×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 154
JUser: :_load: Unable to load user with ID: 143
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Қазақстан «Doing Business 2018» рейтингісінде 36-шы орында тұр

    Сейсенбі, 16 Қаңтар 2018 21:36

Қазақстан «Doing Business 2018» рейтингінде 190 елдің арасынан 36-орынға орнықты.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда бір позицияға төмен. Осы рейтингідегі алғашқы отыздыққа кіру туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Оны орындау үшін ел Үкіметі бар саланы ілгері бастыруға күш салып жатыр.

Мәселен, бүгін Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері Мәжіліс депутаттарына «Кәсіпкерлік қызметті жетілдіру» туралы тағы бір жаңа заңды таныстырды. Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, заң жобасы қолданыстағы қадағалау мен тексерулерді азайтады. Нақтыласақ, мемлекеттік органдардың қадағалау-тексеру қызметтеріндегі 544-інің 117-сі жойылады. Толассыз тексерулердің орнына профилактикалық қадағалаудың жаңа институты енгізіледі.

Жалпы соңғы 5-7 жылдың жүзінде елде бизнесті тексеру 4 есеге азайған. Заң жобасында тексеріс мерзімін 30-дан 15 жұмыс күніне дейін, ал жоспардан тыс тексерістерді 10 күнге дейін қысқарту ұсынылған.

Серік Жұманғарин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

- Бүгінде бизнеске ақпараттық құралдардың көпшілігі ауыртпалық түсіреді. Яғни түрлі есептілікті тапсыру, ақпаратты, оның ішінде анықтамалар, мәліметтер, декларациялар заң жүзінде белгіленген міндет болып табылады. Сондықтан біз заңнамаға тексеру жүргіздік, оның қорытындысы бойынша 1 600-ден астам ақпараттық талап анықталды. Олардың санын реформаның алғашқы кезеңінде ғана 30%-ға қысқарту жоспарланып отыр.

Транзиттен түсетін табыс еселенеді

    Сейсенбі, 16 Қаңтар 2018 19:02

Елбасы Жолдауында айтылған басты тапсырмалардың бірі – көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту.

Бұл бастамаға ел кәсіпкерлері де үн қосты. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының комитет төрағасы Мұрат Әбенов: «Заманауи транспорт жүйесі жүк тасымалдауға кететін уақытты қысқартып, транзиттен түсетін табысты еселейді», – дейді.

Мұрат Әбенов, «Атамекен» ҰКП комитет төрағасы:

- Қазақстан арқылы Қытайдың тауарлары Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропаға жететіндей жол ашылды. Жолдың ұзақтығы бір мың шақырымға дейін қысқартылды. Каспий теңізімен өтетін паром жүйесі жасалды. Тек қана логистика бойынша 5 млрд долларға дейін пайда табамыз. Алдағы уақытта біздің өндірістік компанияларға, бизнес өкілдерімізге бұл жақсы мүмкіншілік болады.

Рухани жаңғыру – заман талабы

Жолдауда адами капиталды дамытудың маңыздылығы айтылды. Ел ғалымдары бұл ретте білім беру жүйесін жетілдіріп, елдің рухани жаңғыруына көп көңіл бөлінуі керек деп есептейді.

Ербол Тілешов, Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры:

- Елбасының биылғы халыққа Жолдауында жалпы біздің рухани әлеміміздің, рухани мәліметіміздің, оның ішінде біздің тілімізге байланысты үлкен келелі мәселелер айтылды. Латын әліпбиі және терминология жөнінде де сөз қозғалды. Бұл екі мәселе де бір ойға келіп тұр. Яғни біздің тілімізді жаңғырту, тілге модернизация жүргізу. Бүгінгі заманның талабына сай ету.

2017 жылы ОҚО 940,8 АҚШ долларына өнімдерін экспорттаған

    Сейсенбі, 16 Қаңтар 2018 08:44

2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы ірі текстиль фабрикасы боялмаған мата мен дайын өнім экспортын екі жарым есеге ұлғайтқан.

Мақтадан тоқылған өнімдерінің 65 пайыздан астамын Ресей, Латвия, Литва, Белорусия мен Еуропа елдеріне сатқан. Тек боялмаған матаның өзі 14 миллион метрден асады екен.

Биылғы жоспар былтырғы көрсеткіштен де асып түсуге бағытталған. Сыртқа экспортталатын өнімді 20 пайызға ұлғайтпақшы. Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпорындар былтыр он айдың қорытындысы бойынша 940,8 АҚШ долларына өнімдерін экспорттаған екен. Соның 434,4 миллионы ТМД елдеріне сатылған.  

Алексей Городбин, текстиль фабрикасы директорының орынбасары:

– Біз жыл сайын экспортты 15-17 пайызға ұлғайтып келеміз. Биыл одан да асып түсеміз деген мүмкіндігіміз бар. Иранмен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Заңнамалық тұрғыдан кейбір мәселе бар. Сол бағыттағы жұмыс жүріп жатыр.  

Елімізде мұғалімдердің жалақысы 30-50%-ға өседі

    Дүйсенбі, 15 Қаңтар 2018 22:38

Осы қаңтардан бастап 15 жылдық еңбек өтілі бар I санаттағы қала мұғалімдердің жалақысы 24 мыңға, ауыл ұстаздарының табысы 25 860 теңгеге артады.

Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова хабарлады. Ал 25 жыл еңбек еткен жоғары санатты ұстаздардың айлық табысы 49 мыңға көтеріледі. Олардың қазіргі жалақысы – 83 мың теңге. Табыстың ұлғаюы білім берудің жаңартылған мазмұнға көшу деңгейімен тікелей байланысты болмақ.

Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

– 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен 1, 2, 5 және 7-сынып ұстаздарының лауазымдық жалақысы 30 пайызға көбейеді. Ал қыркүйек айынан 3, 6 және 8-сынып мұғалімдерінің жалақысы өседі. 2019 жылдың қыркүйегінде 4, 9 және 10-сынып ұстаздарының, 2020 жылы 11-сынып мұғалімдерінің еңбекақысы 30 пайызға көтеріледі.

Сонымен қатар биыл мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау арқылы қосымша ақы тағайындайтын жаңа жүйе енгізіледі. Ұлттық біліктілік тестін сәтті тапсырған педагогтардың жалақысы 50 пайызға дейін көтерілмек.

Шолпан Каринова, ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры:

– Мұғалімдерді аттестациялаудың жаңа үлгісін жасаудың жұмыстары министрлікпен басталды. Жұмыс топтары құрылды. Мұғалімдердің категорияларына байланысты жалақының өсуі бойынша нақты параметрлер жасалатын болады.