ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Елімізде жарық пен су мәселесі шешілмеген ауыл тұрғындары шағымдарын жеткізуде

Елімізде жарық пен су мәселесі шешілмеген ауыл тұрғындары шағымдарын жеткізуде

Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылының сырт жағынан жеке адамдарға жер телімдері беріліп, алғашқы үйлердің салына бастағанына 7 жылдай уақыт өтті.

«Ынтымақ» деп ат қойылған бұл елді мекенде қазір 100-ге тарта отбасы тұрып жатыр. Бірақ онда жол, ауызсу және жарық беру мәселесі әлі күнге шешілмеген.

Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті Талдықорғанда жиын ұйымдастырған болатын. Дүниежүзілік банктің рейтінгісінде Қазақстан жарықпен камтамасыз ету индикаторы бойынша 190 елдің ішінде 35-орынға орнығыпты. Мәселен, электр желісіне қосылуға берілетін техникалық шарттарды рәсімдеу мерзімі 14 күннен 5 күнге дейін қысқартылған. Биылдан бастап энергетикалық нысанды іске қосу үшін энергетикалық сараптама жүргізу қажет емес. Бұл тұрғындар мен кәсіпкерлердің желіге қосылуын жеңілдете түсіпті.

Ынтымақ ауылының тұрғындары электр жарығына жете алмай отыр. Себеп те, сылтау да көп. Тұрғындар айтудан жалықпайды, шенділер болса жүре тыңдайды.

Маржан Әкіметова – осы жердің жаңа тұрғыны. Бір жыл бұрын Ескелді ауданының Қоңыр ауылынан қоныс аударған. Өркениетті ортада өмір сүріп, балаларына сапалы білім, саналы тәрбие беруді армандап келген отбасының қазіргі тіршілігі кісі қызығарлықтай емес. Майшамның жарығына тәуелді. Тұрмыстық техникалар жұмыс істемейді. Теледидар көру – арман.

Маржан Әкіметова, көпбалалы ана:

– Төрт балам бар. Үшеуі мектеп қабырғасында оқиды. Мектепке жету өте қиын. Жол жоқ, жер батпақ болады. Не жарық жоқ, сабақты да дұрыс оқи алмайды.

Қуаныш Исаханов, ауыл тұрғыны:

– Ешкім бұл өңірге қарағысы келмейді. Қарапайым халықтың қалай күн көріп жатқаны оларды қызықтырмайды. Бұл заманда жарықсыз отыру ұят деп ойлаймын.

Есімбек Қалиев, ауыл тұрғыны:

– Қалада қажетсіз нәрселерді сала береді. Бұзады да, қайта салады. Әкімшіліктердің алдында жөндеу жұмыстары жиі болады. Бөлінген қаражатты босқа кетірмей, қарапайым халыққа жәрдем беру керек қой. Әкімдер ойланса екен.

Қалаға қарасты бұл ауылда жолдың нобайы бар, бірақ тас төселмеген. Электр бағаналары орнатылып, сымдары тартылған, бірақ іске қосылмаған. Судың да жағдайы сондай. Оны қысы-жазы тасып ішеді. Жедел жәрдем шақыртудың жыры өз алдына. Қала басшылығы бұдан құлағдар.

Дәурен Жолжанов, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары:

– 2018 жылы жолдың жағдайын ретке келтіреміз. Ал жарық пен су мәселесі алдағы желтоқсан айында шешіліп қалар деген ойдамын. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ал тұрғындар: «Әлеуметтік түйткілден қашан құтыламыз», – деп алаңдайды.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев