ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Еуроодақ пен Қазақстанның сауда байланысы талқыланды

    Дүйсенбі, 20 Қараша 2017 19:44

Қазақстан мен Еуроодақ 2015 жылы экспорт пен импортқа тұсау салмай, сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін ынтымақтастық келісімін бекіткен.

Алайда елімізде Еуроодақтың стандарттарына сай техникалық ережелер 100 пайыз жүзеге аспай отыр. Сондықтан кейбір техникалық ережелерді бір ыңғайға келтіріп, зияткерлік меншік құқық мәселесін қайта қарау керек. Бұл туралы Астанада Еуропалық комиссия мүшелерінің қатысуымен өткен жиында айтылды. Соңғы он жылдағы есеп бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 40 пайызы Еуроодаққа тиесілі. «Сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін алдымен техникалық ережелер бір стандартта болу керек», – дейді мамандар.

Маурин Логге, халықаралық сарапшы:

– Біз нақты қадамдарды іске асыруымыз керек. Және инвестиция тартуды тоқтатпай, шағын және ірі бизнес кәсіпкерлерінің шетелдік нарыққа шығуына тиімді жағдайы болуы тиіс. Біз осы уақытқа дейін халақыралық сарапшылармен де келелі кездесулер өткіздік. Бүгін айтылған мәселенің барлығы Қазақстандағы жауапты органдарға жолданады.

Елімізде 8 индустриалды аймақтың құрылысы жүріп жатыр

    Бейсенбі, 16 Қараша 2017 09:38

Қазақстанда бүгінде 8 индустриалды аймақтың құрылысы жүріп жатыр.

13-і жобалану үстінде. Ал жалпы салалық мемлекеттік бағдарлама қолға алынғалы бері елімізде 11 арнайы экономикалық аймақ құрылды. Ол жерде 157 жоба жүзеге асырылды. 682 млрд теңге инвестиция тартылды. 11 жарым мыңнан астам жұмыс орны пайда болды. Өндіріс көлемі 1 жарым трлн теңгеге жуықтады. 112 млрд теңге салық түсті.

Бұдан бөлек 22 индустриалды аймақ құрылды. Жүзеге асырылған жобалар саны – 115. Аймаққа 100 млрд теңге инвестиция тартылды. 7 жарым мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Өндіріс көлемі болса, 130 млрд теңгеге жетті.

Қытай Қазақстан арқылы Еуропаға тасымал көлемін арттыра түспек

    Бейсенбі, 16 Қараша 2017 08:10

Бүгінде Қазақстан транзиттік әлеуетін тиімді пайдаланып жатыр.

Қазір Қытай-Еуропа бағытын Қазақстансыз елестету мүмкін емес. Бейжің көлік университеті, көліктік тасымалдар институты директорының орынбасары Чжан Сяодун осылай дейді. Оның айтуынша, соңғы жылдары Қытайдан Кәрі құрлыққа қарай жүк тасымалы екі есеге өсті. Ал Қазақстанның тасымал жүйесі бұл қарқынға сай келетінін көрсетті. Оған жеңілдетілген кедендік бақылау жүйесі мен инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту септігін тигізген. Сарапшының сөзінше, соның нәтижесінде Қазақстан транзиттік тасымал саласында басымдыққа ие болып отыр. Мәселен, біздің территория арқылы Қытай-Еуропа-Қытай бағытында 104 мың контейнер өткен. 2020 жылға қарай осы бағыт бойынша тасымал көлемін 800 мың контейнерге дейін жеткізу жоспарланған.

Чжан Сяодун, Бейжің көлік университеті тасымал институты директорының орынбасары:

– «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы бірнеше бағыттан тұрады. Біз Еуропаға бірнеше жолмен жүк жеткізе аламыз. Бірақ Батыс Қытайдан Қазақстанды басып өтетін жол негізгі бағытқа айналып келеді. Бүгінде Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін тиімді пайдаланып үлгерді. Қытай-Еуропа бағытының үздіксіз жұмыс жасауына көршіміз теңдессіз үлес қосып келеді. Алайда жоспар бойынша жыл сайынғы жүк тасымалын 5000 пойызға жеткізу көзделген. Сондықтан осы саладағы әріптестікті тағы бір саты көтеруіміз керек.