ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Алматыдағы инновациялық конгресте кәсіпкерліктің негізгі тіректері туралы сөз болды

    Сейсенбі, 28 Қараша 2017 20:13

Экспорт көлемін арттыру үшін әрине, отандық бизнес бәсекеге қабілетті болуы шарт.

Ол үшін салаға жаңа технологияларды дендеп енгізу қажет. Бүгін Алматыда өткен XII Инновациялық конгрестің қатысушылары осы мәселені кеңінен талқылады. Шараның бұл шаһарда өтуі тегін емес.

Алматыдағы салық түсімдерінің 40 пайызы шағын және орта бизнестің үлесінде. Биыл Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік грант бөлуді қайта жаңғыртқанын айтайық. Осы жылы технология трансферіне 2,8 млрд теңге жұмсалады. Бірақ грант талаптары өзгерген. Енді өндіріске қажетті жаңа технологияның құнын кәсіпкер мен агенттік теңдей бөліп төлейді. Бұрын кәсіпорын тек 20 пайызын өз қалтасынан шығаратын. Талаптардың күшейтілгеніне қарамастан, инновациялық грант алуға 200-ден астам өтініш түскен.

Марат Омаров, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасы:

- Егер кәсіпкер жобаға өзінің қомақты қаржысын салса, оның жауапкершілігі артады. Жоба құнының 80 пайызын грант есебінен алса, немқұрайлы қарайтыны анық. Сондықтан тәуекелді тең бөлісейік деп шештік. Өйткені грант бюджеттің ақшасы ғой.

Дишант Махендру, Cambridge Innovation Consulting директоры:

- Шағын және орта бизнеске назар аудару керек. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мен химия өнеркәсібінің болашағы зор. Егер осы екі салаға инвестиция салынатын болса, үлкен жетістікке жетіп, экспорт көлемін ұлғайтуға болады.

Еліміз экономиканы дамыту арқылы озық 30 елдің қатарына қосылуды көздеп отыр

    Сейсенбі, 28 Қараша 2017 19:53

Экономиканың жеті тармағының тамырына қан жүгірту арқылы еліміз озық 30 елдің қатарына қосылуды көздеп отыр.

Қазір Қазақстанда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі 26 мың доллар болса, 2025 жылы бұл көрсеткішті 46 мың долларға жеткізу көзделіп отыр. Яғни екпін ел-жұрттың әл-ауқатын арттыруға салынады. Осы аралықта халықтың әлеуметтік әлжуаз тобының 40 пайызының табысын 27 пайызға дейін көтеру көзделіп отыр. Сосын шикізаттық емес экспорт ауқымын 50 пайызға дейін,  ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесін 35 пайызға дейін ұлғайту жоспарда бар.

Қазақстан мен Иран 200 мың тонна мал азығын экспорттауға уағдаласты

    Сейсенбі, 28 Қараша 2017 19:31

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бастаған қазақстандық делегация Иран Ислам Республикасына жұмыс сапары кезінде осы елге 100 мың тоннаға дейін дәнді-дақылдарды жеткізу туралы келісімге қол жеткізді.

Бұған қоса 2 000 тонна салқындатылған қой еті мен 200 мың тонна мал азығын экспорттау туралы уағдаласты.

Иранның Ауыл шарушылығы министрімен кездесу барысында қазақстандық бидай тасымалына шектеуді жою, инвестиция тарту, мұздатылған қой етіне қатысты сертификатты бекітуді тездету, Иран тарапынан мүйізді ірі қара мен мұздатылған және салқындатылған сиыр етін импорттау туралы мәселелер сөз болды.

Сапар барысында Асқар Мырзахметов Иранның Өнеркәсіп, кен және сауда министрімен де кездесіп, Каспий теңізіндегі қазақстандық және ирандық кеме қатынасы компаниялары арасында қосымша салықтарды азайту мәселелерін талқыланды.

Дәурен Есмағамбетов, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Биыл «Азық-түлік келісімшарт» ұлттық компаниясы Экспорттық орталық болып қайта құрылған болатын. Ол ауыл шаруашылығының барлық өнімін сыртқы нарықтарға шығарумен айналысуда. Сонымен қатар Иран жағы өздерінің ұн тарту кәсіпорындарының қуатын Қазақстан бидайын өңдеуге пайдаланып, ары қарай дайын өнімді Ирак, Ауғанстан секілді елдерге шығаруды ұсынды. Бұл ұсыныс еліміз үшін ұтымды және жан-жақты зерттелетін болады.

Олжас Жұмағұлов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі:

- Егер былтыр жазда Иран нарығына салқындатылған қой етін жеткізудің шарттарын келісуге қол жеткізсек, бұл жолғы сапар кезінде мұздатылған қой етін экспорттауға қатысты келісімге келдік. Сонымен қатар қазір Иран тарапымен сиыр етін жеткізу шарттары келісілуде. Сондай-ақ осы сапар аясында күріштің Иран нарығында үлкен сұранысқа ие түрлерінің тұқымын ұсыну жөніндегі уағдаластыққа қол жеткіздік. Осыған орай, Қазақстан аумағында күрішті өсіріп, оны ары қарай Каспий теңізі арқылы Иранға экспорттаудың кешенді жоспары бекітілетін болады.

Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары – экономиканың тұрақты дамуына қол жеткізу

    Сейсенбі, 28 Қараша 2017 08:04

Қазақстанның 2025 жылға арналған стратегиялық даму жоспары таныстырылды.

Бұл құжат 2020 жылға дейінгі жоспардың орнын баспақ. Негізгі екпін табысты даму мен бәсекелестіктің негізгі шарты адами капиталды арттыруға беріліп отыр. Озық 30 елдің қатарына кіру үшін экономикасы қарқынды дамыған, саяси тұрақты және бәсекеге қабілетті мемлекетке айналуымыз қажет. Біріншіден, «Жаңа адами капиталды» дамыту керек. Яғни адамдар XXI ғасырдың игілігін игеруге міндетті. Бұл бастама балабақшалардан басталмақ. Одан өзге технологияларымызды жаңғыртып, цифрландыру жүйесіне көшуіміз керек. Келесі бағыт – бәсекеге қабілетті бизнес. Ол үшін мемлекет жекеменшік секторға жағдай жасап, шетел нарығына шығуға жол ашу. Сәйкесінше тиімсіз компаниялар жойылып, мемлекеттің қатысуымен кәсіпорындарды жекешелендірудің тұрақты процесі қалыптаспақ. Жоспарды түзу бойынша жұмыстар жыл бойы сарапшылар қауымдастығының қатысуымен жүргізілді.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– Қазір біз құжатты тәмамдауға жақынбыз. Мұнда Елбасының тапсырмасымен дамуға бастайтын бірқатар мемлекеттік басымдық көрсетілген. Ондай басымдықтар Ұлт жоспарында нақты белгіленген болатын. 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары – 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы мен Ұлт жоспарын жүзеге асырудың тетіктерінің бірі десек болады. Экономикалық дамудың жаңа моделіне қолжеткізу үшін біз 7 реформа жүргізіп, 7 жүйелі саясатты жүзеге асыруды ұсынамыз.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыратын негізгі үш драйверге тоқталды. Біріншісі – экономиканың қолда бар салаларын, олардың оперативтік тиімділігін арттыру, технологиялық жаңартуға, цифрландыруға инвестиция құю және «жасыл экономикаға» көшу үшін жағдай туғызу. Өсімнің екінші драйвері – қолда бар салалардың экспортқа бағдарлануы. Үшіншісі – жаңа, жоғары өнімді экономика салаларын құру.