ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Алматы облысында Д.Шоқпарұлы атындағы мұражай жанынан қолөнер мектебін ашу жоспарлануда

Алматы облысында Д.Шоқпарұлы атындағы мұражай жанынан қолөнер мектебін ашу жоспарлануда

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында қазақ қолөнерінде ғасырлық қолтаңбасы бар Шоқпаровтар әулеті тұрады.

Жәй ғана шеберлер емес, облыстағы алғашқы қолөнер мұражайын ашқан Дәркембай ұстаның ұрпақтары қазір отбасылық кәсіпті жалғастырып келеді.

2400-ден аса жәдігерді жинақтаған мемлекеттік мекемеге қазір шетелден де туристер көп келеді екен. Мұндағы кейбір жәдігерлерді басқа өңірлерде кездестіре алмайсыз. Мәселен, сиырдың жатырынан жасалған мына құман ұлттық қолөнердегі ерекше туынды саналады.

Дәулет Шоқпаров, «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейі» МКҚК директоры:

– Ертеде бабаларымыз осындай құмыра ойлап шығарған. Қарап отырсаңыз, еш жерінде тігісі жоқ. Мысалы, торсық, саба және тағы басқа да ыдыс-аяқтар теріден жасалады да, міндетті түрде тігісі болады. Ал бұл – бүтін бір жасалған дүние.

Мұражайдың негізін қалаған Дәркембай ұста бұл қасиетті өнерді әкесі Шоқпар мен кіші әкесі Ахметтен үйренген екен. Ал оны жалғастырып келе жатқан оның ұлы Дәулет Шоқпаровтың айтуынша, мұражай бір әулеттің ғана емес, күллі қазақтың тарихи мұрасына айналды.

Дәркембай ұстаның қолынан шыққан қайталанбас туындыларды қазірде еліміздің барлық мұражайларынан көруге болады. Солардың бірі – мына тұрған орындықтар жинағы. Сонымен қатар ұста қазақ қолөнерінде ұмыт болып кеткен біраз заттарды қайта жаңғыртқан. «Талқы» атты құрылғымен ата-бабамыз қатып қалған теріні жібіткен.

Дәркембай Шоқпарұлы өмірінің соңына дейін ұлтымыздың ұмыт болған қолөнерін қайта жаңғырту жолында көп ізденіп, көне жәдігерлер жиынтығын жасап кетті.

Құрманғазы Қадыров, ҚР мәдениет қайраткері:

– Бұл Республикамызда ең алғаш ашылған қолөнер мұражайы болып есептеледі. Дәркембай көкеміздің 40-50 жыл жинаған мұражайдағы экспонаттарын әкеліп қойдық.

Дәркембай Шоқпарұлы атындағы мұражай жанынан болашақта қолөнер мектебін ашу жоспарланып отыр. «Билік тарапынан қолдау болып жатса, жастарды үйретуге дайынбыз», – дейді Дәулет Шоқпаров.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев