ТОП бейне

«Junior Eurovision»: Қазақстандық балалар байқауға тіркеліп жатыр

«Junior Eurovision»: Қазақстандық балалар байқауға тіркеліп жатыр

Әннің де естісі бар, есері бар. Тыңдағанда, көңілдің өсері бар... Оның ішінде балалар әні өз алдына бөлек әлем. Биыл алғаш рет қазақстандық балалар әлемдік деңгейдегі «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауына қатысқалы отыр. Конкурсқа тіркеу «Хабардың» сайтында басталып та кетті.

Осы орайда елімізде балаларға арнап ән жазатын сазгерлер қаншалықты көп? Өнерлі өрендер қандай әндерді шырқап жүр? Әлемдік додаларға оларды кімдер дайындауда? Мұндай әлемдік дәрежедегі додалар жас әншілердің деңгейіне қалай әсер етеді?

«Әу» демейтін қазақ жоқ дейміз. Әсіресе әнге әуес жеткіншек көп бізде. Алина Нұғыманова – кезіндегі бұлбұл үнді Күләш Бәйсейітованың ізбасары. Талай сайыстарда топ жарып жүрген балауса Қазақстанның атын әлемге танытқысы келеді.

Алина Нұғыманова, әнші:

- Мен 11 жастамын. 4 жастан вокалмен айналыса бастадым. Әнші болғанды қатты армандаймын. Менің әнге қызығушылығым бір жасымнан басталды.

Әнші балалар баршылық. Ал балалар әні ше? Оң-солын енді танып жатқан балдырғандар албырт сезім, не ғашықтық туралы әнді шырқағаны оғаш, әрине. Әлі күнге ересектердің де аузынан түспейтін «Қошақаным» сынды әндер бар ма? Сазгер Мақсат Жәутіков балаларға арнап талай ән жазыпты. «Бірақ әлі де көбейту керек», – дейді.

Мақсат Жәутіков, сазгер:

- «Тәтті», «Бала арман», «Жекпе-жек» деген әндеріміз бар. Конкурсқа да айта алатын ән ретінде қолдануға болады. Дегенмен балалар әні жетіспей жатыр. Бұл да болашақтың еншісінде. Дегенмен жұмыстар жасалып жатыр.

Кезіндегі «Әнші балапан» есіңізде болар? Қазір де баланың дарынын байқайтын сайыстар көп өткізіледі. 11 жастағы Саят Әлихан жақында ғана Түркияда өткен халықаралық байқаудан гран-примен оралды. Ол қазақ әндерімен қатар италиялық хиттерді де орындайды.

Осындай жеткіншектер еліміздің қай өңірінде болсын баршылық. Ең таңдаулысы дегендер биыл «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауына қатыса алады. Олардың алғашқы легі «Хабардың» сайтына кіріп, конкурс талаптарымен тасынып, тіркеліп жатыр. Әуелі табиғат берген дарыны, екінші «бұлақ көрсе, көзін ашып» жүрген мамандардың арқасында әлі талай сайыстарда топ жара бермек. Оларға керегі – атағын шығару емес, ән әлеміне із қалдыру.

Авторы: Айбар Төлжанұлы