ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Астанада ғарыш техникаларын құрастыратын заманауи орталық ашылды

    Жұма, 15 Желтоқсан 2017 18:24

Конструкторлы бюрода білікті инженерлер ғарыш аппараттарының жобасын тапсырыспен құрастырады.

Бас-аяғы 86 маман жұмыс істейтін мекемеде заманауи жабдықтар, станоктар мен арнайы зертхана да бар. Әмбебап орталықта ғарыш аппараттарының кез келген бөлшегін жасап шығаруға болады. 5 түрлі өндіріс алаңында арнайы қаптамалар, электроникалық құралдар мен кабельдер дайындалады. Орталық бүгін ресми ашылғанымен, мамандар 2018 жылдың басынан жұмысқа кіріседі.

Айта кетейік, ғарыш техникаларын құрастыратын бұл бюро – ТМД елдері ішінде әзірге жалғыз мекеме.

Ерғазы Нұрғалиев, «Қазақстан ғарыш сапары ұлттық компаниясы» АҚ президенті: 

- Біздің 21 маманымыз ғарыш аппараттарының тетіктерін жасауға, 34 маманымыз осы жерде құрастыру жұмыстарымен айналысуға оқып келді. Олардың тәжірибесі, деңгейі әріптестеріміздің тарапынан тексеріліп отырады. Өндіріс учаскелеріне тиісті сертификаттар беріліп отырады. Соның арқасында олардың тәжірибесі шетелдік мамандардан кем емес.

БАҚ туралы заңға өзгерістер енгізіледі

    Жұма, 15 Желтоқсан 2017 18:02

Енді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мемлекеттік органдарға жіберген ресми сауалдарына қысқа мерзімде жауап алуы мүмкін.

Бұл туралы бүгін Парламент Сенаты жанындағы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев айтты. Жұмыс тобы бүгін БАҚ саласындағы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде есеп берді. Комитет мүшелері мемлекеттік мекемелердің төтенше жағдайларға байланысты сұрақтарға жауап беру уақытын қысқартуды ұсынды. Ал сенаторлар: «Азаматтардың жеке өміріне қол сұқпау мәселесіне келгенде лауазымды тұлғалардың жеке өмірі мен коммерциялық құпиясының аражігін ажыратып алу керек», – деді.

Айта кетейік, 6 кодекс пен 16 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасы 21 желтоқсанда Сенаттың жалпы отырысында қаралады.

Елдос Нашырәлі, ҚР АКМ БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры:

- Жалпы БАҚ сұрауларына жауап беретін 3 күн 2 күнге дейін қысқартылып отыр. Көптеген жағдайларда журналистер көлемді дайындайды. Осы мақсатта олар бірнеше мемлекеттік органға сұраулар жібереді. Ол ақпараттар талдауды талап етеді. Сол сұрауларға толық және сапалы жауап беру үшін мемлекеттік органдарға 7 күнге дейін уақыт беріледі.

Тәуелсіздік күнінде Астананың қоғамдық көліктерінде жүру тегін болады

    Жұма, 15 Желтоқсан 2017 17:15

Елордада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесін атап өтуге орай, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасы бойынша, 16 жектоқсан күні қоғамдық көліктерде (оның ішінде экспресс-маршруттарда да) жүру тегін болады.

Қала маңына қатынайтын автобустарда жүру ақылы болады.

Тәуелсіздік күні Қазақстан Республикасының басты мерекесі, жыл сайын 16 желтоқсан күні қазақстандықтар Тәуелсіздік күнін атап өтеді және осы күн демалыс болып саналады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ақмола облысындағы елді мекенде жаңа жылу қазандығы іске қосылды

    Жұма, 15 Желтоқсан 2017 15:07

Ақмола облысының Гранитный ауылында жаңа жылу қазандығы іске қосылды. Аталған нысан Өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынған.

Құрылысына қазынадан 123 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Ал ауылға осыған дейін жылу беріп келген қазандық өте ескі, оның үстіне жекенің қолында болатын. Сондықтан елді мекен тұрғындары жылда жылудан таршылық көретін. Аталған ауылдың жылусыз отырғаны жайлы біздің де арнадан бірнеше мәрте көрсетілген еді. Енді ол күннің бәрі артта қалды. Гранитный ауылындағылар осылай дейді. Қазір жаңа жылу қазандығы осындағы 10 шақты көп пәтерлі үй мен әлеуметтік нысандарға жылу таратып отыр.

Гүлнәр Қазиева, ауыл тұрғыны:

-Былтырлары поселок Гранитныйда қазандық дұрыс істемей, үй суық болды. Мектепте де, балабақшада да суық болды. Балалар тоңып, киініп жүрді. Қазір былтырға қарағанда үй де жылы. Батареялар бүкілі ыстық. 

Серік Сабыров, ауыл әкімі:

-Қазандықтың күші 30 мың шаршыға жететіндей жағдайы бар. Бірақ бүгінгі күні 12 мың шаршыға дейін жағылып жатыр. Неге десеңіз, жоба осылай артығымен жасалған. Алдымызда осы ауылдың болашағы бар. Тағы да бір 5-6 үй бар 2-этажды сатып алып, күрделі ремонт жасап, болашақта қосамыз деп отырмыз.