өткен соң допинг. Алтын алғандарды алқымнан алды. Сенім жоқ. Көңілде күдік. 

Алексей Ни, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы 

-Сонда Швейцариядағы зертханада басқалар анықтай алмаған допингті тапқан. Бізден оған дейін түрлі елдерде түрлі сынамалар алғанда ешқандай күдікті зат анықтаған жоқ. Яғни Халықаралық Олимпиада комитеті өздері рұқсат берген зертханалар жұмысына күдік ұялатып отыр. 

Ондай жағдайда бұрын біздің спортшыларымызды тексерген мекемелерден лицензияларын алсын, жұмыстарын тоқтатсын. 

Эльвира Тағайқызы, тілші 

-Допинг дауы бұдан да үдемек. Қара тізімге тағы 3  жүлдегер ілінді. Ирина Некрасова, Владимир Седов, Мария Грабовецкая. Тәртіптік кеңеске шақыртылды. Сынама сыр білдірсе, спортшылар 8 жылға сырт кетеді. Бас бапкер бақтан бас тартар емес. Заңды қопарып, қолынан келгенін жасамақ. Әзірге айтқаны сынама ашуда сын бар. Рәсім спортшылар қатысуынсыз өткен. 

Авторлары: Эльвира Тағайқызы, Еркебұлан Тілеуқазы

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Copyright©2016 «Хабар» Агенттігі

Copyright©2016 Khabar Agency

Серіктестер

Жоба туралы

Риода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына арналған арнайы олимпиадалық веб-жоба. «Хабар» Агенттігінің эксклюзивті контенті