Бекмұрзаев Үсен
Бекмұрзаев Үсен 1921 жылы маусым айында Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Шақпақата ауылында туған. Әкесі – Бекмұрза, анасы – Қырмызы. 12 жасында әкесінен айырылып, соғысқа дейін колхоздың шаруашылық салаларында әртүрлі жұмыс істеген.
1942 жылы әскер қатарына шақырылды. Соғысты Сталинград майданында қатардағы жауынгер ретінде бастап 543-атқыштар полкінде қызмет атқарады. Сталинград бағытында қаланы немістерден азат ету жолында ұрыс жүргізген. Шайқастардың бірінде қолынан ауыр жарақат алып, госпитальге түскен. Қазан, Саратов қалаларында 6 ай емделіп, кейін соғыс мүгедегі ретінде елге қайтқан.
Ардагер Ұлы Отан соғысында ең ірі шайқас есептелген Сталинград түбіндегі ұрыста жеңіске жеткендерін мақтанышпен айтып жүреді. Соғыстағы қызметтері үшін бірнеше медальмен марапатталған.
Соғыстан кейін өз ауылында жұбайы Қаратай әжемен өмір сүрген. Шақпақата ауыл шаруашылығында бригадир, жылқышы қызметін атқарған. 1 ұлы, 7 қызы бар. Немере, шөбере сүйген.
Авторы: Ешжанова Сауле Амановна