Жақышұлы Шаяхмет (1918 - 1999 жж.)
Жақышұлы Шаяхмет 1918 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келген. Оның өмірі Кеңес үкіметінің құрылған тарихымен біртұтас басталады. 1938 жылы қыркүйек айында әскер қатарына алынып жапон-орыс соғысында 222-атқыштар полкінде, жапон жерінде Халкин-Гол әскери шебінде 1940 жылдың қыркүйек айына дейін мерген болып қызмет етті. 1941 жылдың шілде айында қайтадан Челябинскі қаласына әскерге шақырылады. 1941 жылдың шілде айынан тамыз айына дейін 116-атқыштар полкінде де мергендігімен көзге түседі. Қан майданда Отан үшін от кешкен отты жылдарда алғы шепте жүріп 1942 жылдың қаңтар айында қатты жарақат алады. Дала әскери госпиталінде емделіп, қайтадан ұрыс алаңына Брест қамалын, Украинаны, Ленинградты қоршаудан азат ету майдандарына қатысып, 1943 жылдың соңында тағы да қатты жарақаттанып, еліне жаралы жауынгер болып оралды.
Елге оралысымен денесіндегі мина жарақаттарына қарамай, тыл еңбектеріне араласып, бейбіт өмірді қалпына келтіру жолында ауыл еңбеккерлерімен бірлесіп еңбек етеді. 1947 жылы әжеміз Зейнеш Бәйтемірқызымен отау құрып, өзінің майданнан оралмай қалған аға-бауырларының бала-шағаларын қамқорлығына алып, сол кездегі ағайын-туыстарының береке-бірлігіне ұйытқы болып, екі ұл, төрт қыз өсіріп жеткізді.Сол кездегі өзінің қамқорлығына алып жетім бала, жесір ана болған ағайын – туыстарының бала – шағаларын ешқашан шаршамай, тәртіпті, тәрбиелі болып өсуін өзіне міндет етті.
Сол бір ағайын алдындағы міндетінің кепілі ретінде барлығының атын өшірмей, шаңырақтарын шайқалтпай, қатарға қосты.
Біздің әулетіміз үшін ең үлкен мереке – Ұлы Жеңіс күні. Бұл мейрам әр жыл сайын атамыздың туған күні ретінде атап өтіледі. Өйткені ол – соғыстан аман оралған солдат.
1998 жылы 9 мамыр күні атамыздың 80 жасқа толу мерейтойын атап өттік. Ал ардагер ата 1999 жылдың қараша айында өмірден өтті. Бұл – менің нағашы атам жайлы айтатын қысқаша ғана естелігім.
Авторы: Жаңыл Жақышева