ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

СҚО-да өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасына 36 жоба енді

СҚО-да өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасына 36 жоба енді

Биыл мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысында тез дайындалатын тағамдар зауыты мен құрылыс төсемдерін жасайтын өндіріс ашылады.

Кәсіпорындар аймақтағы шикізаттық емес саланы дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге мүмкіндік береді.

Қызылжар ауданына қарасты Бескөл елді мекеніндегі мал сою бекеті өткен жылы мемлекет қолдауының арқасында бой түзеген еді. Қазір тәулігіне мұнда 100-ге тарта мал сойылып, жіліктеледі. Әзірге шикізат көршілес Ресей еліне экспортталуда. Енді оны осы жерде өңдеу жоспарланып отыр.

Шоми Исаков, кәсіпкер:

-Өткен жылдың соңында біз 326 млн теңге несие алдық. Ол қаражатқа шұжық цехын тұрғызып жатырмыз. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары 70%-ға атқарылды. Мұнымен қоса, Германиядан соңғы үлгідегі қондырғыларды сатып алдық. Енді 2-3 айдың көлемінде кәсіпорынды іске қосуды көздеп отырмыз.

Бүгінде мұнда 30 адам еңбек етеді. Жаңа ет өңдеу цехы пайдалануға берілсе, тағы 20-дан астам ауыл тұрғыны жұмысқа тартылатын болады. Ал дайын өнім Қытай мен Иранға тасымалдануы мүмкін. Кәсіпкер қазір бұл бағытта келісім жасасуда.

Жеңіс Асанов, облыстық индустриялық-инновациялық басқармасы жетекшісінің орынбасары:

-Биыл индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде облыста 8 инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл кәсіпорындардың барлығы да өз өнімдерін шетелге экспорттайтын болады. Солтүстік Қазақстан – аграрлы аймақ. Сондықтан кәсіпкерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бет бұрып отыр.

Жалпы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының ІІ бесжылдығы шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысында өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасына 36 жоба енген. Олардың жалпы құны 67 млрд теңгені құрап отыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев