ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Қызылордалық ғалымдар белсендірілген көмір алудың жаңа әдісін ойлап тапты

Қызылордалық ғалымдар белсендірілген көмір алудың жаңа әдісін ойлап тапты

Кәдімгі күріштің қауызын белсендірілген көмірге айналдыруға болады.

Бұл – Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары ашқан тың жаңалық. Қазір жоба ғылым комитетінің қарауына ұсынылды. Сапты ине сәтімен болып, жоба өндіріске енгізілсе, одан келер экономикалық та, экологиялық та пайда көп болады.

Қызылорда облысында биыл күріштен 500 мың тонна өнім жиналды. Оны зауыттарда ақтағаннан кейін 100 мың тоннадай кебек бөлінеді екен. Оған егін алқаптарында қалатын сабанды қосыңыз. «Осындай өте көп мөлшердегі ауыл шаруашылығы қалдықтарын белсендірілген көмірге айналдыруға болады», – дейді ғалымдар.

Рахметулла Жаппарбергенов, Инженерлік бейіндегі зертхана инженері:

- Өндірісте бір затты алу үшін катализатор ретінде металдардың құймаларын пайдаланады. Ол көп шығынды қажет етеді. Ал біз сол өзіміздің зертханада алынған күріш қауызынан алынған белсендірілген көмірге ауыспалы металдардың нанобөлшектерін белсендірілген көмірдің пораларына отырғызып, соны катализатор ретінде пайдаланып жатырмыз.

Жалпы белсендірілген көмір металлургия, химия өнеркәсібі және медицинада кеңінен қолданылады. Сондай-ақ газдан қорғануға арналған тыныс алу құрылғылары мен респиратор жасайтыны белгілі.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Мына қара таблеткаларды мамандар осы зертханада жасады. Бұл – күнделікті дәріханаларда сатылатын белсендірілген көмір дәрісі. Оның негізгі шикізаты – күріш қауызы. Енді оның микроқұрамы зерттеледі. Ол үшін заманауи үлгідегі Жапонияда жасалған электронды микроскоп пайдаланылады.

Қазіргі таңда ғалымдардың бұл жобасы ғылым комитетіне ұсынылып отыр. Алдағы уақытта қаржылай қолдау жасалатын болса, зерттеу аясын кеңейтіп, өндіріске еңгізу жоспарда бар.

Нұрбол Аппазов, Инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі:

- Металдарды кеннен бөліп алу үшін әдетте көмір кокс пайдаланылады. Олар көмірден және мұнай қалдықтарынан алынады. Біз енді осы бағытта да зерттеуімізді бастау ойымыз бар. Жұмыстар жүргізілуде. Әрі қарай да үлкен нәтижелерге жеткіземіз деген ойымыз бар.

Әдетте белсендірілген көмір алу үшін түрлі орман ағашы пайдаланылады. Ал оның орнына күріш қалдығын қолданар болса, жасыл желек кесілмей, қоршаған ортаға пайдасы тиері анық.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов