Қазақстанда 2,7 млрд теңгеге гепатитке қарсы 6 түрлі препарат сатып алынады

Қазақстанда 2,7 млрд теңгеге гепатитке қарсы 6 түрлі препарат сатып алынады

Олар биыл «Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» бағдарламасы аясында азаматтарға үлестіріледі.

Қазір еліміздің кей өңірлерінде сары ауру өршіп тұр. Апта бұрын арнамыздың тілшілері Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданы Шолпан ауылындағы жағдайды хабарлап, дабыл көтерген еді. Күні кеше Қарағанды облысында «А» гепатитін жұқтыру оқиғалары жиілегені жайлы айттық.

Белгілі болғандай, Үржар ауданында дәрігерлер сары аурудың 19 дерегін жасырған. Бұны осы ауданның Шолпан ауылына барған республикалық комиссия анықтады. Тексеру кезінде өзге де заңбұзушылықтардың беті ашылды. Мәселен, сары ауруға шалдығудың бірінші оқиғасы тіркелгенде, амбулаторлық мекемеде орта медициналық қызметкерлерден басқа дәрігер табылмаған. Ал көз жұмған оқушыны аудандық ауруханаға жеткізгенде, науқасқа қан құйылмаған. Бұл мәліметтерді бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин жариялады.

Жандарбек Бекшин, ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

– Іс ІІМ аудандық бөліміне берілді. Олар толық зерттеген соң өз нәтижесін шығарады. Сотқа берілетіні, айыппұл салынатыны да әзірге белгісіз.

Аягөз қаласында тұратын тағы бір оқушының сары ауру жұқтырғаны анықталған. Ол Үржар ауданының Шолпан ауылына қонаққа барған екен. Жергілікті мамандардың айтуынша, 6 мектепте науқаспен байланыста болғандарды тексеру мен тазарту шаралары жүргізілген.

Әлия Оспанова, ШҚО қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің бас маманы:

– Аягөзде мұндай жағдай көп деп айтуға болмайды. Аягөз – халқы көп, үлкен қала. Шолпан ауылына апасы мен атасына қонаққа барған.