Мухамбеткалиев Сырлыбай
Сырлыбай Мухамбеткалиев 1923 жылы Жымпиты өңірінде дүниеге келді. Балалық шағы Жосалы совхозында Миялытос деген жерде өтті. Қарапайым отбасында өскен. Кейін әке өтініші бойынша Қаратөбедегі нағашыларына барып, сол жерде оқып, ержетті.
1940 жылы Камендегі механизаторлар мектебін бітіріп, Қаратөбе совхозында екі жыл еңбек етті.
Ұлы отан соғысы жылдарында Сырлыбай Мухамбеткалиев Отан қорғаушылар сапында болады. Орынбордағы кіші командирлер даярлайтын мектепке қысқа курста оқып, 1942 жылы Воронеж-Курск бағытындағы ұрыстарға қатысты. 1942 жылдың қысында Сталинград үшін болған кескілескен ұрыстар кезінде ауыр жараланып, Қазандағы әскери госпитальде емделді. Елге жалғыз аяқпен, балдаққа сүйеніп оралды.
1943 жылы Қаратөбе ауданында комсомол комитетінің екінші хатшысы болды.
1949 жылы Жымпиты ауданында комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалып, 1952 жылы Алматы қаласындағы Жоғары партия мектебінде оқиды.
1956 жылдан 1975 жылға дейін Жымпиты өңірінде жауапты қызметтерде жұмыс істейді.
Сырлыбай Мухамбеткалиевтің тұла бойы толған шежіре еді. Ол авторлар тобымен бірге «Сұлтан сиық тарихы», «Байұлы мен Жетіру және Төлеңгіт», «Ноғай-қазақ» шежіре кітаптарын жазып шықты. Сырым Датұлы жайлы зерттеу-толғауы (5 том) жарыққа шығып үлгерген.
Наградалары:
- «Еңбек Қызыл Ту» ордені;
- «Ерлігі үшін» медалі;
- бірнеше медаль, орден, Құрмет грамоталарының иегері.
Сырлыбай зайыбы Хамида екеуі 6 перзент тәрбиелеп, өнегелі әке бола білді. Ұл-қыздары, немере-жиендері еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқарады. Үлкен ұлы Еділ – ғылым кандидаты, қызы Ботагөз – мұғалім, Қазақстан Республикасының озық қызметкері, ұлы Сейіл – ішкі істер қызметкері, ұлы Есіл – төтенше жағдайлар комитетінің қызметкері, ұлы Ербол – кәсіпкер, немересі Мейіржан Мәскеудегі академияны үздік аяқтаған полковник, немересі Аскер – Ішкі істер қызметкері, жиені Динара Нұр-Сұлтанда қызмет атқарады.
Авторы: Еділ Сырлыбайұлы