A+ A A-

Қазақстандық биатлоншылар жүлделі орынға жақындай алмады

  • Бейсенбі, 22 Ақпан 2018 19:27

Тау шаңғысының кезекті слалом бәсекесінен жерлесіміз Игорь Закурдаев алғашқы сында мәреге жете алмады.

Осылайша ол өкінішке қарай, жарыс жолынан шығып қалған 50-ден астам шаңғышының қатарынан көрінді.

Бүгін сондай-ақ Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында биатлоншы қыздар Қысқы Олимпиада ойындарының соңғы медальдарын сарапқа салды. Эстафеталық сайысқа Қазақстанның да мергендері шықты. Қатысушы командалардың қатарын толтырған біздің биатлоншылар жүлделі орынға жақындай алмады.

Галина Вишневская, Дарья Климина, Алина Райкова мен Ольга Полторанина төрттігі әлемнің үздік 18 құрамасымен бірге сайысқа түсті.

Алдымен жарыс жолына Галина Вишневская шықты. Еліміздің үздік биатлоншысы алғашқы нысана көздеуде мергендік танытып, қателік жіберген жоқ. Алайда екінші ату кезінде Вишневскаяның үш оғы қиыс кетіп, қарсыластарын ұзатып алды. Сосын эстафетаны қабылдап алған Дарья Климинаның да атқан оғының жартысы далаға кетті. Алина Райкова мен Ольга Полторанина да шапшаңдықтарымен де көзге түспеді.

Галина Вишневская, Биатлоннан Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Жарыс бастала сала қарсыластардың біріне соқтығысып, құлап тұрдым. Бүгін ауа райы да өзгеріп, қар жауып кетті. Шаңғымызға жауапты мамандар осы күн райына қолайлы майды таба алмады. Қазір бізді жанкүйерлеріміз жабылып жамандап жатыр. Мен оларды Семейге шақырып, биатлонның жаттығуына қатысып көрсе екен деймін. Қолдау білдіріп жатқандары да бар. Біз де төмен нәтижеге қобалжимыз, әр жарыс сайын шамамыз жеткенше сайысқа түсеміз. Қателіктер де көп, әсіресе ату кезінде мүлт кеттім. Жаттықтырушылармен олқы тұстарымызды саралаймыз, алдағы уақытта сабақ аламыз.

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз