Ақтау

Гүлмира Әбішева

Меншікті тілші

This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Мамыр айының мамыражай күндерінің бірінде Жамбыл облысында дүниеге келді. Қазақтың тағы бір ұлы тұлғасы Абайдың есімі берілген мектепте білім алды. Әлі есінде, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі «Кім болам?» тақырыбына шығарма жаздыратын. Сонда тек журналист болып, көгілдір экраннан көрінуді армандайтын. 5-ші сыныпта оқып жүргенде «Пионер» журналына алғашқы мақаласы шығып, өзін нағыз журналист сезінгені бар. Бала арман алға жетелеп, 1997-2002 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде «халықаралық журналист» мамандығы бойынша білім алып шықты. Журналистикамен қатар ағылшын және араб тілдерін меңгерді. Отбасылық жағдайға байланысты шетелде емес, ел ішінде еңбек етуге тура келді. «Хабар» агенттігінде 8 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осыған дейін НТК, 31 арналарда тілші қызметін атқарды. 

Оңтүстік Қазақстан облысындағы бір жоғары оқу орнында болашақ журналистерге лекция оқыған кездері де болды. Алайда ол үшін «Хабардың» орны бөлек. Әсіресе аймақтағы тілші болу жауапты әрі өте қызықты екен. Қыста теңізге аққулардың келіп, қонғанын күтіп, аптап ыстықта мұнай-газ кен орындарындағы мұнайшылардың еңбегін бақылаудың өзі керемет әсер қалдырады. Бірде арнайы сапармен Қытай халық республикасына барды. Мақсат - бұл елдегі мұнай-газ саласының дамуы туралы бейнесюжеттер жасау. Қытайдың солтүстігінде ірі мұнай-газ орталығы саналатын Дацин қаласына барды. 

«Тұрғын үйлер мен мектеп, ауруханалардың ауласында, көшеде тұрған мұнай ұңғымаларын көріп таң қалдым. Жерден қара алтын шығып жатқанына қарамастан, шаһар жап-жасыл. Бұл технологияның кереметтігі, әрине. Осы сапар барысында Ұлы Жібек жолының бастауы Суочжоу қаласында болып, жібек өндірісімен таныстық. Ұлы Қытай қорғаны, әйгілі Шанхайды аралап, бір апта бойы диета сақтағаным бар. Өмірі көрмеген бақа, шаянды жемек түгілі, қараудың өзі жиіркенішті болды», - еске алады Гүлмира. 

Ақтаудағы тілшілер қосынында 8 адам ауызбіршілікте еңбек етіп жатыр. Өмірде бірнеше рет сәтті оқиғаларды бастан кешірді. 1997-ші жылы дарынды балалар мен Елбасы Н.Назарбаевтың кездесуіне шақырту алып, Президент қолынан қолсағат алған. Алғаш рет ана атанған сәтін де жарқын оқиғаға балайды. Бүгінде үш ұлы бар. «Балаларымды барынша иманды, парасатты, білімді етіп тәрбиелеуге тырысып жүрмін. Ақпарат саласында жүргендіктен, бос уақыт бола бермейді, дегенмен қолымыз қалт ете қалса, домбыра шертіп, дәмді тамақ пісіргенді ұнатамын", - дейді ол.