Елбасы Жолдауы: экономиканың цифрлық дәуірі

Елбасы Жолдауы: экономиканың цифрлық дәуірі

Елбасының биылғы Жолдауы «Төртінші өнеркәсіптік революция» аталуы бекер емес.

Бұл әлем көшімен үндестікті білдіреді.

Ғалам ғалымдарының топшылауынша, индустрияландыру 4 дәуірді бастан өткерді. Алғашқысы отарбаның өмірге келуімен тұспа-тұс келсе, екіншісі жаппай өндіріс, электрлендіруге көшумен байланыстырылады. Үшіншісі «IT индустрияның дамуы» деп саналады. Ал төртіншісі, яғни қазіргі шақ адамзат өркениетінің барлық саласына ақпараттық технологияның дендеп енуімен өлшенеді.

Кеңістік пен уақыт шекараларын жоятын жаңа заманның талабы бөлек.Қапы қалсаң – қатер төнеді, ұтымды пайдалансаң – жаңа мүмкіндік. Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықты осы мүмкіндікті мүлт жібермеуге шақырады.

Жолдауда Мемлекет басшысы ел экономикасы жаңа сандық дәуірге көшетінін айтты. Осыған сәйкес «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жаңа технологияға жол ашатын даму бағдарламасы дайын. Қазір ірі өндіріс ошақтары цифрлық жүйеге өтуге арналған жоспарларын түзуге кірісіпті. Ал шағын және орта бизнес субъектілері цифрландыру кеңсесі ұсынған талаптарға көшеді.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы:

- Оның ішінде айта кетсек, 52 мемлекеттік қолдау түрі бар екен. Сол 52-нің 28-і қазіргі кезде толығымен дайын, автоматтандырылды. 1 шілдеде барлық кәсіпкер мемлекет тарапынан алады. Оның ішінде ауылдағы субсидия алатын азаматтарымызды қарадық, 32 қағаз жинайды екен. Соны шағым қылып айтады, бәрі цифрландырылып, 2-3 күнде автоматты түрде бір ғана жерден өтінішін береді.

Жолдауда Елбасы: «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды кәсіпке баулып, болмаса, жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек», – деді. Осы орайда Ұлттық палата өткен жылы іске қосылған «Бизнес бастау» жобасын жалғастырмақ. Былтыр 80 ауданда 15 000 адам бизнестің қыр-сырына үйретіліп, нәтижесінде 3 мың кәсіпкер дүниеге келіпті. Биыл барлық 160 ауданды қамту ойда бар. Есеп бойынша 30 мың адам оқытылып, оның жартысына кәсіп ашуға қолғабыс етілмек. Жолдау кәсіп жүргізуді жеңілдетумен қатар Қазақстанда жасалған өнімдерді жаңа сапаға шығаруды, жасыл өнімнің көлемін арттыруды көздейді.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл тек қана электр қуатына қатысты ғана емес, Ең алдымен бұл – Қазақстанда шығарылатын өнімге қатысты талап. Себебі Қазақстанда шығатын өнім расында да таза, ең жоғарғы стандартқа сәйкес келтіруіміз керек. Мысалы мен қаншама рет шетелде болсам, Ресей, Қытай, Өзбекстан болсын, барлық жерде тұтынушылар Қазақстандағы тауардың барлығын сапалы деп санайды. Бірақ біз оны әлі күнге дейін көрсете алмай жүрміз. Екіншіден оны біз бренд қылдыру үшін шарт ретінде енгізуіміз қажет.

Инновация жемісі өндірісті тегіс жайлап, ғылыммен бітісуі керек. Керек десеңіз, мектеп, колледж тәлімгерлері сандық тәжірибенің үздік дағдыларына қол жеткізе алуы тиіс. Елбасы осы мақсатта оқыту мекемелеріне академиялық басқару еркіндігін заңмен бекітіп беруді ұсынды. Бұл шешім ұстаздар қауымына жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.

Тахир Балықбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры:

- Біз үшін ең маңызды мәселе ол – 7-бағытта айтылған адам капиталының дамуы. Өйткені адам капиталының дамуы – экономиканың дамуына ерекше үлес қосатын бүгінгі сала. ЖОО автономияларына басқару және академиялық мүмкіндігін жоғарылату – біз үшін ерекше мәселе. Өйткені соның арқасында біз өзіміздің мүмкіндіктерімізді пайдаланып, осы қойылған тапсырмаларды және жаңа оқу бағдарламаларын енгізуімізге болады.

Президент Жолдауында білім беру саласын экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке секторына айналдыру керектігі айтылған. Неге десеңіз, экономиканың өзегі саналатын инновацияны әлбетте ғылым тудырады. Сондықтан білімге жаңа көзқарас қалыптастырып, адами капиталдың технологияға ден қоюы – заман талабы.

Авторы: Гүлназ Қабидоллақызы