07:00 Әрі қарай эфирде: ҚР Әнұраны
×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 143
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Бурабайда «Қансонар» бүркітшілер сайысы өтті

Бурабайда «Қансонар» бүркітшілер сайысы өтті

Бурабайда «Қансонар» деген атаумен бүркітшілер сайысы өтті.

Байрақты бəсеке биыл алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Шараға еліміздің құсбегілерінен бөлек көрші Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолия елдерінен саятшылық өнердің мықтылары жиналды.

Биылғы турнирге бас-аяғы 50-ге жуық құсбегі жиналды. Сала мамандарының айтуынша, бұл бәсекені Азия чемпионатына балауға болады. Себебі деңгейі жоғары. Жүлде қоры да қомақты – 2 млн теңге. Жарыстың ережесі де ерекше.

Марат Қойшин, турнирдің бас төрешісі:

– Ережелеріміздің ерекшелігі сол, басқа мемлекеттермен салыстырғанда біздің ережелеріміз мынау бүгінгі күннің талабына сай жануарларға қиянат көрсетпей, қоян, қасқыр, түлкіге салмаймыз. Тек қана шырғаға салу. Шырға жануардың терісі ғой. Аттың құйрығына 50 метр жіпке байлап тартады. Ұшқан-алған уақытты алып, сол арқылы чемпионды анықтаймыз.

Бұдан бөлек құстардың иесімен байланысы, қолға қонуы, еркін ұшуы бәрі сарапқа салынады. Сайысқа қатысушылардың тіпті киім үлгісі мен құрал-жабдықтарына да баға беріледі.

Астаналық Арман Күнтуғанұлы бала кезінен бері саятшылық өнерімен айналысып келеді. Ұлттық спортқа оны әкесі мен атасы баулыған. Бүркітшіден «қыранды баптауға қанша қаржы кетеді?» деген сұраққа жауап алғымыз келген. Алайда бұл өнерге жан-тәнімен берілген жігіт төл өнердің екінің біріне қона бермейтінін жеткізді.

Арман Күнтуғанұлы, құсбегі (Астана):

– Атты қалай баптайды, сол сияқты бүркітті де баптайды ғой. Бұны да аңға түсу үшін етін алады, майын алады. Қыс айларында бұл өз тамағын өзі табады деуге болады. Ал жаз айларында аңшылық жасап, өзіміз тамағын береміз. Таза ет қана жейді. Кепкен ет жемейді.

Жарысқа қатысқан құстардың жас ерекшеліктері де әртүрлі. Қанаты енді ғана қатайғандарынан бастап жыл сайын жүлде алып жүрген саятшылықтың хас шеберлері де бар.

Дамир Берікұлы, тілші:

Тәжірибелі құсбегілердің айтуынша, аңшы құстар шамамен 30-40 жыл өмір сүреді екен. Ал мына «Ақбалақ» есімді Күнтуған ақсақалдың бүркіті қазір 22-де. Ол осыған дейін өз қожайынына талай байрақты бәсекелерде жүлде алып берген. Әлі де болса, бас жүлдеден үмітті.

«Қансонар» бүркітшілер турнирі Көкше жерінде соңғы 12 жыл қатарынан тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін Көкшетау қаласының жанындағы Бұқпа тауының етегінде өткізілетін. Ал биыл құсбегілер туризмнің орталығы саналатын Бурабайдың баурайына жиналды.

Ардақ Құмарханұлы, құсбегі (Моңғолия):

Моңғолиядан келдім. Ол жақта да жақсы өркендеген. Жақсы дамытқан. Әдемі сайыстар жүргізеді. Қазақтың осында да жақсы екен. Әдемі сайыстар жүргізіліп жатыр міне. Өте жақсы екен. Әлі де жақсы дамытып, шетелдерден де көптеп қатыстырса екен деп тілейміз.

Шандо Дороги, Венгрияның Қазақстандағы елшілігінің өкілі:

– Бізде 1936 жылы құрылған «Венгер бүркітшілерінің одағы» атты қоғамдық ұйым бар. Саятшылықпен бір кісідей айналысамыз. Осы сайысқа қатысқым келген болатын. Алайда талаптарына сәйкес келмей қалдым. Маған қатысушылардың құлшынысы қатты ұнады.

Құсбегілік бүгінде әлемнің бірқатар елінде жақсы дамыған. Қазір бүкіл дүние жүзінде 20 мың құсбегі бар. Бұл – әлемдік әуесқой бүркітшілер қауымдастығының есебі.

Қолда бар деректерге сүйенсек, Моңғолияда 300-ден астам, Қырғызстанда 250, Венгрияда 200 адам құсбегілер қауымдастығына тіркелген. Ал әлемде саятшылықтан көш бастап тұрған Словакияда 600 адам құсбегілікпен айналысады екен. Оларда тіпті орта мектептерде табиғаттану пәнінің орнына осы өнерді үйрететін көрінеді. Ал Қазақстанда қазір шамамен 60 адам ғана бүркіт баптап, осындай жарыстарға қатысады. Дегенмен мамандар, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының өзінде 70-тен астам бүркітші бар деседі. Бізде де балаларды ұлттық өнерге баулитын спорт мектептері бар. Мәселен, Ақмола облысының өзінде қазір 75 оқушы құсбегіліктің қыр-сырын меңгеріп жүр.

Марат Қойшин, турнирдің бас төрешісі:

– Анау бүркітші деп айтады көбісі. Кішкентай бала бүркітті көтере алмайды. Ол 5,8, 10 келі болады. Оны бала ұстай алмайды. Сондықтан оларға кішкентай қаршыға мен ителгі беріледі. Біздің бөлімше Зеренді ауданындағы Ортақ ауылында бар. Еңбекшілдер ауданында, Үлгілі ауылында, Кагородок, Андықожа ауылында және Целиноград ауданында бар. Көрдіңіз бе, балалар бар.

Сала мамандары құсбегілік өнерін елімізде барынша дамыту үшін барлық жағдайлар жасалып жатқанын айтады. Қазірдің өзінде жарыстардың ережелері жетілдіріп, халықаралық сипатқа ие болып келеді. Айтпақшы, аталған турнирдің қорытындысы бойынша ақмолалық Қанат Шүленбаев байрақты бәсекенің бас жүлдесін жеңіп алды. Ал басқа да жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Авторлары: Д.Берікұлы, А.Полянный, Е.Шинкаренко