Телеканал Хабар

Абдулпаттаев Айдар (1910 - 1943 жж.)

Абдулпаттаев Айдар (1910 - 1943 жж.)

Абдулпаттаев Айдар – өз жері үшін, елі үшін, халқы үшін жанын берген батыр, оқытушы, мектеп меңгерушісі, Тереңөзек атқару советінің штаттан тыс инструкторы.

Абдулпаттаев Айдар 1910 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек советіне қарасты Қызыл орақ колхозында туған. Айдар ата Өзбекстанның Бұхара қаласында білім алып, 13 жасында мешіт ұстаған. Сол кездері халық атамызға «Қари»деген атақ берген. Қари – Құранды оқу ережелеріне (тәжуидке) сай оқитын діни қызметкер.

1942 жылы Айдар ата Ұлы Отан соғысына шақырылып, ел алдында парызын өтеуге жолға аттанады.

Атамыздың соғыста жазылған хаттарынан үзінді: «Анамыз Науша, інілерім Сапи, Сайпүлла, Баграш, жеңгеміз Бибігүл, жолдасым Үмбіш, тегіс аман сау боларсыздар. Менің де денім сау, бүгін Отан соғысының қызу майданына кірдім. Мені сұраған туған туысқандарға тегіс сәлем. Өзімнің мамандығым минометчикболып қаруландым. Әдіріс белгісіз. Барлық жолдастарым орыс, украин, жалғыз мен қазақ. Барлығымыз туған кісінің баласындаймыз…» делінген.

Екінші бір хатында: «Құрметті анамыз Науша, жеңгеміз Бибігүл, інілерім Сапи, Сайпүлла, Баграш, маған сұлу Үмбішке менен құрметті салем. Ахуал білмек болсаңыздар, бүгін 21/IX барлық киім-кешекті жаңадан алып,  төрт қазақ екі орыс жолдаспен Старабольс қаласындағы штабқа қарай аяқ бастық... »

Ендігі бір хатта: «... Менде 22/XI күні фронтқа қарай бет алып жүріп едім 13/ХII қосымша полкке келіп, ашылған командирлік оқуға алды. Қанша күн оқитынымыз белгісіз. Көп болса бір жарым немесе бір ай... » деп жазылған (орфографиясы сақталған).

1943 жылы қазан айында хабарсыз кеткен.