×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 138
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Санавиация мамандары кез келген ауа райы кезінде көмектесуге дайын

Санавиация мамандары кез келген ауа райы кезінде көмектесуге дайын

Апат айтып келмейді. Оқыс оқиға бола қалса, әр секундтың алтыннан да құнды болатыны бар. Мұндайда санитарлық авиацияға үлкен үміт артылады.

Санитарлық авиация қызметінің жұмысы ауыр екендігі айтпаса да түсінікті. Ауа райының қолайсыздығына, баратын жердің қашықтығына қарамастан шақыртуға жылдам ұшып, алғашқы медициналық көмек көрсетуге қашанда сақадай сай. Жалпы былтыр мамандар 2 мың 210 рет әуеге көтеріліп, зардап шеккендерге қол ұшын созған. 

Ғұмырбек Ағыбаев, республикалық санитарлық авиация орталығы оқу-жаттығу бөлімінің басшысы:

-Бізде Қазақстан бойынша 14 облыстық орталық бар. Оның барлығында біздің ұшақтарымыз бен тікұшақтарымыз бар. Күнде түрлі жағдайлар болады. Күнде ұшуға дайынбыз. Астанада 2, Алматыда 2 тікұшақ бар. 5 бригадамыз кезекшілік атқарады.

Санитарлық авиация қызметіне тікұшақтарды отандық әуе компанияларының бірі береді. Ол «Eurocopter 145» әуе кемелері елімізде құрастырылған. Өзгелерінен артықшылығы қолайсыз ауа райы кезінде де ұша алады. Жедел-іздестіру операцияларынан бөлек өртті ауыздықтауда да пайдаланылады.

Андрей Косолапов, әуе компаниясының бас директоры:

-Қолданыста 28 тікұшақ бар. «Еврокоптерден» бастап, МИ-26-ға дейін бар. Біз негізгі үш ведомство – санитарлық авиация, төтенше жағдайлар комитеті және Қазавиаорманқорғау кәсіпорнына қызмет көрсетеміз. Штатта 400-дей адам еңбек етеді, 130-ы ұшқыштар – жоғары санатты мамандар. Олар түрлі күрделі операцияларды орындайды. Құтқарудан бастап, өрт сөндіруге дейін.

Риат Шони, тілші:

-Оқиға орнына жылдам жету үшін тікұшақты дайындап, әуеге қай аралықта көтеру қажет екен? Оны қазір тікұшық командирінен сұрап білейік.

Бейбіт Смағұлов, тікұшақ командирі:

-Жедел орталыққа қоңырау шалынғаннан кейін қыс уақытында 1,5 сағат ішінде ұшып шығуымыз керек. Ал жаз кезінде 1 сағатта. Жедел орталығы бізге хабарлайды. Сол аралықта әуежайға келіп, ауа райының қандай екендігін мамандардан біліп, тікұшақты осында қоямыз. Кейін дәрігерлермен бірге ұшып шығамыз.

Экипаж 4 адамнан тұрады. 2 дәрігер, 2 ұшқыш. Бейбіт Смағұловтың 15 жылдық еңбек өтілі бар. 10 жылдан бері маман тікұшақ басқарады. Білікті ұшқыш қандай ауа райы болса да, әуеге еркін көтеріле білуі тиіс. Әсіресе түнде және таулы аймақтарда қиын. Бірақ «Eurocopter 145-тің» мүмкіндігі зор. 2,5 тоннадан астам жанармайы бар тегеурінді техника ұзақ уақыт әуеде қалықтай алады.

Риат Шони, тілші:

-Дәл қазір біз авиациялық құтқару қызметінің тікұшағында отырмыз. 100 метр биіктікте ұшып келе жатырмыз. Мұнда науқасты жатқызып әуеде оның қан қысымын және де жүрек соғысын тексеру мүмкіндігі бар. Заманауи медициналық құралдармен жарақтандырылған.

Міне осы абзал жандардың арқасында ат құлағы көрінбейтін боранда адасқандар, таулы жерде зардап шеккендер мен жеңіл көлік бара алмайтын шалғай ауылдардағы ағайынға көмек жылдам келеді. Өйткені адам өміріне араша түсіп, жанын сақтау – бұл мамандардың басты міндеті.

Авторлары: Риат Шони, Болотбек Табалдиев