Абдуллаев Тұрдымұрат (1914 - 2000 жж.)
Абдуллаев Тұрдымұрат 1914 жылы Түркістан облысына қарасты Хантағы ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына 1942 жылы барып, 1943 жылы соғыста алған жарақатына байланысты ІІ топтағы мүгедек болып елге оралды. Соғыста пулеметші болып Украина жерінде немістерге оқ жаудырған. Ардагер ата майдан кезінде неміс пулеметшісін қолға түсіргенін, қаншама жауынгердің оққа ұшқанын зор күйзеліспен айтып отыратын.
Тұрдымұрат ата қалай жараланғанын айтып отыратын. Соғыстың бір күнінде немістерге «Максим» пулеметінен оқ жаудырып жатқанда оқ таусылып қалады. «Жаңа оқтары бар лентаны ауыстырмақшы болып орнымнан тұрғанымда бел тұсымнан жаудың оғы тиіп, құлап түстім. Бір есімді жинағанда білгенім: санитарлар белімді байлап, арбамен басқа да жаралы жауынгерлермен бірге госпитальға апара жатыр екен», – деп өткен өмірін еске алатын. Госпитальда наркоз беріп, операция жасапты. Сонымен онда үш ай емделгеннен кейін арнайы комиссияның шешімімен ІІ топтағы мүгедек деп 1943 жылы елге қайтарыпты.
Жауынгер ата соғыстағы жауынгерлігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен, ҰОС жеңісіне арналған ордендермен, медальдармен марапатталған. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, олардан тоғыз немере, бір шөбере сүйді.
Ұлы Абдуллаев Мұратбек ауыл әкімі болып жұмыс істеді. Ол – «Кентау қаласының құрметті азаматы» атағының иегері. Келіні Абдуллаева Зейне – ардагер ұстаз. Қызы Абдуллаева Пернеш – ұл-қыздарынан немере сүйіп отырған алтын құрсақты ана, зейнеткер.
Тұрдымұрат ата елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілей отырып: «Енді соғыс болмасын, біз көрген қиыншылықтарды сендер көрмеңдер», – деп отыратын. Елдің ардақты қариясы ретінде жастарға біҰлылімді, әдепті, тәрбиелі болу туралы көп айтатын.
Атамыз 2000 жылы 2 қаңтарда дүниеден озды. Тұрдымұрат атаның иманы өзіне серік болып, жаны жәннәтта болсын!
Авторы: ұлы Мұрат Абдуллаев