Сүлейменов Файзулла
Ұлы Отан соғысының ардагері Сүлейменов Файзулла 1922 жылы 10 сәуірде Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Иманақ тауының етегіндегі Жеткіншек ауылында дүниеге келген.
Әке-шешеден жастай жетім қалған ол Петропавл қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленді. Сол қаладағы педагогикалық техникумды оқып бітіріп, 1939 жылы туған жеріне оралып, Бірлік колхозына қарасты Баз мектебінде ұстаздық еңбек жолын бастады. Ұстаздық еңбекке енді-енді араласып, шәкірттерімен терең ұғыныса бастаған кезде КСРО одағының шекарасына неміс фашистері тұтқиылдан шабуыл жасағаны туралы суық хабар келіп жетті. Ел шетіне жау тигенде «Отан қорғау – әрбір азаматтың міндетті борышы» екенін сезінген Файзулла Сүлейменов 1941 жылдың қараша айында алғашқылардың бірі болып соғысқа аттанды.
Қысқа мерзімдегі әскери дайындықтан өткен соң, 112-гвардиялық дивизияның миномет атқышы болып қанды майданға араласады. Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, Кеңес Одағының маршалы К.К.Рокоссовский басқарған Сталинградты қорғау майданына, сондай-ақ жау қоршауынан азат ету шайқастарына қатысып, өлім мен өмір бетпе-бет келген қиын-қыстау кезеңдерде үнемі ерліктің, батылдықтың, жанқиярлықтың үлгісін көрсетіп, бірнеше рет жау оғынан, снаряд жарықшағынан жараланса да госпитальде емделіп шығып, қайта майдан ошағына аттанып отырды. Соғыста жүріп 1943 жылы КП қатарына қабылданды, 1945 жылы омырауына Ұлы Отан соғысының I және II дәрежелі ордендерін тағып, басқа да медальдер мен марапаттауларды алып, жеңіс туын желбіретіп елге оралды.
Одан кейін өзінің сүйікті ісі ұстаздық қызметпен айналысты. Еңбек ете жүріп, Қарағанды педагогикалық институтының тарих факультетін бітірді. Ұзақ жылдар «Жаңа талап» мектебінің директоры болып жүріп, елдегі қоғамдық жұмыстарды қоғам игілігі үшін белсене атқарды. Оның еңбегі жоғары бағаланып, «Қазақ ССР-ның оқу ағарту ісінің үздігі», «КСРО Халық ағарту ісінің үздігі» белгілері мен «Еңбек Қызыл ту ордені» және Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің медальдері мен грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар жергілікті жерде жаңалықтың жаршысы болып, аудандық «Жаңаарқа», облыстық «Орталық Қазақстан» және Одақтық «Правда» газеттерінің штаттан тыс тілшісі болды.
Жерлестеріне әр істе ақылшы ұстаз, ел жұртының қамын ойлаған қамқоршы, ел ағасы бола білді. Аяулы жары Зүлфия Қалмағанбетқызы да соғыс кезінде Целиноград қаласындағы насос жасау заводында оқ дәрі жасау цехында жұмыс істеген. Соғыстан соң бас қосып, отау тіккен екеуінің жанұясында Бота, Рымжан, Бахыт деген қыздары өмірге келді. Жанашыр азамат әке-шешесінен ерте жетім қалған жиендері: Рымбек, Сағат, Жанатты да асырап алған. Тағдыр тауқыметі басқа түсіп, аяулы жары 1965 жылы дүние салды. Одан кейін бас қосқан жары Тамарадан Сағыныш, Сағынтай, Қуаныш, Жұлдыз есімді ұл-қыздары дүниеге келді. Қазір осы артында қалған балалары, немерелері, шөберелері үлгі етерлік із қалдырған әке жолын әрдайым есте ұстайды.
Авторы: Ботагөз Файзулла