ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Қалжат» кеден бекетінде көліктік-логистикалық орталық ашылды

«Қалжат» кеден бекетінде көліктік-логистикалық орталық ашылды

Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қалжат» өткізу пунктінде жаңа кеден және логистика орталығы ашылды.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған жобаға инвестор 10 миллиард теңге жұмсаған. 

Қалжаттағы инфрақұрылымның жаңаруы кәсіпкерлерге көп жеңілдік беріп отыр. Заман талабына сай салынған кеден және логистикалық орталық бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейді. Іскер жандарға қолайлы болу үшін кеңселер мен банк бөлімшелері ашылған.

Әлім Жусанбаев, «Қалжат» өткізу бекетінің басшысы:

– Логистика жүк әкелуші мен жүк әкетушінің арасындағы алтын көпір екені белгілі. Құжат бойынша күніне 120 көлік өткізу керек болатын. Бірақ күніне 40-50 машинадан аса алмадық.

Жаңа кешеннің әлеуеті бірнеше есе көп. Тәулігіне 500 транзиттік жүк көлігіне қызмет көрсете алады. Және Қазақстанның ішкі нарығына жүк әкелген 100-ге жуық машинаны қабылдайтын мүмкіндік бар. Орталық Астана-1 ақпараттық жүйесіне қосылған. Ол үшін инвестор Қалжатқа жоғары жылдамдықты ғаламтор тартқан. Басты мақсат – ашықтықты қамтамасыз етіп, жүк көліктерін жылдам өткізу.

Ғұсман Әмрин, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:

– Жалпы біздің алдымызға қойған мақсатымыз – 30 минуттың арасында шығару. Енді 3-4 айдың арасында осы жерде жаңадан техникалық бақылау комплексі құрылады.

Инвестор жуық арада құрылыстың екінші кезеңін бастауды жоспарлап отыр.

Ерлан Диқанбаев, инвестор:

– Бізге 20 гектар жер бөлінді. Қазіргі таңда оның 5 гектарын игердік. Коммуникация жүйелері барлық 20 гектар жерге жүргізілген. Алдағы уақытта біз қоймаларды көбейтіп, кәсіпкерлерге қонақүй саламыз.

Жалпы Үкімет алдында 2020 жылға қарай Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк көлемін 7 есе арттыру міндеті тұр. Қалжаттағы инфрақұрылымның жаңаруы осы мақсатқа жетуге септігін тигізері анық. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Әбжанов