ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Ақтөбеде халықаралық стандартқа сай көлік-логистика орталығы салынады

Ақтөбеде халықаралық стандартқа сай көлік-логистика орталығы салынады

Ақтөбеде халықаралық стандарттарға сай келетін көлік-логистикалық орталығы салынады. Жаңа нысан индустриалды аймақта бой көтереді. Қазір аймақтың тең жартысына инвесторлар орналасып үлгерген. Мамандар: «Келер жылы онда мүлдем бос орын қалмайды», – деп отыр.

Ақтөбедегі индустриалды аймақ жылдам дамып келеді. Мұнда Болгариядан келген инвесторлар бояп-сырлауға керекті өнімдер шығаратын зауытты іске қоспақшы. Неміс кәсіпкерлері болса жүк көліктері дөңгелектерін қайта қалпына келтірумен айналысқалы отыр. Қазір жұмыс істеп тұрған жобалардың бірі – автомобиль дөңгелектерінің ескі рәзіңкелерін қайта кәдеге жарату цехы. Мұнда оларды өңдеп, спорттық алаңдарға қажетті төсеніш етіп шығарады. Цех жұмысы тұрақты, жоспарда отандық өнімді көрші елдерге сату бар. 

Василий Лагизов, кәсіпкер:

-Бұл аймақтың орналасқан жері ыңғайлы, тауарды тасымалдауға, жүк көліктерінің кіріп-шығуына қолайлы. Сондай-ақ бүкіл қажетті инфрақұрылым бар, жарық, газ, су келіп тұр. 

Сондай-ақ қазір керамикалық тақтайшалар шығаратын зауыт іске қосылуға дайын тұр. Жобаға алты миллиард теңге қарастырылған. Тағы бірқатар кәсіпорындар жұмыс бастауға әзір. Бір жылда аймақтағы кәсіпкерлер қатары 5 мың адамға өскен. Қазір облыста 50 мыңнан астам ақтөбелік бизнеспен айналысып отыр. Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Ақтөбе еліміздегі үздік үш аймақтың қатарында. 

Анар Даржанова, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы: 

-Біздің өңіріміздің агломерацияның орталығының мүмкіндігін пайдалана отырып, кәсіпкерлерге барлық жағдай – қаржы жағынан болсын, консалтингтік қызмет жағдайы болсын, инфраструктуралық жағдай болсын, оларға көмек көрсету мүмкіндігі зор. «Жастар», «Кең дала» бағдарламасы жасы 29-ға толмаған кәсіпкерлердің және аудандағы кәсіпкерлердің жаңа жобаларына үлкен мүмкіндік ашуда. 

Жыл басынан бері өңірдегі 230 компания «Бизнестің жол картасы» аясында қолдауға ие болды. Мемлекет қаржысы есебінен кәсіпорындарға инженерлік жүйелер тартылып, несиелері субсидияланды. Бүгінде аймақта бұрын қолға алынбаған кәсіп түрлері де  игерілуде. Ақтөбеліктер бал, ірімшік өндіру, бөдене жұмыртқасын дайындап, ешкі сүтін өңдеуді үйренді. Сондай-ақ шет елдерде тұрып, кәсібін дөңгелетіп отырған ақтөбеліктер де жерлестеріне қолдауларын көрсетуде. Олардың көмегімен аймақта тағы ірі 20 инвестжобаны іске асыру көзделіп отыр. 

Авторлары: Нұржан Мергенбай, Лейла Әуесова, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов