Өмірзақов Бап (1918 - 2006 жж.)
Балқаш ауданы, Қарой елді мекенінің тумасы Бап Өмірзақов 1937 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге өзі сұранып барған. Ол әскери жолды Киев әскери округінен бастаған. Әскерде қызмет ете жүріп, ауырып қалған солдатты елге тапсыратыны бар. Селолық кеңестен «ауру солдатты тура үшінші ауылға дейін жеткізді» деген қағазды қалтаға басып, Киевке қайтыпты. Кешікпей алғашқы жорыққа аттанады. 1939 жылы 17 тамызда Кеңес әскері қатарында Батыс Беларусь пен Батыс Украинаға кіреді. Бұл оның бірінші аттанысы еді.
Бап Өмірзақов Ұлы Отан соғысы басталғанда депутаттық мандатын, партия билетін қалтасына салып, майданға өзі сұранып барады. Сұрапыл соғыста Карель тауын қорғаған Кеңес әскерлерінің қатарында болды. Армияның алғы шебінде зеңбірекші де болды, полк басқарып, командир атанды.
Оны жеңіспен бітіріп, енді ақ финдермен соғысқа қатысады. 1939 жылы 30 қарашада Фин соғысы басталғаны баршаға мәлім. 75 мыңдық армияның алғы шебінде зеңбірекші Бап Өмірзақов финдермен айқасты. Қанды қырғынды Карел-Фин Республикасы аймағында, Коль түбегі мен Бернц, Ақ және Қара теңіздердің үстінде өткізді. Соғыстағы ерлігі үшін бірнеше мәрте орденмен марапатталып, «Жауынгерлік Қызыл ту» орденін кеудесіне тақты. Оны Михаил Калининнің өз қолынан алған. Біздің білуімізше, қазақтар арасынан осы орден алғаш рет Бап атамыздың төсіне тағылыпты.
Нұрлан Өмірзақтың естелігінен:
Әскердегілер арасында «Бап жүрген жерде жау жүрмес» деген сөздің таралуы да бекер емес. Оған мынау бір оқиға мысал. Карель тауын қорғаған кеңес әскерлерінің міндеті жауды осы таудан бері қарай асырмау керек екен. Қайта оларды әрі қарай тықсырып, қуу керек болады. Сөйтіп сіресіп, жаудың әр қимылын бағып жата береді. Бір күні бұлар алға жылжып, немістер кейін шегіне бастайды. Кеңес әскерлері бір-екі селоға барады. Сол кезде дивизия басшысының «Біз қоршауда қалдық. Оны бұзып-жаруға біздің күшіміз жетпейді. Сондықтан өздерің әрекет етіп, қашып шығыңдар!» - деген хабары жетеді. Содан жанында бес адамы бар командир Бап Өмірзақов та құтылудың қамына кіріседі. Қар өте қалың. Аппақ киініп алған. Күндіз қардың астына кіріп алып, жасырынған солдаттар тек түнде ғана жер бауырлап қашудың қамын жасайды. 21 күн дегенде штабқа аман-есен оралады. Осындай қан майданда жаумен ерлікпен айқасқан әкем 1946 жылы еліне аман-есен оралады. Әскердегі ұйымшылдық, талапшылдық, еңбекқорлық сынды қасиеттерін бейбіт күнде де сақтап өтті. Соғыстан оралған соң, қалған ғұмырын туған жеріне қызмет етуге арнады. Бүгінде оны елі «Балқашқа бақты Бап еді» деп зор құрметпен еске алады.
Осындай от пен оқтың ортасында жүрген жас жігіт бойына қатал тәртіп, ісіне тиянақтылық, атқарған жұмысы үшін жауапкершілік секілді абзал қасиеттерді сіңірген. Осы қасиеттері мінез болып қалыптасып, өмір бойғы бағдаршамына айналды.
Авторы: Алмат Өмірзақ және Нұрлан Өмірзақ