ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Үкімет отырысында ҮИИД картасы аясында жүзеге асқан жобалар сараланды

Үкімет отырысында ҮИИД картасы аясында жүзеге асқан жобалар сараланды

Еліміздегі зауыттар мен кәсіпорындар айына 180 миллиард теңге сома құрайтын 500-ден аса жаңа өнім түрін шығарады.

Осылайша 100 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Игі істің бастамашысы индустриялық даму бағдарламасы. Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз жиынында өнеркәсіптегі өсімнің негізгі индикаторларымен Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Алик Айдарбаев жіті таныстырды.

Индустрияландыру картасы елімізде жаңа салалар ашты. Қазақстанда соңғы бес жылда бұдан бұрын өңделмеген 500 өнім түрі шығарыла бастады. Оның ішінде вагон, электровоз құрастыру зауыты ашылды. Жеңіл және жүк көліктерін жинайтын кәсіпорындар бой көтерді. Медициналық құралдар мен дәрі-дәрмек, заманауи электроника, жарық шамдары сияқты заттарды шығаратын бизнес ошақтары пайда болды. Ай сайын орта есеппен олар 180 миллиард теңге сомасын құрайтын түрлі өнім шығарады.

Биыл алғашқы 7 айдың қорытындысында өндірістің нақты өсімі 6,3%-ға өскен. Өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі дәл осы кезеңмен салыстырғанда 27,8% артып, 6,2 млрд долларды құрады. Жалпы индустрияландыру бағдарламасын іске асырған жылдары 5,1 трлн теңге сомаға 1060 жоба жүзеге асырылған.

Алик Айдарбаев, ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары:

– Еліміздегі 2010 жылдан 2017 жылға дейінгі кезеңде қабылданған шаралар индустрияландыру саласының құлдырауын тоқтатуға және оны әртараптандыру процесін іске қосуға мүмкіндік туғызды.

Зауыттар мен кәсіпорындар ашылғаны халықты жаппай жұмыспен қамту мүмкіндігі туды. Жалпы индустрияландыру бағдарламасын іске асырған жылдары 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған. Индустрияландырудың екінші бесжылдығы кезеңінде 21 мың тұрақты жұмыс орны құрылса, оның ішінде 2017 жылдың басынан бері 3,9 мың жұмыс орны ашылған.

Берік Бекенов, «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ басқарма төрағасы:

– Бүгінгі таңда өндіріс ошақтарының бәсекеге қабілеттілігі жұмысшылардың еңбек өнімділігімен есептеледі. Екінші бесжылдықтың қорытындысы бойынша бұл сектордағы еңбек өнімділігінің деңгейі 38,9 мың долларды құрады. Яғни 2015 жылмен салыстырсақ, көрсеткіш 30 пайыздан асты. Экономикалық өсімді одан ары дамыту үшін жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады.

Биылға да жоспар зор. Жыл соңына дейін 1 трлн теңгеге жуық сомаға 100-ден астам жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде тағы он мың жаңа жұмыс орны ашылады. Индустрияландыру картасынан тыс арнайы экономикалық аймақтарда құны 280 миллиард теңгені құрайтын 100 жоба жүзеге асырылады. Оның аясында 6800 жұмыс орны құрылады деген нақты жоспар бар. 

Авторлары: Жұрағат Баман, Аманжол Байғазин