Молдабаев Жәпек Бабашарұлы
Молдабаев Жәпек Бабашарұлы 1920 жылы 10 наурыз қазіргі Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Малыбай ауылында (Шелек ауданы) дүниеге келген.
1940 жылдың қазан айында әскерге Кеген аудандық әскери комисариатынан аттанады.
1942 жылдың қаңтарында бұйрық келіп, жауынгер армиясы Батысқа бет алады. Келген бойда бірден соғысқа кірісіп, Калинин қаласын азат етеді. Калинин қаласы (Тверь) соғыс басталғалы неміс басқыншыларынан азат етілген ең алғашқы облыс орталығы екен. Бұл – соғыс ардагерінің Батыс майданына келгендегі алғашқы шайқасымыз әрі алғашқы жеңісі.
Одан соң Великие Луки қаласын азат етіп, ерлігі үшін медальмен марапатталады.
Ардагердің айтуынша, ол ротада жалғыз қазақ болған. Ленинградты азат етуде ардагер үш жерінен жараланып, контузия алады. Жаралы жауынгер Башқұртстанның Шумерли деген қаласындағы әскери госпитальге ауысады. 1942 жылдың 15 желтоқсанында әскери комиссия тексеріп, жарақаты ауыр, соғысқа жарамсыз, II топ мүгедегі деген шешім шығарады.
Сөйтіп елге оралып, 1943 жылы жұбайы Бейсенбайқызы Тұрсынқызымен отасып, кейін мал дәрігерлерін дайындайтын техникумды бітіріп, елге қызмет етуін жалғастырады.
Қазір 31 немере, 43 шөбере көрген ардагер ақсақал ел тәуелсіздігіне тәубе етеді.
Наградалары:
- I дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені;
- «Құрмет» ордені;
- «Ерлігі үшін» медалі;
- «Германия маңындағы жеңісі үшін» медалі;
- «Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін» медалі;
- «Ерен еңбегi үшiн» медалі;
- «Еңбек ардагері» медалі.
Жалпы 30 шақты мемлекеттік наградасы бар.